3 Қазан, 10:15 357 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл!

Адамшылық өлшемі осындай, өйткені «бәріміз де адамнан жаралғанбыз, ал адам топырақтан жаралған». Мұны дін де, дәстүр де айтады. Әр пендеге топырақ бұйырып жатса, ол – жаратылыс заңы. Адамның бүкіл ғұмырын екі ауыз сөзбен – «таңертең шықтым базарға, бір кебін алып қайттым мазарға» деп дәл суреттеген аталарымыз дүниеден озғандарға қатысты да жөн-жосықты дәстүр деңгейіне жеткізіп кеткені ақиқат. Сол мазарды, мазаратты, зиратты, қорымды қастерлеу, әруақты сыйлап, белгі (көк тас) орнату, әулиенің басына шырақшы қою сияқты сауабы мол істерді жүйесімен, қисынымен атқарған.

Сондықтан да шығар, ел аумағында хал­қымыздың өткенін ұмытпай, жа­дын жаңғыртуға, бірлігіне сызат түсірмей, топ­тасуына тұғыр болып келе жатқан та­рихи кесенелер мен кешендер аз емес. Олар­ды рухани дәстүрлеріміздің басты негізі деп бағалаған Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сын­да кие­лі, қасиетті орындарға қатысты маңызды жо­ба­ларды іске қосуды ұсынған болатын. Ал Пре­зидент Қ. Тоқаев Жаңғырту жөніндегі Ұлт­тық комиссияның жұмысын жандандыру қажеттігін атап көрсетті. Бұл жайдан-жай емес. Өздеріңізге аян, мұндай қа­сиетті орын­дарға қай заманда да бас­қын­шы-отаршылдар, кісәпір пиғылды озбырлар қы­рын қарады. Әдейі бұзып, талқандады, қасақана бүлдіріп отырды. Пиғылы түсінікті – елдің сағын сын­дыру, рухын әлсірету, парасатты ұрпақ сабақтас­тығын үзу. Тәуел­сіз­дікке қолымыз жеткеннен кейін ғана өшкеніміз жанып, бүлінгеніміз бүтінделе бас­тады. Руханияты­мыздың ұстындарын түген­деуді қолға алдық. Шынтуайтында, еге­мен ел ғана өз салт-дәс­түрін, ғұрпын дамыта алады. Қайсыбір ағай­ын жеті ата, үш жұрт, түп-тұқиянын түген­деу­де ғылымды місе тұт­пай, жүйелеуді артық са­наса, көп нәрсе ер­тегі-аңыз деңгейі­нен ас­­пауы мүмкін. Олқы тұстар ортақ тари­хы­мыз­бен үйлеспесе де, шежірелер түзу үрді­сін­де біршама игі іс-шаралар атқарылып келеді.

Тағылымы да, жаңалығы да же­терлік, құндылығы да құптарлық, ша­пағаты да шүкірлік.

Ал біздің айтпағымыз – келелі істің қазір қолға алмаса кеш болатын, елімізде етек жая бастаған әттеген-айы. Солардың бірі – алыс-жақын жерлерде, сайын дала­да, жол бойында қалқайған ескерткіш белгілер, монументтер мен кесенелер ахуалы. Маңайының қараусыз қалуы, шөп-шалам, тікенек басуы немесе тозаңы шығып, құрылыс, тұрмыс қалдықтарына толып жатуы әлі де болса ескі сананың сарқыншағы мен кір-қолаңы тазарма­ға­нымыздай әсер қалдырады.

Әрине, әулие, ірі тұлғалар басына бел­гі қою, оларды ретімен ұлықтау – елдік дәстүр. «Тірінің қадірін біл, Өлінің қабірін біл!» деп аталарымыз бекер айтпаған болар. Тіпті жекелеген имани-мәдениетті, тарихи кешендерді көргенде, көңіл марқайып, ұлт үшін мақтанасыз, көзіңіз сүйсінеді, кеудеңізді ризашылық сезімі кернейді. Ал басым көпшілігінде жағдай жоғарыда айтқандай, яғни абаттандыруға, көгалдандыруға көңіл бөлінбейді, өліге иман тілеп, әулиелі жерлерді тірілер зияратына лайық орынға айналдырмайды. Ондай сиықтың көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес.

Мәселен, кез келген белгі-ескерткішті, монументті, мұңтас-мұнақыпты орнат­пас­тан бұрын уақыт, табиғат сынын ес­кер­ген абзал шығар. Әсіресе, жер-жерде, ел-елде, жұрт-жұртта, ауыл-ауылда, ата-атада білекті сыбана кететін белсенділері осындай істі қолға алғанда, оны әрі қарай ұзақ жылдар бойы күтіп ұстауды (эсте­ти­касын сақтауды, көгалдандыруды) ұмыт­пағаны жөн. Құрылысты салуын салып, арнайы ас берілген соң, ондай орындардың көбі қайта жетімсіреп, егесіз жатады. Кімнің жауапкершілігінде (ба­лан­сында) екені айқындалмайды, шырақ­шы­сы тұрақсыз болады, ұстау мен күтім шы­ғыны ескерілмейді.

Сонда бұл кім үшін, не үшін? Ұрпақ үшін, ел үшін болса, неге тиянақсыз тір­лік­ке жол береміз? Киелі орынға деген мә­дениетіміз осылай қалыптаса ма екен? Мұндай бейәдеп, берекетсіздік бүгінгі заманға, елдікке лайық па? Ата дәстүрде ертеңін ойлап қана іс тындырылмайтын ба еді?

Алайда, ұятымызға қарай, аталған үрдіс тоқтаусыз жалғасып келеді. Жалпы мұндай белгілер қою ісінде неге заң, ереже, норма талабы жоқ? Бар болса оны реттейтін тиісті орындар ай қарап отыр ма? Көпшілік жиналатын орындардың қауіпсіз әрі эстетикалық жағынан көрікті болуын кім бақылауы тиіс?..

Халық орынды айтып жүрген тағы бір сын – белгі қою кей өңірлерде ат жарыс­тан атан жарысқа ұласа бастағаны. Иә, бұл үрдіс қызды-қыздымен Адам Ата мен Хауа Анаға барып тірелуі ғажап емес. Қа­зір санамызда «Неге біржолата сол әуелгі пайғамбар ата мен бастау-тұма анамызға алып ескерткіш орнатып тынбаймыз?» деген ой да жаңғырып жүр. Шартты түрде алсақ, кеме қалған десетін киелі Қазы­ғұрт­­тың басына қойылатын Адам Ата мен Хауа Ана монументіне дүние жүзі құр­лық­­тарынан адамзат ұрпақтары сабылып келіп жатса деп қиялдайсың... Оның үстіне Президентіміз Қ. Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәде­ние­­тіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн» деп, қалың қауымға ой салғаны да рас. Мұны ендігі жерде орындалуға тиіс тап­сырма деп қабылдаған дұрыс. Мем­ле­кет басшысының тағы бір тың ұсынысы – Жошы хан кесенесін туристер іздеп келе­тіндей ету мәселесі ғалымдардан бас­тап түрлі сала мамандарын жаңа ізденіс­тер­ге жұмылдырып отыр деуге болады. Шыңғыстың өзінен бастап әулетінен шық­қандардың қайсысының зираты осы­лай сақталғаны, оның басқа аумақта емес, нақ қазақ жерінде бүгінгі заманға жеткені туралы тарих тағылымы әлемді дүр еткі­зетін, дүние жүзін ойландыратын тақы­рып­тың бірі емес пе? Әне, солай әлемдік туризмге жол ашсақ, кім қой деп отыр? Әлде ондай деңгейге жету үшін міндетті түрде Елбасы, Президент, Үкімет арнайы тапсырма беру керек пе? Көрші мемле­кет­тер көзін тауып отырған іске неге сел­соқпыз?

Жалпы елімізді танытатын Рухани жаңғырудың осындай жобаларын отан­сүйер кәсіпкерлер мен іс адамдары неге іліп әкетпей жатыр?

Әлемдік эко-этнотуризм менед­ж­мен­тінің, технологиялардың қарқынды, жыл­дам дамып жатқанын ескеріп, іс жаса­ма­сақ, туризм көші мен керуендері елімізді ай­налып өтетін жағдайға тап бола­ты­нымыз бесенеден белгілі. Иә, өзгеге айтуға жалықпайтын, өзімізге келгенде қолымыз тие бермейтін мәселе туралы қам жегенде, мәдениетімізді, санамыздың сапасын күрт көтеру керектігі күн тәртібіне шы­ғады. Сондай адамзаттық құндылық­тар­ды меже етпесе, балаларымыздың бала­ла­рының балалары да жайбарақат дағ­дымен, сарытап әдетпен, ескі сүрлеумен жүре беруі әбден мүмкін.

Ал әзірге еліміздің аумағында көркем­дік деңгейі әр қилы, үзіліп-жұлынған ше­жі­редей әр жерде бір қарайған ескерт­кіш­тер бізге «әуелі біліміңді тереңдет, ғылым мен өнеріңді дамыт!» деп ескертіп тұрған­дай көрінеді. Шеттен келетін туристерді былай қойғанда, тәуелсіз еліміздің ертеңгі ұрпағы үшін атқаратын істердің сапасына көңіл бөлудің де көкейкестілігі артып отыр.

Шындығын айтар болсақ, әуелі барша қазағымыздың ортақ мақтанышы санала­тын «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген 100 нысаннан өзге 32 діни-ғибадат орнын, тарихи тұлғаларға қатысты 20-дан ас­там, ірі саяси, тарихи оқиғаларға бай­ла­нысты 15 мекенді (мәртебесі барынан өзгесін де) сақтап қалып, қолдан кел­ген­ше абаттан­ды­рып, ұрпағымыздың қолы­на бүлдірмей, бүтін табыс ету – ең сауап­ты істеріміздің бірі деп білеміз. Өйткені халқымыздың ба­сын қосатын, бірлігін арттырып, бірік­тіретін hәм бекемдей түсетін көне әрі маңызы бар мәдени мұрамыз тату­лы­ғымыз бен тұрақты­лы­ғы­мызға, тұтасты­ғы­мыз бен баян­ды­лығымызға қызмет ететін болады. Бұл – Елбасы айқындаған мәңгі ел болу мұратының, Президент  Қ.То­қаев айтқан ұрпақтар сабақтас­ты­ғы­ның айқын дәлелі. Бұл – ата-баба амана­тына, қадір-қасиетіне адалдық. Ел рухын көтеретін ғылыми, мәдени-тарихи, қол­дан­балы жобаларды науқаншылықтан сақ­­тап қалу, оларды ұзақ мерзімге шақ­тал­ған үздіксіз үдеріске айналдыру мем­ле­кетіміздің де, халқымыздың да кемелдік жолын ашатыны анық. Сонда Ұлы дала­мыз­дың қыры мен сырын танып мең­геруді – әрбір прагматик азамат өзінің пер­зенттік парызы санары сөзсіз.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты

Соңғы жаңалықтар