Балалар әдебиеті Берді­бекпен аяқтала ма? – депутаттық сауал

Балалар әдебиеті Берді­бекпен аяқтала ма? – депутаттық сауал

Балалар әдебиеті Берді­бекпен аяқтала ма? – депутаттық сауал
ашық дереккөзі
Кітап оқу мәдениеті неге көштен қалып барады?  Жаһандану заманы шығар, дегенмен кітап оқуға деген құмарлық өткен ғасырдың еншісінде қалып қойған жоқ па деген қауіп басым. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Пар­ла­мент мінберінде вице-премьер Берді­бек Сапарбаевқа депутаттық сауал жол­дады. Депутат өз сауалында: «Бала­лар­дың кітап оқуға деген құмарлығын оятатын да, түрлі әдебиетті оқу мәдениет сіңіретін де, кітап атаулыға құрметті қалыптастыратын да мектеп болуға тиіс. Ол үшін кітаптарды осы за­манның құралдарына қарсы қоюдан гөрі әр сынып балалары міндетті түрде оқу­ға тиіс әдебиетті, басылымды (оның тізбесі қа­зіргідей олпы-солпы болмағаны жөн) сол қо­лайлы құралдарға жүктеп қою­ды ұйым­дас­тыру керек» деген ұсыныс тас­тай­ды. Балалар әдебиеті тоқырап тұр. Балаларға ар­нап әңгіме, ертегі, өлең жазатын ақын-жазушыларымыз азайып кетті. Кітап дү­кен­­­деріне бас сұқсаңыз, ресейлік өнімнің қап­тап тұрғанын байқайсыз. Қызыл-жасыл әлем. Мұқабасы қандай, безендірілуі тіптен бөлек. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ірі кітап дүкендерінен балаларға арналған қа­зақ­ша кітапты таба алмайсыз. Ілуде бі­реуі кездесуі мүмкін.

– Балалар кітаптарының бағасы неге удай қымбат? (2013 жылдан бастап кітап бағасы кем дегенде 40 пайызға көтерілген). Кітап дүкендері неге азайып жатыр? Осы орайда, ба­лалар мерзімдік басылымдарына (жекемен­шікте болсын, өзгесі болсын) алғыстан бас­қа айтарымыз жоқ, оларды да Үкіметтің жа­рылқап жатқаны шамалы. Балапандарға ар­нап ән шығаратын ком­­позиторлар, сурет са­латындар, кітап бе­зен­дірушілер неге не­кен-саяқ? Ани­ма­циялық фильм неге аз түсіріледі? Өйткені бұл мәселелерге мем­­ле­­кеттік көзқарас жет­­кілікті дәрежеде емес. Егер Үкіметтің осы саладағы жұмысы сын­дарлы әрі қисынды болса, балалар тәр­бие­сіне босқа алаңдамайтын едік, – дейді депу­тат.

Дархан Қамзабекұлы келтірген дерек­тер­ге сүйенсек, елімізде өткен жылы бар бол­ғаны 8 кітап жарық көріпті. Биыл ми­нистр­лік бөлген қаражатқа төрт автордың кіта­бы басылып шыққан. Министрлік тап­­сырысымен шығатын кітаптардың дені тек кітапханаларға таратылады. Яғ­ни, олардың жекелеген оқырманға же­те қоюы да неғайбыл. Оның өзінде кей­­­бірі бұрын жарық көрген авторлар екен. Демек, бұл дегеніміз – бізде жаңа ав­­тор­­лар жоқ деген сөз. Айналып келгенде Берді­бек Соқпақбаев шығармаларын із­­дей­­тініміз анық. Сонда балалар әдебиетін Соқ­пақбаевпен аяқтап, парағын жауып тастағанымыз дұрыс па?

«Біздің ойымызша, балаларға арналған баспа өнімін шығарушыларға, анимациялық фильм, кино-видео түсірушілерге Үкімет тарапынан жеңілдіктер жасалмайынша жағ­дайды түзеу мүмкін емес. Ондай тәжі­ри­­белер көрші елдерде бар. Сырттан әке­­лінетін мұндай өнімдерге бажды кө­бейтіп, отандық шы­ғармашыл қауым­ды ынталандыруды қол­ға алған жөн. Соны­мен бірге арнайы грант­­тар жариялау арқылы балаларға арнал­ған шы­ғармаларды мо­лай­туға болар еді. Сон­­да баланың мем­ле­кеттік тілді жас кезінен үй­ренуіне мүм­­кін­дік туғызатын едік. Егер өр­кениетті ел­­­­дердің қатарынан көрінеміз де­сек, бас­­па өнімдерінің мағынасын ғана емес, эко­логиялық жағынан таза қағазға, са­­па­­лы бояумен басылуын да қадағалауға мін­­­­­­дет­ті­міз. Ауызды қу шөппен сүртуге бол­­­­мас, біз­дің елде таланттар да, талантты туын­­­­­ды­лар да бар, бірақ қолдау жағы кем­шін. Мы­­салы, қазақ балаларынан өзге ше­телдік кө­­рермендердің де көңілін бір­ден өзіне ау­дар­­ған «Томпақ» сериалы, «Ерте­гілер елі­не сая­хат», қазақ тілінде шыққан «Кө­ліктер» му­ль­тсериалы, «Груффало» ерте­гісі, т.б.», – дейді.

Бұдан бөлек, депутатты анимациялық фильмдердің де жай-күйі алаңдатса керек. Көрермен ықыласына ие болған «Қошқар мен теке» мультфильмінің де жалғасы түсі­­рілген жоқ. Мұның жайын қаржыдан із­де­ген жөн шығар. Қазір бала біткен «Ба­ла­панға» үңіледі. Амалсыз «Балапан» да эфирді дубляжбен толтыруға мәжбүр.

«Дән топырағын тапса ғана өнеді» деген аталы сөз бар. «Жас балаға жақсы мен жаманды, ізгілікті үйрету тек ата-ананың ғана емес, қоғамның да міндеті болып са­налады», – дейді Дархан Қамзабекұлы. Егер бұл мәселе шешілсе, депутат айтқандай, ба­лаларға арналған мемлекеттік тілдегі баспа, басқа да киноөнімдерін өндірушілер мен сатушылар үшін арнайы жеңілдіктер бел­гілеп, интернет-дүкендер жұмысы рет­телмек. Ол үшін: «Балалар мерзімдік басы­лымдарын және әр сынып оқушылары үшін ұсынылған әдебиеттердің электронды нұсқаларын ақысыз жүктеме жасауды Үкі­мет тарапынан қолдау қажет. Сондай-ақ көрсетілімі көп, жоғары рейтингке ие болған анимациялық сериалды түсіруді қаржыландыруды, олардын тарифтерін көр­ші мемлекеттердегі тарифтермен сәйкестендіруді қамтамасыз етуді (Ресейде біздегіден 10 есе жоғары) сұраймыз» дейді.

Мәжіліс депутаты орынды мәселе көтеріп отыр. Балалар әдебиеті тасада қалып қойды. «Балалар жазушылары неге аз?» деген мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Балалар ақыны Серікбол Хасан бұл мә­­с­е­ленің мән-жайын былай деп түсін­ді­реді. «Өткен жылы қазақ балалар әде­б­иетінің қамқоршысы болып келе жат­қан «Бал­дыр­ған» журналының 60 жыл­дығы өтті. Іргесін белгілі балалар ақыны Мұзафар Әлім­баев қалаған, талай жыл Тұманбай Молдағалиев редакторлық қызмет еткен жур­налдың 60 жылдық тойы ескерусіз қал­ды. Мемлекет балалар әдебиетін өлтір­мей сақтап келе жатқан осындай бала­лар басылымдарын қолдауы керек еді. Ол да жоқ. Депутат өз сауалында балаларға арнал­ған шығармалардың қайталанып басы­ла­тынын айтып өтті. Ол да шындық. Жаңадан шығып жатқан антологияларды алсаңыз да, оқулықтарды парақтасаңыз да, жеке авторлық кітаптарды көрсеңіз де бәрінің жағдайы ұқсас. Бұл алдымен авторлардың шығармаларына немқұрайды қарауы және баспалардың, редакторлардың қателігі деп білемін. Мысалы, қайбір жылы әлеуметтік желілерде «Сауат ашу» оқулығындағы Мәриям Хакімжанованың «Оқы, ойна» өлеңін ту-талақайын шығарып тілдеді. – Бөбектерім, оқы, ойна! Оқу – білім саған пайда, Кітабыңның шетін жыртып, Сияменен бояп қойма. Тәп-тәуір-ақ, бүлдіршіндерді тазалыққа баулитын тамаша тақпақ. Мәриям апаның осы өлеңін желілерде жерден алып, жерге салып жатты. Сосын Сейтен Сауытбековтің «Қайраным» деген өлеңі қатты сыналды. – Жоқ шығар теңдесі, Бір ғажап бала бар. Тұратын бөлмесі Қорамен барабар...

Мәриям апа да, Сейтен аға да балалар әдебиетінің негізін қалаған қаламгерлер. Бұл кісілердің өлеңдерінде ұйқастың ақсап жатуы заңды. Себебі олар ғұмыр кешкен замандағы өлең талабы, құрылымы солай болды. Абайдың ұйқасы мен Жұматайдың ұйқасын салыстыра алмайсың. Бұл да сол секілді. Мұндағы қателік неде? Ескі заманның өлеңін жаңа заман балаларына арналған оқулықтарға енгізуде» дейді.

Одан бөлек, бүгінгі балаға кешегі қоғам­ның көрінісін көрсететін шығарма қызық па? Қазір балалардың дүниетанымы өзгер­ген. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызатын» интернеттің заманында бала­ны гаджетсіз елестету мүмкін емес.

– Жаңа заман балаларына жаңа өлең ке­рек. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың «Ком­пас» деген әдемі әңгімесі бар. Бірақ сол әңгімені қазіргі балалар қабылдай ал­­майды. Неге? Себебі қолына планшет ұс­тап өскен балаға компас қызық емес. Сон­дық­тан балалар шығармалары да, балалар авторлары да бүгінгі заманның талабына, сұранысына қарай бейімделуі керек. Қыс­қасы, жаңа өлеңдер жазылуы қажет. Жазу­шы­лар одағы осыған ықпал жасаса дейміз. Балалар авторларының кітап­­тарын мемқолдау арқылы шығару секіл­ді ұсыныстар, негізінен сол жақтан шы­ғуы керек. Мемлекет мой­нын бұрмаса, онда балалар әдебиетінің бола­ша­ғы күмәнді, – дейді Серікбол Хасан.

Қалай десек те, балалар әдебиетіне қам­­қорлық керек. Жаңа заман баласына арнап жаңа өлең жазатын ақын-жазушыны да қолдағанымыз дұрыс. Жаңа ғасыр жаңа авторларды тудырады. Оған мүмкіндік жасап отырмыз ба? Депутаттың сөзінің жаны бар: сонда ғана «қайсыбір дәуірде қалып қоя жаздаған «Бар жақсы дүние – балаларға» деген әлеуметтік-халықтық бастаманы іс жүзіне асыруға мүмкіндік туады. aikyn.kz