251
Жаңа жылдан бастап бензин бағасына акциз 2 есе өседі
Жаңа жылдан бастап бензин бағасына акциз 2 есе өседі
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жанар-жағармайдың литріне салық 2 есеге дейін көтеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Яғни бұрын 8 теңге болса, келесі жылы 18 теңге болмақ. Бұл туралы Сенат отырысында 3 жылға арналған бюджетті талқылау кезінде ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.
«Мұндай шешім қабылдаудағы себеп-бюджеттің кірісінен шығысы көбейіп жатыр», – деді министр. Айырмашылықты әзірге Ұлттық қордан трансферт арқылы жауып отырғандарын жеткізді. Алдағы 3 жылда қордан 2,5 трлн теңге бөлу жоспарда. Жалпы 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын бұған дейін Мәжіліс мақұлдаған еді. Бүгін Сенат депутаттары қарап, министрлер кабинетіне өз сауалдарын қойды. Келесі жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 3,8 триллион теңге бөлінеді. Яғни шығыстардың 29 проценті аймақтарды дамытуға жұмсалады. Жалпы 2022 жылға дейін әлеуметтік салаға бюджеттен 20 трлн теңге бөлу қарастырылған.
– Осы соңғы бір айдың көлемінде бюджет келгелі біздің депутаттардың тарапынан көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Олардың көпшілігі – өңірлердегі әлеуметтік және өндірістік мәселелерге көмектесу. Жергілікті жерлерде шешілмей жатқан проблемалар көп. Әлі де ұсыныстар көптеп түсіп жатыр. Сондықтан респбубликалық бюджеттің көп бөлігі әлеуметтік салаға кетіп жатыр, - дейді ҚР парламенті сенатының депутаты Әли Бектаев.