581
Бейбіт жиын һәм бейберекетсіздік
Бейбіт жиын һәм бейберекетсіздік
Өткен аптада Ақпарат және қоғамдық даму вице-
министрі Данияр Исин Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасының тұжырымын таныстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген құжат қоғамның ашық талқылауына ұсынылды. Заң жобасын жетілдіріп, кем-кетігін толықтыру мақсатында министрліктің жұмыс тобы Ұлттық кеңестің мүшелерімен, сарапшылармен, заңгерлермен, құқық қорғаушылармен, БАҚ өкілдерімен кездесті, пікір алмасты. Бірақ бұл талқылаудың соңы емес. Үкімет халық үніне құлақ түріп, сын-ескертпелер мен ұсыныстарды жан-жақты саралайтын болады.
Бұқаралық жиындарды реттеудің жаңа тетігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыркүйегінде халыққа жариялаған Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын. «Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады», – деді Мемлекет басшысы. Ал желтоқсанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде митингтерді ұйымдастырудың алдын ала ескерту принципін енгізу керегін мәлімдеді. «Митингтерді ұйымдастырудың ескерту принципін енгізуге кірісу керек. Митингтерді өткізуге болады, егер де олар заңды, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі келтірмесе. Бұл – менің түбегейлі ұстанымым», – деді Президент. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленген құжатта бейбіт жиындардың барлық формасы нақты айқындалып, арнайы орындарды анықтау бойынша мәслихаттар құзыреті белгіленген. Сонымен қатар «ұйымдастырушының мәртебесі», «қатысушы мен байқаушы мәртебесі» түсініктері, олардың құқықтары мен міндеттері қамтылған. Қолданыстағы митинг өткізу туралы заң 1995 жылы қабылданған. Бұл құжат бойынша бұқаралық жиындарды реттеу регламенті мәслихаттардың құзырында. Сол себепті әр аймақ әртүрлі талап ережеге бағынып келді. Ал жаңа заң жобасы бейбіт жиын өткізудің барлық аймаққа бірыңғай ережесін міндеттейді. Сондай-ақ «бейбіт жиналыс», «митинг», «пикет», «демонстрация», «шеру» сияқты ұғымдардың аражігін ажыратып береді. Құжатта бейбіт жиынды өткізу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілген. Мәселен, жиынға қатысушылар саны 250 адамнан аспаса, Ішкі істер органдарынан рұқсат алудың қажеті жоқ. Құжатта бұқаралық жиын өткізуге болмайтын жағдайлар да айқындалған. Мысалы, бейбіт жиналыстар үшін балама орын ұсыну құқығы қарастырылған. «Біз ұсынып отырған заң жобасы – 1995 жылы Қазақстанда қабылданған заңды алмастырғалы отырған жаңа құжат. 1995 жылғы заңда 12 бап болса, жаңа заңда 21 бап қарастырылып отыр. Біріншіден, бейбіт жиындардың заңнамалық базалық қағидаттарын енгізбекпіз. Екіншіден, заң жобасына анықтамалық аппарат енгізіледі. Сондай-ақ заңға мемлекеттік органдардың құзыреті енгізіліп, бейбіт жиын өткізуге болатын орындар белгіленеді. Пикет, митинг, жиынға арнайы орындарда 250 адамнан аз халық қатысқан жағдайда бейбіт жиынды өткізудің хабарландыру тәртібі енгізіледі. Ал егер демонстрация, митинг, шеруге қатысушылардың саны 250 адамнан асса, бейбіт жиын өткізу үшін рұқсат алу керек болады. Сондай-ақ хабарландыру мен өтінімді қараудың нақты механизмі бекітіледі. Бейбіт жиын өткізудің насихат институты енгізіледі», – дейді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Исин.Шетелдік тәжірибеге үңілсек...
