Ақтөбеде студенттер арасында төбелес шығып, бозбалалардың бірі пышақ жарақатын алды. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төбелес 5 ақпан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жатақханасының артында 3 немесе 4 студент арасында болған (студенттер саны анықталуда). 19 жастағы студент пышақ жарақатын алған. Жарақат алған студент шұғыл көмек көрсету ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта жараланған студенттің аты-жөні анықталып жатыр. Полиция қызметкерлері төбелеске қатысқандардың кім екенін анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта студентті кім жарақаттағаны анықталып жатыр. Анықталғаннан кейін оны ұстау шаралары жүргізілетін болады, - делінген хабарламада.
Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі ("Адам өлтіруге оқталу") бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.