292
Зейнеткерлер зейнетақы жинағының 50 пайызын бірден ала алады – министр
Зейнеткерлер зейнетақы жинағының 50 пайызын бірден ала алады – министр
Зейнет жасындағы азаматтарға зейнетақы жинағының 50 пайызын бірден алуға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Зейнетақы жинағымыздың бір бөлігін тұрғын үй немесе басқа қажеттілікке пайдалану жөніндегі тапсырмаға қатысты Үкіметте топ жұмыс істеді. Жұмыс тобының басым пікірлерін Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңесте қарап, тұжырымдамалық ұсыныстар берілді. Президент Әкімшілігі оны қарап, Мемлекет басшысына ұсынды. Президент жалпы ұсыныстарды қолдап, оны іске асыру жөніндегі тетіктерін ары қарай пысықтау тапсырмасын берді», - деді ол.
Осы ретте министр зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты қандай ұсыныстар болғанын тарқата айтып берді.
«Бірінші, жұмыс істеп жүрген азаматтар өздерінің жинақталған жарналарынан ең төменгі, жеткілікті шектен асатын сомасын алуына болады. Ал жеткілікті шек дегеніміз не? Жеткілікті шек дегеніміз әр азаматтың жинақтаушы зейнетақы қордағы жинағының кем дегенде өмір бойы ең төменгі зейнетақы мөлшерін алуға жеткілікті сома. Ол есептелінетін сома, ешкім белгілемейді. Екіншісі – зейнет жасына жеткендерге қатысты. Қазіргі уақытта жинақтаушы қорында ақшалары бар азаматтар заңға сәйкес оны ай сайын ғана алады. Ал біздің ұсынысымыз ол жинақталған сомасының 50 пайызына дейін ала берсе дейміз. Бір ғана шарты бар. Ол азаматтың жинақтаушы зейнетақы қордағы қалған ақшасы және мемлекет тарапынан алатын базалық зейнетақысы мен еңбек зейнетақысы қосқан кезде табысының 40 пайызынан төмен болмауы керек», - деді Біржан Нұрымбетов.