Әлемдік саудада мұнай бағасы көтерілмейді

Әлемдік саудада мұнай бағасы көтерілмейді

Әлемдік саудада мұнай бағасы көтерілмейді
ашық дереккөзі
306
Биылғы жыл әлемдік экономиканың сан құбылып, аумалы-төкпелі кезеңде өсімі шикізатқа тікелей тәуелді мемлекеттердің дамуының тежеуілдеуімен, тіпті әлемдегі алпауыт державалардың экономикалық жағынан тығырыққа тірелуімен сипатталды. Қаржылық дағдарыстың басты көрінісін әлемді жайлаған жұмыссыздық пен жаппай қысқартудан аңғаруға да болады.Бұған себеп болған басты факторлардың бірі  ̶ мұнай құнының құлдырауы. Соңғы мәліметке сүйенсек, ICE биржасында Brent мұнайының құны 38 доллардан асқан. Rambler News Service хабарлауынша, сауда-саттық нарығында солтүстіктеңіздік маркалы мұнайдың баррелі 38,08 долларға бағаланып отыр. Ал 21 желтоқсанда Brent бағасы 11 жылғы ең төмен межеге дейін түсіп, баррелі 36,14 долларды құраған еді. Бұған ОПЕК-тің мұнай өндіру квотасын ұлғайту туралы шешімі әсер еткен-ді. Айта кетерлігі, 36 доллардан да арзандау бағам соңғы рет 2004 жылы болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Brent маркасының бағасының шарықтау шегі 2008 жылы тіркелген. Яғни ол кезде мұнай бағасы 145,61 долларға сатылды. Ал 1970 жылы мұнай құны ең арзан бағаға, яғни баррелі 2,23 долларға тең болған. Кейбір сарапшылар қара алтын құны қайта құлдырауы мүмкін деген жорамал жасап отыр. Өйткені АҚШ келер жылдан бастап өз мұнайын экспортқа шығаратыны белгілі болды. The Wall Street Journal газетінің мәліметіне сәйкес, оңтүстік-техастық мұнайдың алғашқы 600 мың баррелі Хьюстон портынан Швейцарияның Vitol мұнай өңдеу зауытына жол тартады. Ол жерден Солтүстік Еуропа елдеріне тасымалданады. Айта кетерлігі, АҚШ конгресі 40 жыл сақталған мұнай экспортының шектеуін осыдан екі апта бұрын алып тастады. Сыртқы нарықтарға өнім шығаруға әзірге үш компанияның ғана рұқсаты бар. Сарапшылар нарықтағы жаңа ойыншының пайда болуы Сауд Арабиясының және ресейлік мұнайға бәсеке болуы мүмкін дейді. Бұл өз кезегінде нарықта ұсыныстың артып, мұнай бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша елімізге Ресейден тасымалданатын шикі мұнай мен сығымдалған газ көлемі 57 мың тоннаны құраған. Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтында тараған ақпаратқа сүйенсек, бұл көрсеткіш 10 айдағы мұнай импорты 7 есеге кемігендігін көрсетеді. Ал баға тұрғысында бұл өнімдердің тасымалдануы 12,5 есеге азайғаны байқалады. Бұл ретте Беларусь елінен әкелінген қара алтын көлемі 14 пайызға өсіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 мың тоннаға артқан. Айта кетерлігі Қазақстан да көрші елдерге қара алтын экспорттауды биылғы жылы азайтқандығы байқалады. Былтырғы көрсеткішпен салыстырсақ, мұнайдың сыртқы тасымалы 31 пайызға кем.

Теңге бағамының әлсіреуіне не себеп?

Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнайдың барреліне бағасы 30-20 долларға дейін төмендеген жағдайында Қазақстанда іс-қимыл нұсқалары қарастырылғандығын жеткізген болатын. «Қазіргі жаһандық дағдарыс бізге кенеттен келген жоқ. Мен дағдарыстың жалғасып келе жатқанын, оның жаңа толқыны болатынын бірнеше мәрте айтқан болатынмын. Осы жолы Қазақстан алғаш рет алдын ала әрекет етудің дағдарысқа қарсы стратегиясын қолдануда», ̶ деді Елбасы. Бұл ретте «Нұрлы жол» бағдарламасы басшылыққа алынып, елдегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында мемлекет бірқатар бастамаларды қолға алып отырғандығы аян. Десе де, әлемдік саудадағы мұнай бағасының мемлекет бюджетіне әсер етепей қоймайтындығын ескеруді, соның ығына жүгінуді басшылық назардан тыс қалдырмайтыны анық. Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев өзінің алғашқы баспасөз мәслихатында: «Ұлттық банк қаржылық және валюталық нарықтағы жағдайды жіті талдап, нақты айырбас бағамын анықтайтын есептерді жүргізді. Орта мерзімдегі өтімділік бойынша жағдайды таразыладық. Егер мұнай баррелі 30 долларға түссе, ал ресей рублі АҚШ долларына шаққанда 10 пайызға құнсызданса, онда теңгенің бағамы да жаңа межеге көтеріледі»,  ̶ деп әліптің артын бағуды меңзеген болатын. Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сабырмен қарауға шақырып, алдағы уақытта Brent мұнайының бағасы барреліне 30-40 доллар болған жағдайда қазіргі теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы сақталады деген пікір білдірген болатын. Жақында бас банкир отандық телеарналардың біріне берген сұхбатында 2016 жылы Қазақстан эконмикасы жақсы болады деп сендірді. «2016 жылы жағдай реттеледі деп үміттенемін. Мұнай бағасына қатысты түрлі болжамдар болатыны түсінікті. Бірақ біз болашаққан оптимистік көзқараспен қарауымыз керек. Бәрі нашарлағанмен, біз өмірімізді жақсарту мақсатын жаңа жоспарлар құруға тырысамыз», – дейді ол. Сондай-ақ мұнай бағасына қатысты бірнеше сценарийлер дайындалып жатқанына тоқталып: «Ұлттық банк экономиканы тұрақтандырып, инфляция деңгейін реттеуді және мұнай бағасына қатысты болжамды үкіметпен белсенді түрде талқылап жатыр. Келесі жылы мұнай нарығындағы перспеективалар бойынша барлығы жақсы болады деп үміттенемін. Оның үстіне бұл ақша-несие саясатында айырбас курстар мен алтын валюталық резервтер жағдайын ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді», – деді. Ал Елбасы тікелей тапсырған долларсыздандыру мәселесін шешу де келер жылдың еншісінде екен. «Біз ештеңе істемей нәтижеге жете алмаймыз. Долларсыздандыруға қатысты жоспарларымыз бар және оны нақты шаралар арқылы нығайтқымыз келеді. Нақты нәтижелер туралы бір жылдан соң айтуға болады. Біз халықтың теңгеге деген көзарасын өзгертуіміз керек. Теңгеге қатысты базалық бағалар мен Қазақстанда өндірілертін азық-түлік тауарларының құны доллар курсының өзгеруіне байланысты реттелмейді. Осыдан соң долларсыздандыру саясатынан жақсы әсер болады. Бұл үлкен жүйелік жұмыс. Жоспар бойынша ұлттық валютаның шетелдік валюта алдындағы артықшылығын арттыру мақсатында кепілдік берілетін депозит көлемі 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге артады, шетел валютасындағы жылдық сыйақы мөлшерлемесі (доллар бағамы 326,38 теңге бойынша) 3 пайызға төмендетіледі, бағаларды шетел валютасымен белгілеуге тыйым салынады», ̶ деді Ұлттық банк төрағасы. Ал жақында Мәжілісте «Дағдарысқа қарсы бағдарламаны» таныстырған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев банктер валюта бағамындағы айырмашылық арқылы пайдаға кенелуге құлықты емес деп депутаттарды жалт қаратқан еді. Ал халық қалаулыларының көпшілігі жиі құбылған теңге бағамына, мұнай бағасы мен зейнетақы қорындағы қаражаттың тағдырына алаңдаулы екендіктерін жеткізді жиында. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев: Бүгінде банктер валютаның соңына түсіп, бағам айырмашылығы арқылы табыс табуды көздейді ме? Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Қарыз алушыларға беретін ақша азайған. Бүгінгі баланс банктерге пайдасыз. Олар мұны жақсы біледі. Өз қарыздарын қайтарып алуға ғана мүдделі», ̶ деді. Сонымен қатар, министр теңге бағамы осымен тұрақтайды, бұрынғыдай алыпсатарлық жоқ дегенге меңзеді. Дегенмен экспорттан түсетін валюта азаюы мүмкін. Ал Үкімет «қара алтын» құны 20 долларға дейін құлдыраған жағдайда қандай сценарий жасауға болатындығын назарға алды.

