1582
Мұхтарбай Өтелбаев: Профессор болсам да, бірінші сыныпқа математика оқулығын жаза алмаймын (видео)
Мұхтарбай Өтелбаев: Профессор болсам да, бірінші сыныпқа математика оқулығын жаза алмаймын (видео)

– Халықаралық PIAAC зерттеуі Қазақстанда ересектердің математикалық сауаттылығы мен оқу деңгейі өзге елдермен салыстырғанда төмен деңгейде және халық математика бойынша алған білімдерін өмірде қолданбайды деп тұжырым жасаған. Осы зерттеу нәтижесімен келісесіз бе?
– Математика білімін бірден өмірде қолданудың қажеті шамалы. Ал техникалық білімдерді қолдануға болады. Математикалық білім – ол халықтың интеллект деңгейінің ең басты көрсеткіші. Интеллектісі жоғары халықтың алға озатынына сөз жоқ. Бүгінде халықтың интеллект деңгейі жоғарылап келеді.
Мысалы, бізде «Мәңгілік ел» болу деген мақсат бар, бірақ бұл қиын мәселе. Математикалық тұрғыдан болжам жасасақ, мәңгілік ел болу үшін ең басты параметр орындалуы керек. Ол – халық санының өсуі. Мысалы, 100 жыл бойы өсетін халық 100 жылдан кейін өсуін тоқтатуы мүмкін. Біз ең соңғы өсімтал халықтың бірі болуымыз керек. Халық саны өспесе, жұтылып кетеміз. Өкінішке қарай, біздің тіліміздің де сақталу заңдылығы өте төмен. Осыдан бірнеше жыл бұрын 100-150 жылдан кейін қандай ұлттар мәңгі ел болып сақталатыны туралы ағылшындардың зерттеуін оқыдым. Қазақ халқы бұл тізімге енбеген, шешен ұлтын көзім шалып қалды. Кей халықтың не себепті тізімге енбегенін жазады. Мысалы, Африканың көптеген халқы тілінен, мәдениетінен ажырайды екен. Қазақ халқының жер аумағы үлкен, бірақ халық саны аз және тілін қолданыста ұстамағандықтан жоғалып кететін халықтардың қатарында деп жазып қойған. Себебі тілін қадірлемеген халықтың рухы төмен деп тұжырым жасайды. Болжам жасаған адамның жағы қарыссын дейміз, бірақ ойласаң қорқынышты.
Қазір қолданып жүрген дауысты аудармашының (голосовой переводчик) қазақша базасын жасауымыз керек. Адамның тіл білу мүмкіндігі шектеулі, ал компьютерге әлемдегі 6 700 тілдің сөздік қорын сыйдыра аласыз. Дауыстық аудармашы 20 жыл өткеннен кейін кез келген маман аудармашыдан әлдеқайда жақсы аударатын болады. Бір мысал келтірейін, 1978 жылы шахмат ойнайтын бағдарламаны жасап шығарды. Сол кезде адамдардың көпшілігі «Ол бағдарламаны кез келген адам жеңеді, ешқашан да компьютер адамды басып озбайды» деп соққан. Бірақ қазір компьютердегі бағдарламаны жеңе алатын адам жоқ, тіпті 1 000 жылға дейін туылмайды да. балаларға ағылшын, орыс тілін қосымша оқуға көп уақыт пен ақша кетіп жатыр. Екі жылдың ішінде 100 ғалым отырып аударма жұмысымен айналысып, әзірге қазақ-ағылшын, қазақ-орыс, қазақ-түрік, қазақша-араб, қазақша-қытай тілдерінің аудармасын жасап шығарса керемет болар еді. Біз жер бетіндегі барлық халықпен өз ана тілімізде сөйлесе алатындай жағдайға жетер едік. Егер де бізде мұндай дауысты аудармашы болмаса, біз артта қалған сорлы халыққа айналатынымызға, ұлт ретінде ыдырап кететінімізге кепілдік беремін.
