Жыл басынан бері өндірісте 848 адам зардап шекті

Жыл басынан бері өндірісте 848 адам зардап шекті

Жыл басынан бері өндірісте 848 адам зардап шекті
ашық дереккөзі
Жыл басынан бері республика кәсіпорындарында 757 жазатайым оқиға тіркелді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. «Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республика кәсіпорындарында 757 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 848 адам зардап шекті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13 пайызға төмен (2018 жылдың 8 айында – 975 адам). Жазатайым оқиғалардан 95 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28 пайызға төмен (2018 жылы-133 адам)», - делінген ведомство мәліметінде. Айта кетейік, жарақаттанудың өсуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады. Павлодар облысында өлім-жітім жағдайларының саны артты. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында (96 адам немесе 15%) және құрылыс саласында( 65 адам немесе 10%) тіркелді. Кейбір кәсіпорындарда екі және одан да көп жазатайым оқиғалары орын алғандығын айта кету керек: («АрселорМиттал Теміртау» АҚ – 20, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – 11 (Қарағанды облысы), «Казцинк» ЖШС – 15, «Шығыстүстімет» ЖШС – 6 (ШҚО), «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС – 3, «Алюминий Казахстана» АҚ – 2 (Павлодар облысы), «ССКӨБ» АҚ - 4, «Баян Сұлу» АҚ - 2 (Қостанай облысы). ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері арасында жұмыс өндірісін тиісті деңгейде емес ұйымдастыру, қауіпсіз еңбек тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу анықталды.