Көкшетауда 17 көшеге ұлтымызға танымал тұлғалардың есімдері берілмек. Бұл туралы Қазақ радиосының жаңалықтар қызметі хабарлады.
Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы Тілдерді дамыту ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақованың айтуынша, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссиясының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы қорытындысына сәйкес, Көкшетау қаласының бірқатар көшесіне халқымыздың танымал тұлғаларының есімі беріледі.
Атап айтқанда, Қасым Қайсенов, Әміре Қашаубаев, Талғат Бигельдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Мұстафа Шоқай, Кәкімбек Салықов, Тұрсынбек Кәкішев, Рақымжан Қошқарбаев, Ермек Серкебаев, Нұрғиса Тілендиев, Әлкей Марғұлан, Шәмші Қалдаяқов, Халифа Алтай, Сәбит Мұқанов, Еркеш Ибрагим, Әлия Молдағұлова, Ағыбай батыр есімдері беріледі.
"Республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысы бойынша бұл мәселе Ақмола облыстық мәслихатта қаралады. Шешім шыққаннан кейін әділет органдарында тіркеледі. Одан кейін 17 көше жаңа атауға ие болады", – дейді Айгүл Талпақова.
Жалпы Ақмола облысында 228 елді мекен мен 491 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген. Оларды қайта атауға байланысты ғылыми деректерге сүйене отырып түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.