– Бүгінгі ғылымның дамуына көңіліңіз тола ма?
– Еліміздегі ғылымның осы дамығаны жеткілікті деп тоқмейілсудің қажеті жоқ. Өйткені бүгінде ғылым мен технология үлкен жылдамдықпен дамып жатыр. Ғылымсыз, сөз жоқ, халық артта қалады. Ғылымның үлкен жаңалығын дұрыстап пайдаланған халыққа ол көптеген жақсылық әкеледі. Кімде-кім ғылымның жаңалығын дұрыс пайдаланбаса, ал сол халыққа қарсы жұмыс істей бастайды. Өйткені ол ғылымның жаңалығын басқа ел пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан біз ғылымның кез келген үлкен жаңалықтарын жабыса кетіп пайдалануымыз керек.
Елімізде ғылымға көңіл бөлініп жатыр, бірақ жемқорлық және жалған ғалымдар ғылымның бірінші жауына айналып отыр. Олар ғылымның дамығанын қаламайды, себебі «қылмысы» ашылып қалады. Осылайша өзінің нанын тауып жеу үшін автоматты түрде ғылымға қарсы қимылдарды амалсыздан жасай береді. Тіпті, жас кезінде ғылымды дамытсам екен дегендердің өзі осындай жағдайға жеткеннен кейін өзіне-өзі дұшпанға айналады. Бүгінгі ғылым өзінің даму жолында осындай кедергіге тап болып отыр.
Мен бір мысал келтірейін. Осыдан он шақты жыл бұрын маған бір жігіт «Ағай, мен докторлық диссертациямды қорғайын деп едім» деп келді. «Диссертацияңды әкел, көрейін» дедім. Ертеңіне жолығып, «Балам, мына жұмысың доктор болуға жарамайды екен. Екеуміз де ұятқа қаламыз» дедім. Ол «Сіз не айтсаңыз да ғылыми кеңес істейді ғой» деп жалынып қоймайды. Мен «Жоқ, болмайды» дедім. Өзі былай жақсы адам. Мәскеуде оқып жүргенде ұстаздарымыз «Хороший ученый хорошим парнем не бывает» деп айтатын. Ол маған жалынады, мен өкпелеп қалмасын деп оған жалынамын. Әйтеуір оны көндірдім, бірақ ол кетерінде маған «Мен бәрібір не педагогика, не информатика, не экономика ғылымы бойынша қорғаймын. Ол салаларда математика сияқты кедергі жоқ» деп айтты. Жарты жылдан кейін келіп тұр. Бұрынғы докторлық диссертациясын қорғап алыпты. Ең қызығы, жоғарыда аталған педагогика, информатика, экономика емес, математика ғылымы бойынша қорғаған. Көршілес республикадан қорғапты, өзінің айтуынша ол жақта математикадан қорғау бұл жақта педагогика, информатика және экономика ғылымдары бойынша қорғаудан әлдеқайда «арзан» екен.
Тағы бір мысал. Жақында менің шәкіртімнің шәкірті халықаралық журналға жақсы мақаласын шығарды. Мен қуанып құттықтадым. Он шақты күн өтпей өзімнің тікелей шәкіртім маған келіп «Шәкіртім менің мақаламды айна-қатесіз көшіріп алыпты» деді. Ол мақала баяғыда Қазақстанның бір журналына шыққан екен. Шәкіртім екеуіміз оған «мынауың ұят қой, мұның не?» десек, ыржың-ыржың етіп күледі. Ауызша кешірім сұрады. Сосын мен «Газетке жазып ресми түрде кешірім сұра. Сенің кешірімің плагиаторларға әсер етер, басқалар да ойланып, ұяла бастайды» десем, «Плагиаторлар көп қой, онда ана ректор сұрасын, мына министр сұрасын» деп плагиаторларды түгендеп, көнбей қойды. Өзі плагиатор болғанына қарамай, тағы бір жігітті авторлас етіп қосып алыпты. Өкінішке қарай, осындай ұры ғалымдар көп. Үлкен қызметтегі, атағы дардай адамдардың талайы сондай. Сен плагиаторсың десең, артыңа түсіп алады екен.
