Деңгейлі дипломат

Деңгейлі дипломат

Деңгейлі дипломат
ашық дереккөзі
254
Осы аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Тәжин Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Біз осы орайда Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жүргізіп келе жатқан «Елдестірмек елшіден» айдарымыздың кезекті жарияланымын Марат Мұханбетқазыұлына арнап отырмыз. «Марат Тәжин – бренд. Ішкі саясат пен елдегі қоғамдық пікірді зерттеуде білікті маман». Бұл танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың мемлекет қайраткері, Сыртқы істер министрі болған, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, сыртқы саясатта өресі биік маман, Мемлекеттік  хатшы қызметтерін атқарған Марат Тәжин туралы білдірген пікірі. Ақиқатында «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген қазақтың сөзі бар ғой. Марат Тәжин – саналы ғұмырын елдің өсіп-өркендеуі мен мемлекет саясатының дамуына аянбай үлес қосып келе жатқан бірегей тұлға. Марат Мұханбетқазыұлы 1960 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Мамандығы – экономист. 1981 жылы Алматыдағы халық шаруашылығы институтын  тәмамдаған. 1985 жылы философия ғылымының кандидаты, ал 1990 жылы әлеуметтану ғылымдарының докторы, 1993 жылы профессор атанады. Қызмет жолы ғылыммен тығыз байланысты болған Марат Тәжин 1995 жылы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі атағына ие болды. Екі жылдан кейін Ресейдің әлеуметтану ғылымдары академиясының академигі, дәл сол жылы Қазақстан саясаттану ғылымдары академиясының академигі атанған. Марат Тәжин еңбек жолын 1981 жылы Қазақ КСР өндірістік күштерді игеру бойынша кеңестің инженер экономисі болып бастайды. Кейіннен 1983 жылдан 1987 жыл­ға дейін аспирант, Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде ұстаздық етеді. 1987-1988 жылға дейін Ұлыбри­таниядағы Лондон университетінде тәжірибеден өтіп, 1991-1992 жылдары әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жанындағы қоғам­дық ғылымдар бойынша ұстаз­дардың біліктілігін арттыру инс­титутының меңгерушісі болады. 1992 жылдан бастап Марат Тәжиннің мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы басталады. Президент аппараты мен Министрлер кабинетінде меңгерушінің бірінші орынбасары, Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Президент аппараты басшысының орынбасары және ақпараттық-сараптамалық орталық басшысы болады. Ал 1994-1995 жылдары Президенттің мемлекеттік кеңесшісі лауазымында қызмет етті. Жемқорлықпен күрес, Президент Әкімшілігінде ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша мемлекет басшысының кеңесшісі лауазымдарын атқарған Марат Тәжин 2001 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болады. Ал 2007 жылғы 11 қаңтардан 2009 жылғы  4 қыркүйекке дейін Сыртқы істер министрі ретінде қызмет етті. Сыртқы істер министрі болған тұсында Тәжин өзін білікті дипломат ретінде таныта алды. Танымал дипломат Сайлау Батыршаұлы өз естелігінде Марат Тәжиннің дипломатиялық хат-хабар алмасуда қазақ дипломаттары қазақ тілін қолдану керегін қадап айтқанын жазады. «Марат Тәжинді Сыртқы істер министрі ретінде тағайындағанда ол бар жиналысты қазақ тілінде өткізіп, мәлімдемелерін тек қазақша оқитын еді», – деп жазады М.Тәжиннің сом темірдей қасиеті хақында С.Батыршаұлы. Кейіннен Марат Мұханбетқазыұлы Қауіпсіздік кеңесінде лауазымды қызметтер атқарып, 2013 жылдан 2014 жылға дейін мемлекеттік хатшы лауазымына тағайындалды. 2014 жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Елшілік қызметін табысты аяқтағаннан кейін М.Тәжин 2017 жылғы 12 қаңтардан Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болды. Марат Тәжиннің аталған жылдар аралығындағы қызметін саясаттанушылар оң бағалайды. Мәселен, саясаттанушы Досым Сәтпаев «Тәжиннің ішкі саясаттың бар бағытында оны жасақтауда, мемлекеттік бағдарламаларды құруда үлкен тәжірибесі бар»  – дейді. М.Тәжин ішкі-сыртқы саясатта жемісті еңбек етіп, 2007 жылы І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Кейіннен 2016 жылы ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алды. 2017 жылы Ресейдің «Достық» орденімен марапатталса, сондай-ақ «Құрмет» орденіне де лайық деп танылды. Марат Тәжин бұдан өзге Ұлттық қауіпсіздік қызметі органдарының құрметті қызметкері. Әлеуметтану ғылымының  докторы, профессор Марат Мұханбетқазыұлы «Региональные исследование в СССР», «Человек. Город. Регион», «Непроизводственная активность городского населения в СССР», «Евразийское пространство: интеграционный потенциал и его реализация» атты еңбектердің, сондай-ақ «Аймақтық әлеуметтану» оқу құралының авторы. Марат Тәжиннің ғылым мен саясаттағы үйлесімді іс-тәжірибесі ауқымды, өзі де білікті маман ретінде әр құрылымда табысты жұмыс істеді. Бұл әлеуметтану саласын меңгерсем дейтін жастар мен жас дипломаттар үшін өнегелі азамат екені анық.  

Олжас БЕРКІНБАЕВ, 

саяси ғылымдар магистрі

Серіктес жаңалықтары