Республикалық бюджет биылғы жылы толығымен игерілді

Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдерімен кездескен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Республикалық бюджеттің игерілуі 100 пайызға орындалғандығын жеткізді. Десе де толық келер мешін жылы төбе көсеткенше 2015 жылға жоспарланған 161 мдрд. теңгені жұмсап үлгеру керек. Қалған қаржының тиісті бағыттарда тиімді жұмсалатынын жеткізген Қаржы министрі былтырғы жылмен салыстырғанда бюджеттегі игерілген қаржы 3 есе азайып, 7 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсалғандығын хабарлады. Яғни шенеуніктер қаржылық қиындықтардың арқасында, бөлінген ақшаны тиісті бағытқа жұмсап үйренген сияқты. Тіпті жергілікті бюджет қаражаты да шашау шықпай игерілген. Есте болса, өткен жылы 40 млрд теңге іске асырусыз қалған болатын. Бақыт Сұлтанов сонымен қатар заңдастырылған қаржы көлеміне тоқталды. «Осы уақыт аралығында екінші деңгейлі банктерде қосымша 7 есепшот ашылды. 3,5 млрд. теңгедей қаржы заңдастырылды. Қарқынды белсенділік бар деп айта алмаймыз. Бұған жаңа жылдық қарбалас та әсер еткен шығар. Әйтсе де, біз мүлікті жария ету науқанына деген елдің сенімін арттыру үшін түсіндіру шараларымен айналыса береміз. Ал нысандарды бәсекелі ортаға беру науқанының екінші толқыны аясында құны 78 млрд. теңге болатын 235 актив сатылып, 7,6 млрд. теңге тікелей бюджетке түсті. Ал жылы-жұмсаққа үйреніп қалған жергілікті әкімдік өкілдері кейбір нысандардан айрылғысы жоқ. Өткен жылғы тізім бойынша бекітілген 831 нысан бар. Оған жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын тағы 65 компания қосылды.13 нысан республикалық меншікте, қалғаны холдингтер. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдар қолда бар активтерінен айрылғылары келмейді. Үйреніп қалған. Сондықтан олар тарапынан қарсылық білдіру, кей кездері қасақана әрекет ету байқалады», – дейді Бақыт Сұлтанов. Ал келер жылғы бюджеттегі жетіспеушіліктердің орынын тотыру мақсатында таяуда Үкімет Азия даму банкінен 1 млрд. доллар қарызға алды. Келісімді Парламент палаталары ратификациялап та үлгерген болатын. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қарыз әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын қолдауға және экономиканы ынталандыруға керек көрінеді. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Қарыз алудың елімізге жағымсыз әсері бар деп ойламаймын. Бұл дүниежүзілік тәжірибе. Қаржы мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға да жұмсалады»,  ̶ деп алған қарыздың орынды жұмсалатындығына сендірді. Сыртқа қарызданып-қауғаланып жатқан бүгінгі жағдайымызды ескерген ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник дәл қазір Қазақстанға атом электр стансасы қажет емес екендігін айтып, жұртты аузына қартты. Елімізде АЭС салу мәселесі аз көтерілген жоқ. Тіпті, Қазақстаннның қай өңірінде салу мәселесі де қызу талқыға салынғаны есте. Министрдің бұл пайымының астары – қаржылық қиындық туындаған кезде мұндай жобаға ақша жұмсау артық деген үнемшілдікте жатса керек. Сенаттың жалпы отырысында «Атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша» заң жобасын таныстырған Энергетика министрі Владимир Школьник: «Қазіргі кезде жаңа энерго көздеріне қыруар қаржы жұмсау тиімсіз. Өйткені бізде қолданылмаған қуаттылық, яғни қор бар. Ақшаны басқа қажеттіліктерге жұмсауға болады. Сондықтан бұл сұрақ әлі зерттеледі», ̶ деді.