– Плагиаторлармен қалай күресу керек?
– Плагиаторларды анықтайтын антиплагиат деген бағдарлама бар. Бірақ бүгінде кез келген бағдарламаны алдап соғу оңай. Қазір студенттер де, жалған ғалымдар да ондай бағдарламаны оп-оңай алдайды. Себебі формуланы кішкене ғана қисайтып, сөйлемді өзгертіп немесе теоремасын, нәтижесін бөлектеу етіп жазса жұмысы таза болып шыға келеді. Антиплагиат бағдарламасы ғылыми жұмыстың мағынасын толық қарай алмайды. Бүгінде интернет плагиатордың қайнар көзі болып тұр.
Министрлер ғалымдарға, ректорлар мен проректорлар студенттерге плагиатор болмаңдар деп айғайлайын десе, өздері плагиатор. Қазір студент кімнің плагиатор, кімнің жалған ғалым екенін біледі. Плагиатордың педагог болуға құқы жоқ. Бұрынғы замандарда плагиаторлар жақсылап тұрып жауап беретін. Плагиаторлармен қалай күресетінімізді білмеймін, бірақ бара-бара бір амалы табылатын шығар деп ойлаймын.
Бізде көптеген ғылым саласының дамуы нашарлап кетті, оны мойындауымыз керек. Ғылыми кеңес жабылды, одан диссертация сату деген орын алды. Осы диссертация сатудан аман қалған тек математиктер. Өйткені бұл мәселемен ғылымның басы-қасында жүрген Ө.Сұлтанғазин, Т.Кәлменов секілді таза, бірбеткей адамдар күресті. Кезінде информатика бойынша ішінде іліп алары жоқ, ештеңеге тұрмайтын диссертациялар қорғалды. Педагогика бойынша Кеңес өкіметі құларда бір-ақ ғылым докторы бар еді. Қазір олардың саны математика докторларының санынан 1-2 есе көп болып кетті. Себебі кім көрінген қорғай бастады. Педагогтер біздің математиктерге келіп «Сен бізден қорға, мен жетекші болам, көмектесем» дейтін. «Жаман доктор болғанша, жақсы кандидат болып жүргенім жақсы» деп қорғамағандар да болды.
– Бір сұхбатыңызда «шетелден келген қандастарымыздан мықты математиктер шығады» депсіз. Болашағынан үміт күттіретін жас ғалымдардан кімдерді атай аласыз?
– Қандастарымыз орысша жақсы білмейді, сондықтан компанияларға жұмысқа кіре алмайды-ау деймін. Сосын амалсыздан ғылыммен айналысып жүр. Қытайдан келген бір шәкіртім бар. Тәп-тәуір математик болып жүр, бұйыртса жақсы жұмыс істейтін сияқты. Дурвудхан Сұраған деген Моңғолиядан келген математик бала бар. Қазақстанның оңтүстігінен, Өзбекстаннан келген балалардың біразы өте жақсы математик болып өсіп келе жатыр.
