1007
Болат Әбділманов: Мені халық Әбділмановтан бұрын «Абай» деп қабылдайды
Болат Әбділманов: Мені халық Әбділмановтан бұрын «Абай» деп қабылдайды

– Сонау 1962 жылы Ыдырыс Ноғайбаев ұлы Абайдың сахнадағы бейнесін жасады. Араға 40 жыл уақыт салып Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссерлігімен ақын рөлін өзіңіз сахнаға алып шықтыңыз. Абайдай алыптың рөлін сомдау талайға арман болғанмен, екінің біріне бұйыра бермейтіні анық.
– Оныңыз рас. Мен 1985-1992 жылдар аралығында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істедім. 1993 жылы Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы қойылып, басты рөл – Петручионы сомдауға М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрына шақырту алдым. Әкемтеатрға ауысар кезде түсіме ұстазым Ы.Ноғайбаев енді. Ұстазым қып-қызыл шоққа етті қақтап жатыр екен. Маған «мына етті әрі қарай сен қақта» деді. Осы түсімді жақсылыққа жорыдым. Сол көрген түсімдегідей Ы.Ноғайбаев ойнаған рөлдерді араға жылдар салып мен ойнап жүрдім. Ұстазым «Жаушы», мен «Жаужүрек мың бала» фильмінде Бөгенбай батырдың рөлін ойнадық. Шекспирдің «Асауға тұсауында» да Петручионың рөлін әр жылдары ұстазым екеуміз сомдаппыз. Абай рөлін 1962 жылы Ы.Ноғайбаев ойнаса, 2002 жылы мен сахнаға алып шықтым.
Менің Абайдың шығармашылығымен актер ретіндегі тікелей байланысым 30 жасымнан басталды. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеп жүрген кезімде Райымбек Сейтметов ағамыз Абайдың қара сөз, өлеңдерінен тұратын «Қалың елім, қазағым» атты поэтикалық спектакль қойған болатын. Мен аға Абайдың рөлін сомдап, ақынның өлеңдерін, қара сөздерін оқыдым. Қарап отырсам, бұл менің М.Әуезовтің «Абай» трагедиясына барар жолдағы аздаған дайындығым екен ғой. Бұл спектакльге дайындықта біраз қиналдым. Мен 30 жаста ойнаған Абай бөлек, бұл қойылым мүлдем бөлек еді. Әз-аға дайындықты менің дауысымнан бастады. «Сенің концерттегі дауысың маған керек емес, басқа дауыс ізде» деді. Одан бөлек, дайындық барысында Әбдірахманмен көріністі сезінгенмен, қанша рет айтса да, толыққанды игере алмадым. Сонда ол кісі «Сен мына керегені ұстайсың да, бүкіл трагедиямен алға қарай жүресің» деді. Мен «Әзеке, қазақта мына керегені керген деген жаман ырым ғой» деп едім, «Бұл жерде кереге деген бүкіл халықтың трагедиясы, Абай жалғыз қазақтың трагедиясын емес, бүкіл адамзаттың трагедиясын көтеріп тұр» деп бір-ақ ауыз сөз айтты. «Абай» спектакліндегі менің жүрегіме ең жақын болған және бүкіл халықтың өте сәтті шыққан жері деп айтатын көрінісінің бірі – осы Абай мен Әбдірахманның қоштасатын сахнасы болды.
– «Абайды» сахнаға алып шығудағы ізденісіңіз жайлы айтсаңыз.
– Әуезов «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым» деген. Абайды бүкіл әлемге танытқан Әуезов сөйтіп жазса, актер ретінде мен шөмішпен де қалқи алмайтын шығармын деген алдымда үлкен жауапкершілік тұрды. Өйткені әкемтеатрда 100-ден аса актер бар, олардан бөлек Абайды ойнаған актерлердің де маған сын көзбен қарайтыны айтпаса да түсінікті еді. Мен өзімді бұрынғы ойнап жүрген спектакльдерімнен бөлек басқа жағынан көрсетуім керек болды.
