7 Ақпан, 17:31 592 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

QAZFORUM қазақтілді журналистердің басын қосты

Нұр-Сұлтан қаласында «Өзгеріс кезеңіндегі сын мен шын» қазақ тілді БАҚ дамуының жаңа тенденцияларын талқылауға арналған «QAZFORUM 2020: Қазақ интернетінде онлайн контент жасаушылардың IV Форумы» өтті. Форумға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 200-ден астам медиа-мамандар жиналды. Белгілі сарапшылар мен журналистер, блогерлер мен бейне-контентті жасаушылар қазақ тіліндегі контенттің өзекті мәселелерін талқылады.

QAZFORUM онлайн-медиа  редакторларға арналған іс-шаралардан бастап, қазақ тілді БАҚ-тың өзекті мәселелері, олардың қоғам дамуындағы рөлі мен қазіргі заманның сын-тегеуріндері туралы талқыланатын елдегі ең үлкен пікірталас алаңына айналды. Жыл сайын қатысушылар өзекті мәселелер жайында пікір алмасып, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қазақстандық медиа-нарықтың даму келешегін сараптайды.

«Жылдан жылға QAZFORUM қатысушыларының саны артып, көбіне-көп аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қосылып жатыр. Серіктестердің қолдауының арқасында біз аймақтық БАҚ өкілдерінің көбірек қатысуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбына қызығушылық, қазақ тіліндегі онлайн-контенттің дамуы және БАҚ өкілдерінің кәсіби өсуіне деген қызығушылық іс-шараның өзектілігі мен аудитория арасында сұранысқа ие екендігін білдіреді», – деді Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев.

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уильям Х. Мозер: «Қазақта «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» деген мақал бар. QAZFORUM осы көрініске сай – маңызды тенденцияларды ескеруді, жаңа кәсіптік білімнің көкжиектерін зерттеуді, алдағы сынақтар мен мүмкіндіктерге дайын болуды басшылыққа алатынына сенімдімін», – деп ойын жеткізді.

Алғашқы пленарлық талқылау «Қазақ қоғамына қандай медиа қажет?» деген сауалды талқылаудан басталды. Белгілі қазақстандық саясаттанушылар А.Сарым және С.Нұртаза, Tarlan.kz веб-сайтының бас редакторы Н.Нұртай, Nege.kz веб-сайтының бас редакторы Е.Рахым, «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Байғараев еліміздегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына ырықтандыру үдерістері мен соңғы саяси өзгерістердің әсерін талқылады. Қатысушылар «Интернет пен жаһандық цифрландыру ғасырында жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-ты алмастырады ма?» деген басты сұраққа жауап беруге тырысты.

Форумның екінші сессиясы «Digital дәуіріндегі біздің медиа» барысында Internews Kazakhstan аймақтық медиа-кеңесшісі А.Еркімбай, «Отырар» медиахолдингінің директоры Ә.Жұмағұлова, «Атамекен Бизнес» Медиа холдингінің бас директоры Қ.Сахария, ULYS сандық журналының бас редакторы Е.Қалымбайұлы бизнес-үлгі құру және медиа-контентті монетизациялау тәжірибелері жайында бөлісті. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарының жетістіктеріне әсер ететін факторларға қатысты өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Сонымен қатар Youtube платформасының даму бағыттары, контент пен тұтыну, жаңа дағдыларды үйрену бойынша мастер-класс ұйымдастырылды. Форум соңында іс-шараның серіктестері қазақ тіліндегі онлайн-контентті жасаушылармен байланыс орнатудың жеке кейстерімен бөлісті.

Соңғы жаңалықтар