14 Ақпан, 18:46 206 0 Әдебиет Арайлым Бимендиева

Қазақ әдебиеті антологиялары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды

Алматы қаласында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологияларының таныстырылымы өтті.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Тұтастай алғанда, ол тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат тұтады. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылды.

Жиынға шығармалары әлем тілдеріне аударылған авторлар мен аудармашылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысты. Басқосуда аударма жұмысы қорытындыланып, авторларға алты тілде жарық көрген шығармаларының жинақтары тапсырылды.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және оны осындай кең көлемде тарату – бұрын-соңды біздің тарихымызда болмағанын айтты. «Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат – көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді. Ол үшін ең алдымен, жобаны жүзеге асыруға 6 елдегі көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары, іргелі оқу орындары, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады», – деді Қырымбек Көшербаев.

Қазақ әдебиеті жинақтарының ағылшын тіліндегі нұсқасын Кембридж университетінің баспасы, араб тіліндегі басылымын Мысырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тіліндегі жинақтарды Сервантес институты, орыс тіліндегі антологияларды М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, қытай тіліндегі жинақтарды Бейжіңдегі ұлттар баспасы, француз тіліндегі басылымды Париждің мәдени бірлестігі дайындады. Аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 300-ге жуық маман жұмылдырды.

Жоба аясында аударма ерекшелігін талқылап, өзара әңгімелесу үшін шетелдік аудармашылар мен баспагерлердің қазақстандық авторлармен кездесуі өткізілді. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатуға әрі оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Әр антологияның таралымы – 10 мың данадан. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мыңнан аса ірі кітапхана, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар елдің барлық аймақтарына, орыс тіліндегі жинақтар 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралды.

Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat халықаралық библиографиялық жүйесіне енді. Антологияларды алған елдер мен ұйымдардан 100-ден аса алғыс хат келген. Олардың қатарында Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания білім министрі Гэвин Уильямсонның алғыс хаты бар.   

Соңғы жаңалықтар