Абайды ойнау жолында көп іздендім, біраз кітап оқыдым. Бір күні Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» деген кітабы қолыма түсті. Сонда автор Абайдың өлеңдерінде «Мен ішпеген у бар ма?», «Ішім толған у мен өрт» деген сияқты жүрек, у туралы көп айтылады. Сол заманда қоғамға қарсы шыққан талантты адамдарды қарсыластары, бәсекелестері у беріп өлтіреді екен. Мүмкін Абай соны алдын ала біліп, біреу у берсе ағзам дайын болсын деп кішкентай-кішкентайдан у ішкен шығар деген жорамал айтады. Спектакль барысындағы ізденісте автордың осы ойы маған көп көмектесті. Егер өзінің ең сүйікті шәкірті, одан соң екі баласы бірінің артынан бірі өлсе және бүкіл қарсыластары оны соққыға жығып жатса, жәй адам мұндай қайғыны қалай қабылдайды? Ал ақын, жүрегі сезімтал адам ше? Оның үстіне адам у ішсе ше? У деген кәдімгі допинг сияқты сезімді одан сайын оятып, жүрек тебіреністері тереңнен толқиды ғой. Мен осындай тебіреністерге, толқыныстарға барып, ақынның ішкі дүниесіндегі қопарылысты көрсеткім келді, өзімнің айтатын монологтарымды тек бір жақты емес, жан-жақты жеткізуге тырыстым.
– Абайды сізге дейін де, сізден кейін де қаншама әріптестеріңіз ойнады. Бірақ сіздің образыңызды көрермен өте жақсы қабылдады, Абайдың рөлі сіздің төлқұжатыңызға айналды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– 2002 жылғы театр фестивалінде «Театрдың ең үздік актері» номинациясы маған берілді. Одан кейін театр сыншысы болған марқұм Ә.Сығай республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас қазақ» газеті мен «Парасат» журналында мен жайында ауқымды материалдар жазды. Абайдың барлық өкінген, опынған, күрсінген, күлген, тебіренген сәттерін өте нанымды шығарды дей келе, «Әбділмановқа дейінгі актерлер Абайды ойнаудан өтіп кетті. Ал Әбділмановтан кейінгілер Абайды ойнайтын деңгейге әлі жеткен жоқ» деп пікір айтты. Осы «Түркістан» газетінде Жабал Шойынбет өз ойын жазды, одан бөлек А.Сейдімбек, Д.Исабеков, Г.Серғазы, Н.Оразалин баспасөз беттерінде жақсы пікірлерін білдірді. Төкен Ибрагимов бүкіл елдің алдында «Жалпы мына Әбділмановтің ары қарап тұрғанының өзін Абайға ұқсатамын. Өйткені Абайды жеңгелері бұқамойын деп атаған. Мына жігіттің тақиясынан бастап бақайшағына дейін тура Абайдың өзі сияқты көзге елестейді екен» деп айтқаны есімде.
Мен осыған дейін 60-тан аса киноға түскен екенмін, маған арнап сценарий де жазды. Бірақ қай жерге барсам да кинодағы рөлдерімнен бұрын ең бірінші Абайды айтады. Мені халық Абай деп қабылдағанына өзімді бақытты сезінемін. Асқар деген досымның әйелі «Менің күйеуім әскерде Бөкеңмен бірге борышын өтеген» десе, «Ол қай актер?» деп сұрайды екен. Фамилиямды айтса, кейбіреулер онша танымайтын көрінеді. «Абайды ойнаған актер ғой» десе, бәрі «Ол кісіні танимыз ғой» деп шу ете қалады екен.
Мәмбетов «Абайды ойнау үшін талант аз болады, ол үшін актердің бүкіл болмысы келуі керек» дейді. Орыстар «дарынды актер болмайды, тек оң жамбасқа келетін рөл болады» дейді. Менің оң жамбасыма келетін рөлді Мәмбетов көре білді деп ойлаймын. Актерді көре білу үшін режиссердің екі көзінен басқа үшінші көзі, яғни көкірек көзі ояу болуы керек. Мәмбетовтің ұлылығы сонда ол өзінің актерін тани білді, сол арқылы ол 30 жылда театрдың алтын ғасырын жасады. Ол қазіргі режиссерлер сияқты «бұл қай жердің баласы, қай рудан?» деген ұсақтыққа бармайтын. Өнер деген бір-ақ ру, бір-ақ ұлт. Сондықтан болар Мәмбетов кейбір актерлердің атын да білмейтін, бірақ өзі ат қойып алатын. Мені балуан деп шақыратын.