2016 жылға жоспар қандай?

Жаңа инвестициялық саясатты жүзеге асыру үшін 2016 жылы Үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылмақ. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Дағдарысқа қарсы шараларға арналған Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті. «Дағдарысқа қарсы шаралардың төртінші бағыты жаңа инвестициялық саясат. Бұл ретте ел экономикасына инвестиция тартуды ынталандыру үшін 2016 жылдың бірінші тоқсанында Үкіметтің нақты іс-қимыл жоспары қабылданатын болады. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес, инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі шаралар толық қамтылады. Бұдан бөлек, осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін 2016 жылдың қаңтарында Үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылады»,̶ деді ол. Министрдің айтуынша, 2016 жылдың шілде айына дейін еліміздің алты өңірінде (Оңтүстік, Солтүстік, Орталық Қазақстан, Батыс, Алматы және Астана) инвестициялық даму бағдарламалары әзірленеді. «2016 жылдың наурыз айына дейін үкіметтік қарыздар деңгейін төмендету бойынша бюджеттік заңнамаға өзгерістер енгізіледі», ̶ деді Е. Досаев. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Үкімет 2016 жылдың қыркүйегіне дейін банк секторынан жұмыс істемейтін кредиттерді мойындап, есептен шығаратындығын жеткізді. «Ағымдағы жылдың қарашасында валюта нарығындағы төрелік және алыпсатарлық мәмілелерді азайту үшін Ұлттық банк белгілеген диапозонда пайыздық мөлшермелер дәлізін қолдау жөніндегі бұрын мәлімдеген міндеттемелерінен бас тартқан болатын. Жұмыс істемейтін кредиттер тұрғысынан банк секторының барлық субъектілеріне жүргізілген күйзелістік тестілеудің нәтижелері бойынша 2016 жылдың қыркүйек айына дейін оларды мойындау және есептен шығару жөніндегі шаралар қамтылатын болады. Бұл қаржы секторын тұрақтандыру шарасы болып табылады», – деді Е.Досаев. Оның айтуынша, Ұлттық банк пен Үкіметтің орта мерзімді перспективадағы негізгі мақсаты – 2016-2017 жылдары инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде, 2018 жылы 5-7 пайыз, 2029 жылы 4-6 пайыз, ал 2020 жылға қарай 3-4 пайызға дейін төмендету. «Бұл ретте 2016 жылдың сәуірінде базалық пайыздық мөлшерлемені икемді өзгерту тетігі енгізілетін болады, бұл баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляция деңгейін төмендетуге бағытталады. Ақша-кредит саясаты операциялардың тиімділігін арттыруға, оның ақша нарығының мөлшерлемелеріне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді», ̶ деді Е. Досаев. Мәжілістегі жиында депуттартар келер жылы ел экономикасы қалай өрбитіндігін, оның даму перспективалары қандай болатындығын сұраған еді. ҚР Ұлттық экономика министрі: «Бірнеше нұсқадағы жаңа сценарий қарап жатырмыз. Оның ішінде мұнайдың бағасы 35-30 долларға дейін төменге түскеннен кейін сол жұмыстарымызды бітіріп, ертең үкіметте біздің экономикалық саясат кеңесін өткіземіз. Соның ішінде Ұлттық банк төрағасы, қаржы министрі, мен соның ішінде, өздеріміздің «тұжырымдарымызбен» бөлісіп, жаңа жылға дайындаламыз. Ал жаңа жылдан кейін өзгерістер болса, сіздерге келіп бәрін айтып береміз»,  ̶ деп жауап берді ол. Десе де Үкімет жаңа жылда мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бюджет параметрлерін өзгертуі ықтимал. Қаржы министрі Б. Сұлтановтың айтуынша егер мұнай бағасы одан әрі