1990 жылы Қытайда өткен математиктердің Дүниежүзілік конгресінде әлем бойынша көрнекті математиктердің тізімі жасалды. Сол тізімге қазақтың 15-20 математигі енген болатын. Бұл деген біз үшін өте жоғары көрсеткіш, адам басына шаққанда біз Еуропаның талай халықтарынан, орыстардан да озып кеттік. Ал қазір кейіндеп қалдық. Математикамен айналысатын Сұраған сияқты жастарымыз көбеймей жатыр. Бірақ Олимпиадаға барған балалар жақсы орын алып келіп жатыр. Олимпиадаларда жақсы көрсеткішке жеткен 20-30 балаға шетелдіктер жабыса кетеді. Осы күні өздерін менеджерміз деген біреулер пайда болыпты. Бір жолы Олимпиадаға депутаттар келді, оларға ілесіп бизнесмен сияқты біреу келді. Ол балалардың алдына шығып алды да «Үздік орын алғандар маған келіңдер. Шетелге барып оқимын деген балаларға грант алып беруге көмектесемін» деп бірнеше елдің атын атады. «Кімнің ақшасына оқиды?» десем, «шетелдің ақшасына оқиды» дейді. Оқыған ақшасын қайтару үшін сол жақта кемінде 5 жыл жұмыс істейді ғой, ал шетелдіктер жақсы оқитын баладан өлсе ажырамайды. Сол менеджермен бірталай айтыстым. Бір депутат оны қолдап «Балалар шетелге кеткенімен, сол жақтан үйреніп түбінде бір күні елге қайтып келеді» деп қояды. Бес жылдың ішінде немістің немесе француздың қызына үйленеді де, сол елде қалады. Тіпті, оның басының, миының күші ғана емес, белінің күші де сол жаққа кетеді.
Осындайда менің есіме бір профессор түседі, ол шетелде жүріп-жүріп, зейнет жасына келгенде жұмыстан шығып қалған соң елге қайтып келді. Бұл 2002 жылдар шамасы. Бір университеттің ректоры «Келсең студенттерді оқытасың, кейін ел қатарлы үй аласың» десе, «маған 3 мың доллар айлық керек» деп сұрапты. Ол жылдары ондай айлық ешкімнің түсіне кірмейтін. Ректор «Менде ондай жағдай жоқ, бере алмаймын» дейді. Әлгі профессор өзінше өкпелеп кетіп бара жатыр. «Өкпелейтін жөнің жоқ, барлық күшіңді шетелге бердің, ең құрығанда бел күшіңді қазаққа бермедің» дедім кетерінде. Бірақ ол қайта айналып келіп екі жыл Алматыда жұмыс істеді де, шетелге қайта кеткен. Енді Ресейге келіп жұмыс істеп жүр екен. Шетелге кеткен адам оңайшылықпен қайтып келмейді. Кейбіреулер балаларының шетелге кеткенімен мақтанады. Әрине, 2-3 жыл оқып, тіл үйреніп келуге болады. Бар білімді осы жерден алып, сол жаққа тайып тұру дегенге қарсымын. Бірақ бұл заманда жұрт тіл алмайды ғой. Үлкен шенеуніктердің балалары шетелден үй алып, кетіп жатыр. Олар халыққа онша жақсылық істегісі келмейтін болуы керек, сондықтан олардың кеткені де дұрыс шығар.
– Ғалымдар математикалық есептердің шешімін табу бойынша жиі бас қосып тұра ма?
– Бүгінде қаптаған жеке оқу орындары ғылымға көп зиянын тигізіп жатыр. Бұрын Алматыдағы Математика институтында ғалымдардың басы жиі қосылатын, бетпе-бет әңгімелесіп, семинар өткізетін. Себебі көптеген ЖОО-лар профессорлар құрамын таратып алды. Мысалы, атом бомбасы жарылу үшін оның массасы 1 кг-нан асуы керек. Ал 1 кг-ды екіге бөліп, арасын алыс қойсаң, ол жарылмайды. Ғалымдардың бас қосып, семинар өткізуі де осы сияқты құбылыс. 3-4 профессор бір аудиторияда студенттермен жиналып есептің шемімін табу жолдарын талқыласа, сыни жиынтық пайда болады. Мықты профессор өзінің білгенімен жүре берсе, ақырындап сөне береді. Қазақтың жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас дейтіні осы.
– Қазақстандық математиктердің халықаралық журналдарда жарияланған ғылыми мақалаларымен танысып отырасыз ба?
