597
Елді не елеңдетеді?
Елді не елеңдетеді?
«Сізді не мазалайды?». Бүгінгі қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселелерді анықтау үшін осы сауалды әр сала мамандарына, әртүрлі жас өкілдеріне қойып, сауалнама жүргіздік. Алынған жауаптар сан қилы. Оларды сала-салаға жіктеп, қаузалуы тиіс негізгі тақырыптарды екшедік. Әуелгі топтағанымыз һәм тоқталатынымыз – әлеуметтік мәселелер.
Басты мәселе – баспана
Көптің көкейін күпті еткен ең негізгі түйткіл – баспананың жоқтығы. Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші адам пәтер жағалап жүргенін айтып, «өз үйім болса» деген арманын жеткізді. Статистика комитеті мамандарының дерегінше, соңғы 12 айда тұрғын үй бағасы өскен өңірлер көшін Қостанай (+39,5 мың тг) , Семей (+32,4 мың тг) және Павлодар (+31,4 мың тг) бастап тұр. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Нұр-Сұлтанда жаңа үйлердің шаршы метрі 22,5 мың теңгеге, ал Алматыда 16 мың теңгеге қымбаттаған. Жылжымайтын мүлік нарығындағы ең танымал ресурс – Krisha.kz сайтындағы хабарландыруларға көз жіберсек, Алматыда эконом-кластағы бір бөлмелі пәтердің құны 11 млн теңгеден басталады. Орналасқан ауданына, жүргізілген жөндеу жұмыстары мен жиһаздың сапасына қарай баға шарықтай берген. Әсіресе, жаңа пәтерлердің құны жоғары. Талғамыңыз бен қалтаңызға қарай Алматының орталығынан заманауи жабдықталған бір бөлмелі су жаңа пәтерді 23 млн теңгеге ала аласыз. Тұрғын үй нарығының сарапшысы Ерлан Қарысбаевтың айтуынша, жаңа пәтерлердің бағасын құрылыс компаниялары белгілейді. Оған делдалдар өз бағасын қосады. Салдарынан бұрынырақ салынған үйлердегі пәтерлердің құны да еріксіз қымбаттайды. «Krisha.kz сайтын алайық. Хабарландыру берушілер әуелі құрылыс компанияларының жарнамасын қарайды. Жоғары бағаны көреді де, өз үйіне де дәл сондай баға қояды. Пәтерінің ескі екеніне қарамайды. Мысалы, құрылыс компаниясы өзі салған пәтерді 12 миллион теңгеге бағалап тұр. Мұны көрген өзге бір үй иесі өзінің 8 миллиондық пәтерін 12 миллион теңгеге көтеріп қояды», – дейді Ерлан Қарсыбаев. Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы экономисі Уильям Зейтцтің сөзінше, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің бағасы Сан-Франциско, Сидней және Ванкуверде сатылатын үйлердің бағасынан қымбат. «Адамдар тапқан табысының 30 пайызын баспана алуға жұмсауға тиіс. Қазақстандықтарда мұндай мүмкіндік жоқ. Олар еңбекақыларының 30 пайызын үй алу үшін жинайтын болса, күнделікті өмірдегі шығынын жаба алмай қалады», – деді Уильям Зейтц. Онысы рас, елімізде «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кебін киіп жүрген отбасы өте көп. Солардың бірі – балабақша тәрбиешісі Тұрсынай Жанаеваның отбасы. Бес жылдан бері пәтерден-пәтерге көшіп жүрген келіншек баспананың жоқтығы әбден қажытқанын айтты. «Басыңда баспанаң болса, одан асқан бақыт жоқ сияқты. Қаншама жыл өзгелердің үйін паналап келе жатқандықтан, үйі барларға қызыға да қызғана қараймын. Бізге баспана алу әзірге арман болып тұр. Жолдасым екеуіміздің тірнектеп жүріп тапқанымыз пәтердің ақысынан, күнделікті ішіп-жемімізден артылмайды. Жолдасымның айлығы ештеңеге жетпеген соң, балам бір жасқа толмай жұмысқа шығуыма тура келді. Жекеменшік балабақшада тәрбиешімін. Әлі тілі шықпаған кіші топтағы балаларға қарайтындықтан, қатты шаршаймын. Топтағы 16 балаға таңнан кешке дейін жалғыз өзім қараймын. Арасында әлі бір жасқа толмаған, еңбектейтін сәбилер бар. Жұмыстан соң өз балаларыма қарайтын әлім болмай қалады. Сондағы алатыным – 100 мың теңге», – деп қынжылды тәрбиеші. Жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жайлы айтып едік, ол туралы хабардар екенін, алайда өзінің де, жолдасының да жасы 29-дан асып кеткендіктен бұл бағдарламаға үміткер бола алмайтынын жеткізді.Айлық аз, азық қымбат
