Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов (Найман) әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты ойымен бөлісті,-деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол соңғы кездері үйлену туралы жиі ойланып жүргенін айтып, болашақ жарын хиджабтағы қыздардың арасынан көргісі келетінін жасырмады.
«Соңғы уақытта үйлену туралы ойлап жүрмін. Үміт хиджабтағы аруларда. Ондай орамалды қыздарды бұрыннан ұнатып келемін», – деді спортшы.
Спортшы бұдан бөлек, өзінің өмір салты мен ұстанымдары туралы да жазба қалдырды. Ол денсаулыққа зиянды ешқандай әдетке бой алдырмағанын, өмір бойы еңбек етіп, бәріне адал жолмен жеткенін айтты.
«Алкоголь, темекі, насыбай, кальян дегенді аузыма алып көрген емеспін. Ешқашан әйелге қол көтеріп, балағаттаған емеспін. Дипломымды өз еңбегіммен алдым, оқу оқып жүріп те жұмыс істеп, спортпен шұғылдандым. Қазіргі жетістігім – маңдай терімнің арқасы. 40-қа жуық кәсіби жекпе-жек өткіздім», – деп жазды ол.
Қуат Хамитовтың бұл жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп, әртүрлі пікірлер тудырып жатыр.