құлдырай беретін болса, экономиканың нашарлауына орай, шығыстар қайта қаралуы мүмкін. «Бізде үшжылдық бюджетті Парламентте жедел түрде қарау мүмкіндігі бар. Өткен жылы күзде 2015-2017 жылғы республикалық бюджетті енгізу кезінде мұнай бағасының құлдырауынан, Парламентте белсенді түрде қайта қарап шыққан болатынбыз. Ақпан айында да бюджетті түзеттік. Бюджетті қабылдау барысында біз Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 40 доллар, теңгенің долларға шаққандағы бағамын 300 теңге деп болжаған болатынбыз. Қазіргі уақытта мұнай бағасы біз болжаған көрсеткіштен де төмен түсіп жатқандығын көріп отырмыз. Дегенмен Үкімет мұнай бағасы 20 долларға , 30 долларға түскен жағдайға да сценарийлер дайындап қойған. Қазіргі кезде олар белсенді қаралып жатыр. Жаңа жылдың басында біз жаңа параметрлер жайында айтатын боламыз. Қандай сценарий орын алса да, Үкімет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындайтындығын айтқым келеді», ̶ дейді министр. Келер жылға жоспарланған елдегі экономикалық өсімге байланысты министрліктер тарапынан айтылған әңгімелердің ауаны сайып келгенде шикізат бағасының оның ішінде мұнай бағасының әлемдік сауда-саттықтағы құнына тілекей байланысты екендігін аңғарамыз. Ал Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамы бойынша Қазақстанда ЖІӨ өсімі 2015-2016 жылдары шамамен 1%-ды құрап, ал 2017 жылы 3,3% дейін өсуі мүмкін екен. Дүниежүзілік банк баяндамасында: «Біздің базалық сценариімізге сәйкес, мұнай бағасы 2016 жылы төмен деңгейде қалып, 2017 жылы қайта қалпына келе бастайды. ЖІӨ өсімі 2015 және 2016 жылдары шамамен 1% деңгейде төмен болып қалады, бірақ 2017 жылы 3,3 % дейін артуы мүмкін», – делінген. Сонымен қатар күрделі сыртқы орта Қазақстан дамуының орташа мерзімді перспективаларына одан әрі әсер етеді. Ұзақ мерзімді перспективада сарапшылар: «елдің сыртқы қатерлерге тұрақтылығын арттыру үшін экономиканы әртараптандыру қажет» екендігін ескертеді. Ал пессимистік сценарийде базалық сценарийге қарағанда мұнай бағасы 2016 жылы төмендеуін жалғастырып, бұл Қазақстан бюджеті жағдайының және төлемдік балансының нашарлауына және ішкі сұраныс пен ЖІӨ өсімінің одан әрі төмендеуіне алып келетіндігі жазылған. Осылайша, болжамдарға сәйкес, екі жағдайда да мұнайдың ішкі өндірісі 2017 жылы Қашағанда мұнай өндірудің арқасында арта бастайды деп күтіледі, соның нәтижесінде ЖІӨ өсімі артып, мемлекеттік бюджет пен ағымдағы есепшоттың баланстары жақсаруы мүмкін. «Сондай-ақ Қашағанда мұнай өндірісін бастаудың кідірісі немесе Ресейдегі құлдыраудың жалғасуы мен Қытайда өсімнің одан әрі төмендеуі ықтималдығын ескергенде, экономиканың алдында айтарлықтай төмендеу қауіп-қатерлері бар», ̶ делінген баяндамада. Қарапайым қара халықтың тұрмыс жағдайын тұрақты түрде ұстап тұру  ̶ бүгінгі жағдайда мемлекеттің алға қойған басты міндеті болып отыр. Бұл үшін әлеуметтік маңызы бар салаларды қолдау керектігін Елбасы талай мәрте шегелеп тапсырды. Ал етек-жеңі екшеленіп қойылған мемлекеттік қазынаның бүйірін толтырудан бұрын, оның мақсатты жұмсалуын қадағалау мәселесіне де Мемлекет басшысы бар назарын салып отыр. Сондықтан да келер жылы халықтың «жерге қарап» қалмауы үшін мемлекет бар мүмкіндікті пайдаланып, министрлер тапсырылған міндетті орындауға кіреспек. Еркежан ЖҰМАТАЙ Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары