408
Алаштың жолы – жаһанға үлгі
Алаштың жолы – жаһанға үлгі
Апта басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Америка Құрама штаттарына барды. 5 күнге созылатын сапардың басында Біріккен Ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 74-сессиясына қатысып, әлемнің тұрақты дамуына қауіп келтіріп отырған бірқатар жаһандық тенденцияларға алаңдаушылық танытты.
Расында да, әлемдегі қатыгездік пен берекесіздіктің тетігі – жойқын қарудан түбегейлі бас тартып, ядролық қарудан азат аймақ құрған Қазақстанның тәжірибесі көпке үлгі. Соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды.
Шындығында, әлем елдері жеке мүддесі үшін жанталаса қаруланып, адамзатқа ортақ мүддені назардан тыс қалдырып отырған секілді. Мұндайда бір елдің тәуекелге барып, өзгелерге үлгі ұсынуы, жалпы адамзаттық мүдде үшін әрекет етуі кез келгеннің қолынан келе бермейтін көрегендік. Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған еліміздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда, әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды.
Cондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында жасаған мәлімдемесіне осы мәселені өзек етуі бекер емес.
«Ядролық қарусыз әлем құру – бұл елімнің ұлы басым бағыты. Осы ұмтылыс қазақ халқының жалпыұлттық бірегейлігінің ажырамас бөлігіне айналды. Ол бізге ядролық қаруды жоюға қатысты жаһандық қозғалыстың алғы шебінде болуға моральдық құқық берді. Біз ядролық қарудың игілік емес, жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікке төнген қауіп екендігіне нық сенімдіміз. Өкініштісі, бірқатар елдер бұрынғысынша стратегиялық қорғаныс күштерінде ядролық арсеналға арқа сүйейді, бұл олардың қарсыластарына ассиметриялық жауап беру үшін оны иемдену мәселесін қарауға мәжбүр етеді. Бұл қарымта жауаптың өзі – жаппай қырып-жою қаруы секілді қырғынға апаратын жол», – деді Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінде сөйлеген сөзінде.
Ол сондай-ақ, «Бүгінгі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге алаңдаушылық танытуға толық негіз бар. 2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі бірлескен міндеттерді жүзеге асыруда мұндай жағдай біз үшін сынақ болмақ. Жаңа жаһандық тенденцияларда басты алаңдаушылық тудырып отырған жайттар ол – шешілмей жатқан кикілжіңдердің артуы мен әлемнің әр түкпіріндегі аймақтардағы басқындық. Жаһандық державалар толыққанды әскери қақтығыс алдында тұр», – деді.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы жетістіктерін еске салды. «Біз үлгі көрсеткіміз келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып, ерікті түрде әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тартты. Бұл шешім – ядролық қарудан бас тарту және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылық бағыттағы сәтті әрі ұзақ жолдағы алғашқы қадамымыз болды. Осы асыл мұратымызға жету жолында ядролық қарудан азат Орталық Азияның айрықша аймақ болып құрылғанын атап өткім келеді», – деген Президент әлем елдерін осындай жаңа аймақтарды құруға шақырды.
Орталық Азия аймағының рөлі мен әлеуеті туралы айтқан Президент: «Ондаған жылдар бойы Орталық Азия мемлекеттері экономикалық байланысының әлсіз болуы олардың тұрақты өсуіне кедергі келтірді. Бүгінгі таңда ортақ мүдделер мен мәселелер туындаған соң аймақ дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осыған байланысты аймақтағы барлық 5 ел арасындағы конструктивті саяси диалог сауда-экономикалық, инвестициялық қатынастар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін өте маңызды болады», – дей келе, Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика бола отырып, барлық мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында алаңдаушылық туғызатын жаһандық 4 үрдіске тоқталды. Біріншіден, әлемнің әртүрлі аймақтарында шешілмеген қақтығыстар мен шиеленістердің көбеюі, екіншіден, жаһандық және аймақтық субъектілер арасында сенімнің жоғалуы, үшіншіден, солтүстік пен оңтүстік арасындағы теңсіздіктің күшеюі, төртіншіден, қоршаған ортаның құлдырауы секілді төрт қатердің жаһанды берекесіздік пен тұрақсыздыққа әкеліп тірейтінін айтып, әріптестерін жан-жақты диалог орнатуға, бейбітшілік үшін күш біріктіруге үндеді.
Президенттің Нью-Йоркқа сапарындағы айрықша маңызға ие тағы бір оқиға – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің қабылдауы. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы Қазақстанның белсенділігін атап өткен Бас хатшы еліміздің жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ, кездесуде мемлекетіміздің өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Антониу Гутерриш жаһандық ядролық қаруға қарсы күн тәртібінде Қазақстанның жетекші рөл атқаратынын айрықша атап өтті.
P.S.
Сапар барысында Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамп, Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурер, Болгария басшысы Румен Радев, Польша Президенті Анджей Дуда, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили, Иордания Королі ІІ Абдалла және Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде АҚШ-қа жасап отырған алғашқы сапары. Қазақстанның ірі инвесторларының бірі саналатын алпауыт ел мемлекетіміздің басшысын зор құрметпен қарсы алды. Екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаған америкалық әріптестер өзара тиімді стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін жеткізді. Бүгінге дейін америкалық серіктестер қазақстандық нарыққа 45 млрд доллардан астам қаржы салған. Мемлекет басшысынан еліміздегі жаңа инвестициялық мүмкіндіктер жайлы естіген ірі компания өкілдері бірқатар жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ынта білдірді. Қызыға құлақ түргендердің қатарында АҚШ-тың «Royal Dutch Shell», «JPMorgan Chase & Co.», «Amazon Web Services» секілді алпауыт компаниялар бар