«Жалақым аз». Сауалнамамызға қатысқан әрбір екінші адамның аузынан естігеніміз – осы. Бұған жылаңқылық немесе масылдық түсініктің салдары деп айдар тағуға асықпадық. Себебі қазақстандықтардың көпшілігінің айлығы шайлығына жетпейтінін Үкімет мүшелерінің өзі мойындайды. Мәселен, жуырда ел тұрғындарының зейнетақы жинақтарына түсетін қаржы көлемінің аз болу себебін түсіндірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазақстандықтардың 50 пайызға жуығының айлық жалақысы 100 мыңға жетпейтінін айтты. «Зейнетақы қорларында қаржының аз болуына себептер өте көп. Біріншіден, халық табысының аздығы. Қазір ел бойынша орташа жалақы мөлшері – 182 мың теңге. Оның ішінде жұмыс істеушілердің 74 пайызы 181 мың теңгеден аз айлық алады. 50 пайызының айлық жалақысы тіпті 100 мың теңгеден де төмен. Сол себепті табыстың аздығы зейнетақы жинақтарына да әсер етуде», – деді министр. Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың келтірген деректері тіпті алаңдатарлық. Мәжілістің жалпы отырысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының көбеюіне жалақының аздығы себеп болғанын айтқан вице-премьер: «Елімізде жұмыс істейтіндердің 53%-ның орта жалақысы 80 мың теңгеден аспайды», – деді. Соның салдарынан соңғы 2 жылда елімізде кедейлік шегіне шығу деңгейі 40 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілгенін айтты. Қазақстанда әлеуметтің әлеуеті төмендеп, қоғамды кедейлік жайлап бара жатқанына «Кипр» талдау тобы жасаған сауалнама нәтижесі көзімізді жеткізе түсті. Мамандар өз зерттеулерін Статистика комитетінің ресми деректеріне сүйене отырып жасаған. Сауалнамаға еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында тұратын 12 мың адам қатысқан. Оның қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың 58 пайызы «жалақыдан жалақыға дейін» өмір сүреді екен. Отандастарымыздың басым бөлігінің айлық табысы бүгінде – 50 мың мен 200 мың теңге аралығында. Ал жалақының медианалық мөлшері 43 мың теңгені құрап отыр. Демек, халықтың тең жартысы бұл көрсеткіштен де аз табыс табады деген сөз. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облысы тұрғындарының күнкөрісі тым төмен деңгейде. Аталған өңірлердегі отбасылардың дені көпбалалы болғандықтан, жан басына шаққандағы кіріс көлемі тіпті төмен. Сарапшылар жүргізген сауалнама нәтижесінде, респонденттердің 11 пайызы азық-түлікке табысының төрттен бірін жұмсайтынын айтқан. Ал 43 пайызы жалақысының жартысынан көбін, тіпті тапқан ақшасын түгел тамаққа шығындайтынын жеткізген. Мамандардың айтуынша, бұл халықтың азық-түлік өнімдерін көп мөлшерде тұтынуынан емес, керісінше, қымбатшылықтың кесірінен болып отыр. «Бұл теріс көрсеткіш. Дамыған елдерде азық-түлікке әдетте табыстың 15 пайызы ғана шығындалады. Егер азық-түлікке табыстың жартысы кететін болса, адамда киім алуға, медициналық