Қымбатшылық жөнінен көш бастап тұрмыз – ЕАЭО статистикасы

Қымбатшылық жөнінен көш бастап тұрмыз – ЕАЭО статистикасы
Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ең үлкен көрсеткішке ие болып отыр. 2020 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша тауарлар мен қызмет бағасының өсімі 5,6 пайыз болған. Бұл – ЕАЭО статистикасындағы ең жоғары өсім, – деп жазды aikyn.kz.
Сонымен, Беларусьте тұтыну бағасы бір жыл ішінде 4,7%, Қырғыз Республикасында – 3,2%, Ресейде – 2,4%, Арменияда 0,2 пайызға қымбаттаған. ЕАЭО бойынша инфляция 2,8% болды.
Азық-түлік тауарына келсек, 2020 жылдың қаңтарында Қазақстанда баға 9,2 пайызға көтерілген. Ал Қырғыз Республикасында көрсеткіш 5,6% болса, Беларусьте – 4,1%, Ресейде – 2%. Бұл орайда Арменияда азық-түлік керісінше 1,1%-ға арзандады.
Сондай-ақ азық-түлік емес тауарлар құны жөнінен де Қазақстан одақта алғашқы орынды (5,2%) бермей келеді. Баға Беларусьте 3,7% құраса, Ресейде – 2,5%, Арменияда – 1,7%, Қырғыз Республикасында 0,5% құрады.
Бұған қоса, ақылы қызмет құны Қазақстанда бір жыл ішінде 1,4%-ға қымбаттаса, Беларусьте – 7,2%, Ресейде – 2,8%, Арменияда – 1,2%, Қырғыз Республикасында – 0,8% деңгейінде болды.
Айта кетейік, былтыр инфляция көрсеткіші бойынша да Қазақстан 5,4 пайызбен ЕАЭО-да алдыңғы орынға шыққан. Ол кезде көрсеткіш Беларусьте – 4,7%, Қырғыз Республикасында – 3,1%, Ресейде – 3%, Арменияда 0,7 пайыз болды.