Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы бұл мерекенің Домбыра күнімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді. Ал елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі, – деді Президент.
Президент Астананың ел өміріндегі айрықша орнын атап өтті. Оның айтуынша, бас қала – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. Мұнда халқымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданып, озық идеялар жүзеге асады. Сондай-ақ, қалада еңбекқорлық пен білімге деген ұмтылыс, бірлік пен келісім берік орныққан.
Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Халықаралық қауымдастық бас қаламызды бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, елорда түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауы ретінде Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолында маңызды рөл атқара береді.
Сүйікті қаламыз өркендеп, гүлдене берсін!, – деп түйіндеді құттықтауын Қасым-Жомарт Тоқаев.