Мажарлар жүгері мен бұршақ өсіруді үйретеді
Мажарлар жүгері мен бұршақ өсіруді үйретеді
Еліміздегі агроөнеркәсіпке Мажарстан қолдау көрсетіп, бұл саланы дамыту үшін инвестиция құймақ ниетте. Тіпті жергілікті шаруаларға жүгері мен бұршақ өсіруді үйретуді жоспарлап отыр деп хабарлайды Алматы телеарнасы. Таяуда Алматыға келген Мажарыстан ауылшаруашылығы министрі алдымен Асылжан Мамытбековпен жолығып, арнайы басқосуда ірі мажарлық компаниялардың елімізге миллиондап инвестиция құятынын жеткізген болатын.
Қомақты қаржы алдымен қос ел арасындағы инвестициялық қорға аударылмақ. Тек содан кейін осы қаражат елімізге қажетті деп саналған салаларға бөлінбек. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Біздің мақсат - Венгрия - Қазақстан арасындағы инвестициялық қорды құру. Бұл фондының жалпы сомасы 40 миллион доллар болады. Оған қосымша 20 миллион доллар құйылады. Әлі ашылмаған қорға инвесторлар 100 миллион доллар құюға дайын тұр», - дейді.
Венгерлік министрдің сөзінше, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Қазіргі таңда 100-ден аса қазақстандық студент осы мемлекеттің жоғарғы оқу орындарында ауыл шаруашылығы саласында білім алса, мажарлық отыз шақты компания елімізге өз өнімдерін экспорттап жатыр. Оның ішінде агро техникалар, консервіленген көкөніс пен кептірілген жеміс-жидек, шарап және дақыл жармалары бар. Сонымен қоса, мажарлықтар биылдан бастап жергілікті шаруаларға бұршақ пен жүгері өсіруді үйретіп, дәнді дақылдың бұл түрінің жаңа сұрыпын да елге кіргізу үшін екі министр өзара келісімге келді. «Бүгінгі келіссөзде Қазақстанға сұрыпталған егіс тұқымдарын экспорттауды талқыладық. Оның ішінде жүгері мен бұршақ та бар. Бұл өнімдер әлемде үлкен сұраныста.
Біз дәнді дақылдарды тек кіргізбейміз, мамандар оны қалай өсіріп, баптау керектігін қазақстандық шаруаларға үйрететін болады»,- деді Венгрия ауыл шаруашылығы министрі Шандора Фазекаша. Қазіргі таңда мажарлық 10 ірі компания Қазақстанда сүт саласымен мал шаруашылығына арналған жем-шөпті өндіруді инвестициялауға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта елімізге мал етін экспорттау жоспарлануда. Еліміздің бас агрономы венгерлік ғалымдардан үйренеріміз көп дейді. Олар ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу, тұқым шаруашылығы, селекция және гендік қорды зерттеуге ынталы екен.