– Қазақстан шетелдік журналдарда ғылыми мақала жариялау бойынша математиктер басына шаққанда біз алдамыз. Математика институтының ғылыми мақалаларының саны шетелдіктермен тең түсіп отыр. Жалпы өзімізден шығатын халықаралық журналдардың деңгейін көтеруіміз керек. Деңгейін шетелдік журналдарға жеткізудің бірден-бір жолы ағылшын тілінде жариялау болып отыр. Себебі оған жасалатын сілтеме көбейеді, сілтеме көбейсе журналдың деңгейі жоғарылайды. Қазір орысша жазған мақалаға көп сілтеме жасалмайды. Себебі ағылшын тілін қолданатын ғалымдар саны орыс тілін пайдаланатын ғалымдар санынан 40-50 есе көп болып отыр.
– Қазіргі ата-аналар мектеп бағдарламасындағы математика пәні қиын, есептер өте күрделі дейді. Расында солай ма?
– Баяғыда мектепте бір жыл сабақ бергенім бар. Сонда балалардың жартысы зейін салып оқып, түсіне алатын, ал қалған жартысы қанша түсіндірсең де түсінбейтін жағдайда еді. Қазір де солай. Балаларға математиканы оқытқанда не оқыту керек екенін әлі біліп жатқанымыз жоқ. Мен профессор болсам да 1-сыныпқа оқулық жаз десе, жаза алмаймын. Өйткені нені үйрету керек екенін білмеймін. Менің бір білетінім, балалар оқулықтағы материалдың бәрін біліп шығуы шарт емес. Математикадан қалатын нәрсе – ол ойлау әдістері. Математика баланың ойлау қабілетіне әсер ететіндей жағдайда болу керек.
Ал «математика қиын» дегені соншама қиын емес, өйткені қазіргі балалар дұрыстап сабақ оқымайды. Екіншіден балалар білімді интернеттен алып жатыр. Кей балаларға мектепте оқығаннан үйге келіп интернеттен көшірген оңай.
– Бала үшін мектепте білім алу маңызды ма, әлде тәрбие алу ма?
– Әлбетте тәрбие. Менің ойымша ең бірінші кезекте балаға адамгершілігі жоғары деңгейде болатындай етіп тәрбие беру керек. Тәрбие алмасаң білім зиян болып шығуы мүмкін. Тәрбиесі жоқ адамда ешқандай тұрақты білім болмайды. Тәрбиесі жақсы, адамгершілігі мол бала болашақта қандай білім алған болса да жақсы адам болып қалады. Ал математиканы жаттап алғанмен өзі хулиган болса, түкке пайдасы жоқ.
Елге, халыққа қызмет ететін адамға мінез бен білім, күш-қуат керек. Білімсіз адам президент болса, министрлер алдап не болса соған итермелеп қор қылады. Менің ректор, директор болуға білімім жетеді, бірақ күш-қуатым аз. Мен сияқты жарамайтын шалдардың көбісі қызметте отыра бергісі келеді. Ол, әлбетте, дұрыс емес.
– Математик ретінде қоғамда қандай мәселеге алаңдаулысыз?
– Қазақ ұлт ретінде сақталып қала ма, әлде жұтылып кете ме деген мәселеге қатты алаңдаулымын. Жоғарыда ағылшындардың болжамын айттым ғой. Олардың айтуы бойынша қазақ халқының рухы төмендеп кеткен, құлдық мінез, өзге ұлтқа табыну айрықша байқалады. Егемендігі бола тұра 100-200 жылдан кейін жұтылып кететін халық деп болжам жасаған. Бұрын бір орыс отырса жиналысты орысша жасаушы едік, қазір қазақтар жиналып алып орысша сайрап отырамыз. Міне, осыдан соң тіл жұтылмай қайтсін. Тіл жұтылса – ұлттың жұтылуы да алыс емес.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