Үкімет басшысы үш министрді жазалауды тапсырды

Үкімет басшысы үш министрді жазалауды тапсырды

Үкімет басшысы үш министрді жазалауды тапсырды
ашық дереккөзі
Азық-түліктің қымбаттауына жол берген ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция вице-министрлері тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бүгінгі Үкімет отырысының соңында Асқар Мамин осылай мәлімдеді.  "Премьер-министрдің кеңсесі менің атыма үш күн ішінде азық-түліктің қымбаттауының алдын алу мәселесіне жауап беретін ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция вице-министрлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізсін", - деді Үкімет басшысы. Вице-министрлермен қатар, Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Тараз әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапқа тартылмақ. "Мүдделі мемлекеттік органдар қатарынан жұмыс тобын құрып, бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа мерзімге және орта мерзімге арналған нақты шаралар әзірленсін. Роман Васильевич, жұмысты басқаруды сізге тапсырамын", - деді премьер-министр. Асқар Мамин президент үкімет пен әкімдіктер алдына әлеуметтік маңызды үлкен міндет қойып отырғанын атап өтті. "Осы тапсырманы орындауға баса назар аударып, барлық қажетті шараны шұғыл түрде іске асыру қажет. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу керек. Мемлекеттік органдар мен әкімдерге жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын", - деді ол. Үкімет басшының айтуынша, өңірлер арасында ең жоғары баға өсімі Шымкент пен Қызылорда қалаларында байқалған. Бұл екі өңірде 19 тауардың жетеуі қымбаттаған. Ал Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда 19 тауардың бесеуінің бағасы өскен. "Бұл әкімдіктер, ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интеграция министрліктерінің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді", - деді Мамин.