Әз-аға сахнада қаншама техникалық мүмкіндіктерді пайдаланды. Мәмбетовтің екінші бір мықтылығы оның қойылымындағы музыкасы болатын. Ән елітіп әкетеді, сені сендіреді, сен сенгеннен кейін көрермен де саған сенеді.
Абайды ойнайтын актер жасы келген сайын ақынды басқа жағынан түсіне бастайды. Мұхиттың тереңіне сүңгіген сайын маржан тастарды көбірек жинайсың. Мысалы, мен 40 жаста Абайды ойнадым, қазір жасым 60-та. Егер қазір ойнайтын болсам, Абайдың рөлін ашуда актерлік және өмірлік тәжірибемді жұмсар едім. Өйткені Абайға әр жаста әртүрлі көзбен қарайсың. Неғұрлым актер тәжірибені көбірек жинаған сайын Абайды сезінуі, түсінуі, тереңіне бойлауы соғұрлым ерекше болады.
– Актердің әр рөлі оны тәрбиелейді дейді. Абайдың рөлі сіздің өмірлік көзқарасыңызға әсер етті ме?
– Актердің әр рөлі зор жауапкершілік жүктейді. Сахнада әдемі рөл ойнап, өмірде қалай болса солай сөйлеп, мінез-құлық көрсетуге болмайды. Абайды ойнағанға дейін еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай дейтінмін. Абайдан кейін еңкейгенге де, шалқайғанға да еңкеюді үйрендім. Қазақтың «таспен атқанды аспен ат» деген сөзінің мағынасын ұқтым. Абай өзіңнің қандай адам екеніңді білгің келсе, саған қиянат жасаған адамнан кешірім сұра, сонда сен дұрыс жолдасың дейді. Кішірею мен кешіру сенің ішкі жан дүниеңнің қаншалықты кең екенін көрсететініне көзім жетті. «Жақсы кісінің ашуы – шай орамал кепкенше, жаман кісінің ашуы – басы жерге жеткенше» деген сөздің астарын өмір тәжірибем арқылы ұғына бастадым. Абайдың рөлін ойнау арқылы бұрынғы қаттылықтан арылып, туыстарым мен достарымды кең құшағыма сыйдырып, алысты ойлайтын осындай көркем мінез қалыптастырдым.
– Бүгінде Абайды ойнап жүрген әріптестеріңіздің ойыны көңіліңізден шыға ма?
– Орыстың сыншылары «Без голоса Отеллу играть нельзя» дейді. Абайды ойнау үшін актердің кең тынысты, эпикалық зор дауысы болуы керек. Яғни актердің үні маңызды. Сары майдан қылшық суырғандай сөздің де өзінің әуені болады. Актердің үнінде сөйлеп тұрғанда кәдімгі ән айтқан сияқты әуен болады. Міне, сол үнде бүкіл Абайдың философиясын, оның ақындығын, поэзиялық үнін, кең дауысын жеткізу керек. Сөйлеген кезде ақынның бір сөзі тұрмақ, бір әріпі түспеу керек. Зор дауысты, дикциясы мықты, үні, түр-тұлғасы, кескін-келбеті, шашынан бастап тырнағына дейін Абайды бейнелейтін, тіпті көзқарасының, жүрген жүрісінің өзі Абайды халыққа сендіретіндей болу керек. Өйткені Абайды бүкіл ел біледі, оның бейнесі әр қазақтың жүрегінде тұр. Мен сахнаға Абай болып шыға келгенде көрермен қол шапалақтайтын, олар менің ойынымнан бұрын ұқсастығыма қол соғатын. Сыншылар «Әбділманов шыққан кезде жүгіріп барып «Абай ата!» деп шапанына оралғымыз келеді» деп жазды. Міне, көрерменнің көзі сенгенде барып таза өнер туындайды.
Абайға эксперимент жасатуға, кім көрінгенді ойнатуға болмайды. Абайды ойнау үшін оған табиғаты сай келетін, сонымен қатар ішкі жан дүниесі бай, үні келіскен, ақынның поэзиясын жан-тәнімен меңгерген адам болуы керек. Осы аталған талаптарға сай келгендіктен болар халық мені Абай деп қабылдады.
Қазіргі актерлер рөлін қарабайыр ойнайды. Қарабайырлыққа салынған актер сахнада өзін жоғалтады. Тіпті, актерлер кейде қауып, жұлқып сөйлейді. Абайдың тебіренісі, толғанысы, күрсінгені актердің жүрек түкпірінен шығып көрерменнің жүрегіне жетуі керек. Содан кейін сахнада Абайды ойнаған актердің әр қимылы белгілі бір мақсатқа құрылып, ақталған болуы тиіс.
Көбінесе біздің жас актерлер, режиссерлер Абайдың ойын жеткізсем болды, образы маған керек емес дейді. Бірақ олар қателеседі. Абайдың ойы да, образы да толыққанды шығуы керек және «мен өз Абайымды жасадым» деп өздерін ақтап алады екен. «Өз Абайыңды» сен үйіңе барып туған-туысыңа, достарыңа барып жаса. Ал көрермен алдында сен халықтың Абайын жасау керексің және ол халыққа ұнау керек. Бірақ халықты шатастырмау керек. Көрермен Абаймен тілдескісі, беттескісі келіп күтіп отырады. Сол кезде сахнаға ақынның әр жылдардағы бейнесін сомдайтын 7-8 Абай қаптап шыға келгенде көрермен «қайсысы Абай?» деп дал болады. Абайдың ойымен қатар көрерменнің көзі бір Абайға тоқтау керек.
– Абайдың 175 жылдығына орай фильм түсірілген жағдайда басты рөлге шақырса барасыз ба?
– Қазақтың ұлы тұлғасы Абайды қазақтан басқа ешкім ойнай алмайды. «Көшпенділер» фильмі секілді қазақтың ұлы тұлғаларына рухы мен табиғаты келмейтін, есекке жабу жапқан сияқты не басына киген тақиясы, не үстіндегі шапаны жараспайтын шеттен келген адамдар ойнамауы керек. Біз М.Шоқай бабамыздың рөлін де қырғыздың актеріне ойнаттық. Не түр-тұлғасы, не ішкі жан дүниесі сай келмейді. М.Шоқайдың маңдайы кере қарыс, жүзі дөңгелек, көзі от шашып тұрған. «Қазақ деген қандай болады?» десе, «Осындай болады!» дейтін қазақтың намысты ұлы тұлғасын қысық көзді қырғызға ойнату актер ретінде де, азамат ретінде де намысыма тиеді. Кеңес заманында Әлияны да, Бауыржанды да қырғыздар ойнады, «Қара-қараш» киносында да солай болды. Қарап отырсаңыз, фильмде қырғыздың ұлттық киімдері мен салт-дәстүрлері. Жарайды, ол уақытты кеңестік кезеңнің саясаты деп ақтап алайық. Ал қазір ше? Қазір кімнен, неден қорқамыз? Мысалы Ромео-Джульеттаны қазақ түсіретін болса Ромеоның басына тақия, үстіне шапан кигізіп түсірмейміз ғой. Қазақтың режиссерлерін түсінбеймін, қазақтың ұлы тұлғасын ойнаса міндетті түрде шетел актеріне береді. Қазақта актер жоқ па? Қиын кезде қырғыздарда қаншама театр жабылып жатқан кезде, қазақтың театрлары ашылып, жаңа таланттар қосылып жатты. Облыстарда қаншама талантты, жанып тұрған актерлер бар. Өзіміздегі барды көрсете алмай, тұлғаларымыздың рөлдерін шетелдік актерлерге беріп қойдық. Режиссерлер өнерді жеке амбициясынан жоғары қоюы керек. Қырғыз «Манасты» қойса қазақты апарып ойната ма? Өзбек Ә.Науаиды қойса, қазақты ойната ма? Ешуақытта ойнатпайды. Осындай фильмдерді түсірген режиссерлер көркемдік кеңесте отыр. Мен осындай ойымды ашық айтқан соң, көп киноның кастингінен өтіп, мені түсіреміз деп жатқанда жаңағы режиссерлер маған қарсы болып өре түрегеледі. Олар бір сылтауларды ойлап тауып, мені қаншама рөлден алып тастады. Мені рөлден алса алып тастасын, бірақ мен бәрібір шындықты айтуым керек. Қазақтың ұлы тұлғаларын бұлай қорлауға болмайды.
Әз-ағаң бір актерлермен кереғар пікірде болып, ренжісіп, соттасып жүрсе де, спектакль қояр кезде сол актерді басты рөлге алған. Міне, Мәмбетовтің ұлылығы осында жатыр. Өзінің жеке өмірдегі ренішін өнерге әкеліп салмаған. Өмірде сен ол адамды жек көруің мүмкін, бірақ рөл актердің оң жамбасына келіп тұрса, беру керек. Өйтпесе ол өнердің киесі атады.