Министрліктегілердің айтуынша, құжат шетелдік тәжірибеге сүйене отырып дайындалған. Атап айтқанда, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур секілді тиімді құқықтық базаны қалыптастыра алған, бейбіт шерулер өткізу мәдениеті дамыған елдерде бекітілген талап-ережелер ескерілген. Мәселен, Франция заңына сәйкес халық шеруге шығардан кемі 3 күн бұрын жергілікті билікке ұйымдастырушылардың аты-жөні, мекенжайы, көшеге шығатын уақыты туралы ақпарат ұсынуы тиіс. Ереуілшілер көше бойымен қозғалатын болса, олардың бағыты туралы да көрсетіледі. Егер құқық қорғау органдарынан жиынды тоқтату туралы бұйрық түссе, бұлжытпай орындау керек. Оны екі рет ескерусіз қалдырса, Қылмыстық кодекспен жазаланады. Атап айтсақ, қаруы жоқ адамдар бір жыл мерзімге түрмеге қамалуы немесе ақшалай айыппұл арқалауы мүмкін. Ал бұйрыққа бағынбаған қарулы адамдар үш жылдан бес жыл мерзімге дейін қамалады. Ұлыбританияда жария шерулер мен жиналыстар өткізу мәселесі 1986 жылғы қоғамдық тәртіп туралы заңмен (Public Order Act 1986) реттеледі. Аталған құжат бойынша жария шеру өткізу туралы хабарлама жиын өтетін аумаққа жауапты полиция учаскесіне 6 күн бұрын ескертілуі тиіс. Хабарламада шеруді өткізу күні, уақыты, болжамды бағыты, сондай-ақ ұйымдастырушылардың аты мен мекенжайы көрсетіледі. Алайда полиция бұл жиын қоғамдық толқуларға алып келеді деп күдіктенсе, аудандық кеңеске шағымданады және мемлекеттік хатшының келісімімен барлық қоғамдық шараға 3 айға дейін тыйым салу туралы бұйрық шығара алады. Ал Германияда шерудің өтетіні туралы жергілікті полицияға 48 сағат ішінде айтылуы керек. Бір қызығы, бұл елде жиын өтіп жатқан жердегі тәртіпті сақтауға, демонстрацияны уақытылы тоқтатуға ұйымдастырушының өзі жауап береді. Көптің ішінен жазбай тану үшін оларға ақ таңғыш тағып алу міндеттеледі. Ресейде бұқаралық іс-шаралар кемі 10 күн бұрын жергілікті органдарға ескертіледі. Онда шерудің формасы, қашан басталып, қашан аяқталатыны және шамаман қанша адам қатысатыны көрсетіледі. Сондай-ақ Ресейде қоғамдық жиналыстар өткізу үшін арнайы орындар белгіленген. Сингапурда 2009 жылғы «Қоғамдық тәртіп туралы» Заңға сәйкес егер қоғамдық орында немесе жұртшылық өкілдері шақырылған болса, жиналысты өткізуге полицияның рұқсаты талап етіледі. Хабарлама жиынның өтетін орны, күні мен уақыты, нысаны, баннерлердің, плакаттардың, дисплейлердің немесе басқа да пайдаланылатын материалдардың саны, мөлшері туралы мәліметтер қамтылуы тиіс. Жиын барысында тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік қызметінің офицерлері тартылады. Егер шеру қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе мемлекеттік немесе жеке мүлікке залал келтіруге, әртүрлі топтар арасында өшпенділік, жеккөрушілік немесе дұшпандық сезімін тудыруға бағытталса, тыйым салынған аймақта өткізілсе, құзырлы орган шеруге рұқсат беруден бас тартуға құқылы. Жергілікті биліктің рұқсатынсыз өткізілген жиындар үшін ұйымдастырушыларға 20 мың Сингапур доллары ($14,5 мың АҚШ доллары)көлемінде айыппұл салынады немесе 1 жылға дейін түрмеге қамалады. Елде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқандарға қатаң жаза көзделген: жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және таяқпен ұру. Сондай-ақ Сингапур билігі басқа елдердегі саяси процестерді қолдау