337
Стамбұл әуежайындағы ұшақ апатының себебі жарияланды
Стамбұл әуежайындағы ұшақ апатының себебі жарияланды
5 ақпанда Стамбұл әуежайында апатқа ұшыраған Pegasus әуе компаниясы ұшағының қара жәшігіндегі деректерді сараптаған мамандар апатқа адам факторы және табиғаттың қолайсыздығы себеп болған деген тұжырымға келді. Бұл туралы Cumhuriyet басылымы хабарлады.
Измирден Стамбұлға бет алған ұшақ әуежайға қонар кезде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, үш бөлікке бөлінген еді. Түркия денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, апат салдарынан 3 адам қаза тауып, 179 адам жарақат алды.
Ұшақтың қара жәшігін зерттеуге алған АҚШ азаматтық авиациясы Федералды басқармасының Неміс федералды тергеу бюросы және Boeing компаниясы мамандарының қорытындысына сәйкес, «апатқа бірнеше фактор әсер еткен, оның ішінде ұшқыштың да кінәсі бар».
Диспетчер түрік тілінде бұған дейінгі ұшақтар басқа әуежайға қону туралы шешім қабылдағанын жеткізген. Алайда екінші ұшқыш, Голландия азаматы айтылған ескертуді түсінбеген. Қонар сәтте ұшаққа найзағай түскен және екі ұшқыш та құрылғыларды мұқият бақылап, әуе кемесінің қалыпты қозғалысын жоғалтпауға күш салған. Бірнеше секунд бұрын басқа ұшақтың сәтті ұшып кеткенін көрген ұшқыштар ұшу-қону жолағындағы жағдай қалыпты деп түсінген.
Желдің жылдамдығы қатты болғанына қарамастан, ұшақ сәтті қонған. Алайда ұшу жолағының соңына жетіп қалғанда шасси алдыңғы ұшақтардың дөңгелегіндегі протекторлардан қалған тайғақ ізге түскенде әуе кемесін тоқтатуға тежегіштің қауқары жетпеген.
Қону жолағынан шығып кеткен ұшақ еңіске түсіп, төмен құлдилаған. Бетон бекініске соғылып, үшке бөлінген.