қызметтерді пайдалануға, ойын-сауыққа және өзге де қажеттіліктер үшін ақша қалмайды», – депті Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Камила Ковязина Informburo.kz порталына берген сұхбатында. Демек, жалақысын айдың соңына дейін жеткізу үшін қарапайым қажеттіліктерден бас тартуға мәжбүр болатын отбасылардың қатары арта түспек. Солардың бірі – Айдын Асаубайдың жанұясы. Ер азамат бола тұра, отбасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауқарсыздығы үшін өзін айыпты сезінетінін айтқан респондентіміз есімін өзгертіп беруімізді өтінді. Бұл жағдайда оның еркектігі емес, біздің елдігіміз сынға түсіп тұрғанын айттық. Содан кейін ғана Айдын өзін алаңдатқан мәселені ашыла айтты. «Алматыда оқып, осы қалада өсіп-өнемін деп қалып қойған жастардың қатарынанмын. Үйленгеніме төрт жылдан асты. Келіншегім екінші баламызды босанып, үйде отыр. Пәтер жалдап тұратын көп қазақтың біріміз. Мамандығым – экономист. Мамандық бойынша жұмыс табылмағандықтан, әзірге күзет компаниясында істеп жүрмін. Күзетшілердің айлығы белгілі ғой. Жетпейді. Қосымша табыс болсын, адам тасып ақша табайын деп несиеге бір ескілеу көлік алғам. Ескінің аты ескі екен, әр жері бір бұзылып, берекемізді кетірді. Тапқанымнан осы көлікке жұмсағаным көп болды ақыры. Ақшасыз қалған кей күндері үйде бір мезгіл ыстық тамақ пен нанның болғанына қуанамыз. Үлкен балам есін біліп қалған. Тәттілерге, жемістерге құмар. Жұмыстан келсем, алдымнан жүгіріп шығады. Құр қол кіргеніме қысылып, өзімді әлемдегі ең нашар әке сезінген күндерім көп. Аяғы ауыр кезде әйелімнің жерік асын алып бере алмағаным үшін де өзімді ешқашан кешірмеймін», – дейді шарасыз азамат. 2017 жылдан бастап елімізде «қатаң үнемдеу режимінде» өмір сүретін адамдардың үлесі 9 пайызға өсіпті. Көпшілігінің жылына кем дегенде бір рет үйден тыс жерде демалып, достарымен мейрамханада немесе дәмханада кездесуіне мүмкіндігі жоқ. Жұмыс пен үй арасында жүретін олар бос уақытын тек теледидар көруге ғана арнайды. Мамандар мұндай жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылардың өздерін тұрмыстық қажеттіліктерден шектеуі олардың балаларының дамуына теріс әсер етіп жатқанын айтады. Ең сорақысы, азық-түлікті үнемдеп тұтынатын кей отбасыларда ауру-сырқау көбейген. Әсіресе, балалардың, жүкті әйелдердің дәруменге бай тағамдарды тұтынбауының салдары түптеп келгенде ұлт саулығына кері әсерін тигізуде.Бесігі бос үй көбейді
«Бала сүюден басқа арманым жоқ». Жүрек шымырлатқан жауаптың бірі – осы. Бір ғана адамның мәселесі емес, күллі қоғамның жан жарасы болғандықтан, аттап кете алмадық. Асылында, ұлт туралы әңгіме ұрпақ туралы сөзден басталуы тиіс емес пе?!. Ресми статистика Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бала сүюге қабілетсіз екенін айтады. 4 жыл бұрын 7 мыңға жуық адам ұрпақсыз қалса, былтыр бұл көрсеткіш 8 мыңға жеткен. Яғни, жыл сайын 350 адам бедеулік пен белсіздіктің шырмауына түсіп отыр деген сөз. Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек отбасын құрған соң бір жыл бойы бала көтере алмаса, бұл бедеулік болып саналады. Белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде өзінің алдына келген әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар болып шыққанын айтқан еді. Яғни, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тартудың соңы осындай қасіретке әкеліп соғады. Өкініштісі, өмірге ұрпақ әкелуді тек әйелдің міндеті деп білетіндер, баланың жоқтығына бас салып келіншектерді айыптайды. Шындығында, дүниеге дені сау, саналы баланың келуіне ерлердің де үлесі зор. Соны ескерместен, қоғамда ұрпақсыздықтың себебін алдымен нәзік жандылардан іздейтін сыңаржақ көзқарас бар. Алайда статистика әлемде, оның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейгенін көрсетіп отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығының медициналық директоры Алмас Ибрагимовтің айтуынша, елімізде бедеу әйелдер мен белсіз еркектердің үлесі бірдей. «Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Сондықтан біз ерлі-зайыптыларды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз. Алайда ер-азаматтар тексерілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды да», – дейді А.Ибрагимов. Дәрігердің айтуынша, құрсақ көтере алмаған жағдайда көбіне әйелдер медициналық орталықты жағалайды екен. Байғұс әйел қаншама тексеруден өтіп, бала үшін күрделі операциялар жасатуға мәжбүр болады. Ақыр соңында, гәптің бәрі еркекте болып шыққан оқиғалар жиі кездеседі екен. Жоғарыда біздің сауалнамамызға қатысқан респонденттің басында да дәл осындай жағдай. Жазғанымызды газеттен күйеуінің туыстары оқып қалса, отбасымның шырқы бұзылады деп қорыққан кейіпкеріміздің атын мүлдем атамауға, суретін жарияламауға келістік. Оқиғасын өзі баяндасын: – Жолдасым екеуіміздің отау құрғанымызға күзде төрт жыл болады. Әлі күнге дейін бала сүйе алмадық. Тұрмыс құрған соң төрт-бес ай өтер-өтпестен айналамдағылардың бәрі «Жерік болып жүрген жоқсың ба?» деп әзіл-шынын араластырып, бала көтерген-көтермегенімді білуге асықты. Қазақтың әдеті ғой, жастар үйленген соң балалы болғанша тыным бермейді. Бір жыл өтті, екі жыл өтті. «Қашан? Қашан?» деген сұрақтар толастамады. Бала көтере алмағаныма өзімді кінәлап, ішқұса болып жүрсем, жаны ашығансып жұрт жарамды одан сайын тырнай берді. Қаралмаған дәрігерім, бармаған емшім қалмады. Денсаулығыңда кінәрат жоқ дейді бәрі. Әулие-әмбиелерді де тегіс араладым. Нәтиже жоқ. Сыртымнан енем мен абысындарымның сыбыр-күбірі көбейді. Күйеуімді ажырасуға үгіттеп жүргендерін бірнеше рет байқап қалып, өзіме қол жұмсағым келген сәттер де болды. Дәрігерлер «жолдасыңыз да қаралуы тиіс» деп қанша айтса да, күйеуім естімегенсіп жүре беретін. Бір күні шыдамай: «Не сен дәрігерге қараласың, не екеуміз ажырасып, екі жаққа кетеміз» деп табандап тұрып алдым. Көзім жастан құрғамай жүретін кез еді. Мені аяды ма, әлде шынымен ажырасып кетеміз деп қорықты ма – шартыма көнді. Барлық тексерістен өтті. Тексеріс қорытындысы жолдасымның аталық ұрығы тым әлсіз екенін көрсетті. «Белсіздік» деген диагноз жазылған бір тілім қағазды құшақтап, үйімізге қайттық. Дәрігерлер тағайындаған ем-домды жасап көрдік. Әзірге еш нәтиже болмай тұр. Үйіміздегі бақытсыздыққа өзінің айыпты екенін білгелі күйеуімнің ісі кері кетті. Әлі күнге дейін дәрігерлердің қойған диагнозы жайлы туыстарымызға жақ ашқан емеспін. Барлығы бала сүйе алмауымызға мені кінәлі санайды. Мейлі, онсыз да еңсесі езіліп жүрген азаматымды жұрттың алдында аласартқым келмейді. Бір күні үйімізде сәбидің шат күлкісі естілеріне сенемін. Аллаға сыйынғаннан басқа қолымыздан келер шара болмай тұр...«Балам үшін алаңдаймын...»
Әлеуметті алаңдататын тағы бір мәселе – бала қауіпсіздігі. Респонденттердің бірін балабақшаға баратын баласының амандығы алаңдатса, енді бірі мектепке кеткен перзентінің қауіпсіздігі үшін қам жейтіндерін айтты. Бір жарым жастағы немересі жекеменшік балабақшаға баратын Жарғанғазы Орнықбекұлы оның жағдайына алаңдайтынын жеткізді. «Өзіміз ауылда тұрамыз, балалар Алматыда. Ұлым да, келінім де жұмыста болғандықтан, немеремді бір жастан асқанда балабақшаға берді. Қу тіршіліктің қамымен апасы екеуміз де жұмыстамыз. «Тамағы тоқ, көйлегі көк, уайымдамаңыздар!» деп балалар көңілімізді жайландырғанымен, апасы екеуіміз кішкентай балапанымыз үшін мазасызданамыз да отырамыз. Теледидардан түрлі оқиғаларды көреміз, тәрбиешілердің салғырттығы мен қатігездігінің кесірінен денсаулығына зақым келген, тіпті көз жұмған балалар жайлы естиміз. Балалар тынымсыз келеді, шапшаң қозғалады. Жіті қадағаламасаң, жазым деген қас пен көздің арасында. Балабақшада бір бала емес, 10-20 бүлдіршінді бір мезетте игеру оңай шаруа емес. Олардың әрқайсысына ерекше назар керек. Физикалық тұрғыдан дамып келе жатқан шағында әрбір қимыл-қозғалысы, ішкен асы бақылауда болғаны жөн. Қазір ақша табамыз деп жанталасып жүріп, ең басты байлығымызды, болашағымызды бөтеннің бақылауына беріп қойғанымыз қынжылтады», – дейді немересі үшін қам жеген азамат. Ал әріптесіміз, белгілі журналист Жұлдыз Әбділдә мектептегі әлімжеттік мәселесіне алаңдайтынын жеткізді. «Кез келген мәселемен бетпе-бет келмейінше, ондай проблема бар екенін білмей де жүре береді екенбіз. Әр ата-ана баласымен сөйлессе, баласына басқаларды кемсітуге болмайтынын, өзінен әлсізге күш көрсетуге болмайтынын түсіндірсе деген тілек айтқым келеді. Әркімге өзінің баласы ақылды, тәрбиелі болып көрінеді. Кей ата-ана баласының кемшілігін мойындағысы келмейді. Тіпті, өз перзентінің басқалардан үстем болуын артықшылық деп бағалайды. Бала басқа баладан тек білімімен, тәрбиесімен ғана артық бола алады деп ойлаймын. Бұл мәселені көтеруіме себеп болған жайтқа тоқталайын. Қызымның сыныбында бір қыз бала спортпен айналысатын. Әрине, спортпен айналысқаны жақсы. Оның үстіне жетістіктері де көп-ақ. Бірақ өкініштісі, «өнерін» тек спорт залда ғана емес, сыныпта да көрсетуге құмар. Қыз демей, ұл демей күш көрсету, балаларға түрлі жолмен қысым жасау... Сосын, «менің балама тиіспесе болды, басқаларға не болса, ол болсын» деген көзқарас дұрыс емес. Психологтар буллингте үш тарап бар дейді: жәбірлеуші, жәбірленуші және бақылаушы тарап. Бұлардың үшеуімен де жұмыс істеу керек. Мектеп психологтары осы мәселеге көбірек көңіл бөлсе дегенді айтқым келеді. Біздің мектебімізде мектеп басшылары дер кезінде шара қолданып, назар аударып, мәселе шешілді. Ал тағы қанша мектепте мұндай жағдай болып жатқанын кім білсін?.. Мені қазір осы мәселе көбірек мазалап жүр», – дейді журналист. Қоғамды алаңдатқан әлеуметтік мәселелер мұнымен шектелмейді. Құлақ түрсең, әркімнің мұң-мұқтажы бар. Біз көпті мазалаған өзектілеріне, жедел шешімін күткен күрделілеріне тоқталдық. Қай мәселеге үңілсең де, түйіні мемлекеттік деңгейдегі қолдауға, бақылауға келіп тіреледі. Алайда мемлекет басындағылардың қол қусырып отырмағаны, бұл мәселелердің бәрінен хабардар екені аян. Егер Үкімет ұсынған шешімдер нысанасына тимей жатса, қазақы қалыппен бас салып мергеннің қырағылығын сынай жөнелмей, жолдағы кедергілерді де ескерген жөн. Кедергіні тудыратын – сіз бен біздің немқұрайлығымыз, жалқаулығымыз, кертартпалығымыз. Білімсіздігіміз де бар. Қоғамның дертін емдеу өз ауруымыздан айығудан басталатынын ұмытпайық.