Бiлiм беру сапасына баспалар да жауапты

Бiлiм беру сапасына баспалар да жауапты

Бiлiм беру сапасына баспалар да жауапты
ашық дереккөзі
Бұл туралы Алматыда өткен «Бiлiм берудегi инновация: қазақстандық контекст» атты конференцияда айтылды.  Бүгiнде жалпы бiлiм беру жүйесi талай сынға ұшырап, баспасөз беттерiнде де, ата-ана тарапынан да олқы тұстары жиi айтылып жүрген бiр мәселе бар. Ол – мектептiң оқулық мәселесi. Бұл орайда баспагерлерге қойылатын сауал көп. «Алматы кiтап» баспасының президентi Гаухар Саймасаева бiлiм беру сапасына баспалар да жауапты екенiн айтады. Десек те, «мектеп оқулықтарының мазмұнын оқыту жүйесiнен хабары жоқ мамандар құрастырады деген жаңсақ пiкiр. Бiздiң авторлардың құрамында ғалымдар, әдiскерлер мен 95% тәжiрибешiлер бар», – дейді баспагер. Кітап басу ісінде мақсатты аудиторияның талап-тілегін ескеру аса маңызды дейді мамандар. OYLA ғылыми журналының бас редакторы Гамзат Бияров: «Тақырып таңдау кезiнде баланың қауiпсiздiгi басты назарға алынуы тиiс. Оқушы мәтiндi оқып, оны түсiнбегенi үшiн күлкiге айналып, қорланбауы қажет. Бұл - аса өзектi элемент», – дейді. Жас редактор әрбiр адамға жеке көңiл бөлiнуi тиiстігін және бүгiнгi заманда көпшiлiк тұтынатын тауар ұсынамын деу бос әурешiлiк екенін алға тартады. Бүгiнгi технология, смартфон заманында балалар медиакеңiстiктiң санқилы мүмкiндiктерiн бүлдiршiн кезiнен бастап тұтына бастайды. MediaNet халықаралық журналистика орталығы Бiлiм беру және зерттеу жобаларының жетекшiсi Снежана Цой осы тұста балаларға ерте бастан ақпаратты дұрыс тұтыну ретiн/мәдениетiн үйретуiмiз қажеттігін ұсынып отыр. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD доктаранты Марем Бузуртанова: «Балаға сапалы бiлiм беруден бөлек, оқулық арқылы «Сенiң қолыңнан бәрi келедi» дейтiн қағиданы таным-түйсiгiне сiңiруiмiз қажет. Өйткенi қазiргi қоғамда жұмысқа тұру, кәсiби қызметiңде жетiстiкке жету үшiн тамыр-таныс керек деген пiкiр қалыптасқан. Солай да шығар. Десек те, замана талабына сай икем-дағдыны меңгерген әрi өзiне, қолынан бәрi келетiнiне сенiмдi бала үшiн де жол ашық, болашақ жарқын емес пе? Сол үшiн көкiрек қуысына сенiм шуағын ұялату керек», – дейтін пікірін білдірді.