Абай фильмін түсірсе, мүмкін мені байқауға шақырып та қалар. Абайды экранда ойнағаннан артық арман болмас еді, бірақ сол байқауда отыратын көркемдік кеңестің бәрі мені бекітпейтініне кепілдік бере аламын. Өйткені мұндай қадамдар осыған дейін де бірнеше рет жасалды.
– Өзіңіз Абай туралы пьеса жазып жатыр екенсіз. Ерекшелігі қандай?
– Әуезов Абайды үлкен шырқау биікке көтерді. Әуезовтің ұлылығы сонда, ол Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Әуезовтің керемет суреткерлігі, шеберлігі сонда жатыр, ол Абайды алып шығу үшін басқа ұлыларды құрбан етті. Егер Әуезов «Абай жолын» қазір жазса, мүлдем басқаша жазар еді. Өз басым қазіргі заманда Әуезов сияқты жазатын жазушы жоқ деп ойлаймын. Қазір Абайды өзі жазып кеткен қара сөздері, өлеңдері, шығармашылығы көтереді. Сондықтан мен Абай атамыздың 175 жылдығына орай «Абайды білмек парыз ойлы адамға» деген пьесаны қағаз бетіне түсірдім. Бұл – Абайдың қара сөздерінен, өлеңдерінен және өзімнің 30 жыл бойғы ой-толғаныстарымнан құралған дүние. «Ақтастағы Ахиконы» жазған Мадина Омарова екеуіміз пьесаны көрерменге ұсынбақ ойымыз бар. Мен жазған пьеса басқа театрлар қойылғалы жатыр. Ал М.Омарова екеуіміз жазған пьеса Әуезов театрында қойылып қалар деп отырмыз.
Осы пьесам арқылы мен ұлыларды ақтағым келеді. Құнанбайды биікке көтеру керек. Құнанбай болмаса Абай тумас еді. «Абай сен маған жету үшін сен өзіңе жететін ұл тапқыз. Және сол ұлыңды білімнің, ғылымның тереңіне бойлат және ата-баба дәстүрін бойына сіңірген, елін, ұлтын сүйетін азамат етіп тәрбиеле, сонда сенің маған жеткенің» деп келетін Құнанбайдың сөздері бар пьесамда. Ендігі жазылатын пьесалар мен түсірілетін кинолар осы әділетсіздіктің барлығын өз орнына қоюы керек. Құнанбайдың, Шәкәрімнің, Кеңгірбай бабамыздың қандай тұлға екенін көрсететін уақыт келді. Абайдың дін, дәстүр турасындағы айтқандарын талдап, кейбіреулер айтқандай Абайдың қазақты жек көрмегенін ұрпақ алдында дәлелдеп шығуымыз қажет.
Абайдың негізгі эволюциясы, өсуі, Абайдың Абай ретіндегі хәкімдік дәрежеге жетуі өзінің 45 қара сөзінде тұр. Мысалы, «адам баласы жылап туады, кейіп өледі» дейді. Менің ойымша, адам дүниеге келгенде өмірден алатын еншім бар, бұл өмірге мен келдім деп айғайлап, бүкіл әлемге жар салып келеді. Ол өмір бойы байлық, лауазым, абырой жинайды, өзі ойлаған бір биікке ұмтылады. Бірақ кейіп өледі. Неге? Өйткені оның жинағының бірде-біреуі онымен дос болмайды, бәрі қабірдің сыртында қалады. Байлығы да, таққан сөлкебайы да, атағы да. Адаммен бірге ана дүниеге не барады? Оның жасаған сауапты істері, халыққа жасаған жақсылығы, жетімнің көзінің жасын сүртуі, қайырымдылығы барады. Абай «Баяғыда қазаққа жақсылық жасасаң, сол жақсылығыңды ол өмір бойы өле-өлгенше айтып жүретін. Ал қазір қазаққа жақсылық жасасаң, биылғы жасаған жақсылығың келесі жылға жарамайтыны несі?» дейді. Абайдың жазғаны қазақтың бір күндік азығы емес, бабадан балаға мұра болып қалар адамзаттың асыл мұрасы.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