Еліміздің 7 млн тұрғыны тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының 90 пайызы немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады. Олар сапалы инфрақұрылымға қол жеткізетін болады. Бұл: су, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар және басқалар. Ауылдағы өмір жақсарып, тартымдылығы артады. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға әсер етеді«, - деді ол.Министрдің атуынша, бағдарлама аясында қаржыландыру базалық инженерлік инфрақұрылымға және әлеуметтік нысандарға бағытталады. Мемлекеттік және жергілікті бағдарламаларды қаржыландыру халық үшін қолайлы жағдайлар жасауға жұмсалатын болады.«Қалаларда басқарылатын урбандалу арқылы ауқымды нарық дамиды және еңбек ресурстарының мобильдігі үшін жағдайлар жасалады. Инновациялық технологиялар дамитын болады. Ауылдарда шамамен 7 млн ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарады. Адамдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ауылдардың аудан және облыс орталықтарымен көліктік байланысы жақсарады. Өңірлік стандарттар жүйесі арқылы қалалар мен ауылдарды дамыту процесін жүйелендіру халықтың өмір сүру жағдайларын сапалы түрде жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Руслан Дәленов. Оның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыруға барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделеді. Оның ішінде ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу туралы мәселе қосымша пысықталып жатыр. "Урбандалу деңгейін 62 пайызға дейін жеткізу жоспарланады. Урбандалу жалпы ішкі өнімді 0,52 процентке қосымша арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлік теңсіздіктер қысқарады. Халықтың нақты ақшалай табыстары 25 пайызға өседі. Бағдарламаның негізгі нәтижесі қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда тұратын азаматтардың әл-ауқатын арттыру болады. Ресурстар мен инфрақұрылымды шоғырландыру елдің экономикалық өсімін күшейтеді",- деді Руслан Дәленов.