үшін кез келген акцияларды өткізуге ты-йым салады. Шетелдік азаматтарға Сингапурдағы демонстрацияларға қатысуға рұқсат етілмейді, заңнама бұзылған жағдайда визаның немесе жұмысқа рұқсаттың күші жойылады және олар мемлекет аумағынан шығарылады. Ал АҚШ-тың әр штатында өзіне тән ережелері бар. Мәселен, Вашингтонда Ақ үй аумағына барып арызыңызды айтсаңыз да, өз еркіңіз. Тек заңнан аттамасаңыз болғаны. Өйткені мұнда бұқаралық жиындарды тек Ақ үйдің алдында, Лафайет саябағы мен Эллипс аумағында ғана өткізуге болады. Бұл қатаң түрде заңмен белгіленген. Алайда Нью-Йоркте митинг немесе марш өткізуге арналған рұқсатты қалалық полиция басқармасы береді. 60 күн бұрын жиынның анық-қанығы жазылған өтініштің 3 данасы қабылданады. Бұдан бөлек, Өрт сөндіру, Санитарлық қызмет, Денсаулық сақтау басқармалары, Ғимарат департаменттері, Көлік қызметі, Салық және қаржы департаменттерімен де өзара келісім болуы керек. Болмаған жағдайда жергілікті билік шеруді тоқтатуға құқылы. Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:Кез келген мәселені өркениетті жолмен шешуге болады
– Бейбіт жиындарды өткізу туралы заң жобасының ашық талқылауға шығарылуы, министрліктің Ұлттың кеңес мүшелерімен, сарапшылармен ақылдасуы, қоғам пікіріне құлақ түріп, ұсыныстарды тыңдауы мемлекеттік басқару, заң шығару салаларында сең қозғалғанының дәлелі болса керек. Билік өкілдері халықпен санасуға дайын екенін аңғартты. Десе де, министрлік ұсынған заң жобасының шикі тұстары бар. Сарапшылар айтқан ұсыныстар бойынша құжат әлі де жетілдіріле түссе, басы артық шектеулер алынып, кем-кетігі түзелсе дейміз. Заң жобасы дәл осы нұсқада қалып қоймайтынына, азаматтық қоғамның талаптары ескерілетініне сенеміз. Қоғам белсенділері «Бәрі бекер, ештеңе өзгермейді» деген пікірлерден аулақ болған жөн. Мұндай сыңаржақ көзқарас елді алға сүйремейді, кері тартады. Ұлттық кеңес құрылғалы бері билік өзінің мақсатын, ұстанымын айқын білдіріп, диалогқа барғысы келетінін көрсетті. Бұл – бірінші қадам. Ендігі қадам – азаматтар өз талап-тілегін парасатты түрде жеткізе білуі керек. Меніңше, кез келген мәселені өркениетті жолмен шешуге болады. Бастысы, биліктің барлық буыны Президенттің тапсырмасын бұрмаламай орындаса, өзімбілемдікке салынбай, халықпен ынтымақтаса жұмыс істей білсе болғаны. Ардақ ЕРМЕКБАЕВА, экономист:Тыңдай алатын, тыңдата алатын қоғам орнатсақ – ұтқанымыз
– Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін балалардың құлағына құйып отырамын. Өйткені тәртіп болмаған жерде тыныштық, береке болмайды. Еркін қоғам деп бәріміз қызыға қарайтын Еуропа елдерінің барлығында қатаң тәртіп. Сол тәртіп ғасырлар бойы олардың өмір салтына айналғандықтан, ешқандай наразылық, түсініспеушілік жоқ. «Ашық үкімет» порталында жарияланған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы сол елдердің тәжірибесін басшылыққа алыпты. Егер құжатта көрсетілген ережелер орындалса, ел тұрғындарының қауіпсіздігіне қауіп төнбейді, құқығы бұзылмайды. Бұл заң елімізде бейбіт жиындар өткізу мәдениетін қалыптастыруға жол ашатыны анық. Қарсылықты білдіру – байбалам салу, тәртіпсіздік жасау деген сөз емес. Оның соңы жақсылықпен аяқталмайды. Талап-тілекті шекарадан аспай, заңды бұзбай, байыппен жеткізуге болады. Тыңдай алатын, тыңдата алатын қоғам орната алсақ – ұтқанымыз.