507
Жыл басынан 3 мыңнан астам елордалық дәрігер шетелде біліктілігін арттырды
Жыл басынан 3 мыңнан астам елордалық дәрігер шетелде біліктілігін арттырды
Жыл басынан 3 мыңнан астам елордалық дәрігер шетелде біліктілігін арттырды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы. Басқарма мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылдан бастап олар Назарбаев Университетімен, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығымен, Алматы Менеджмент университетімен, Астана медициналық университетімен және басқа да жетекші медициналық және шетелдік университеттермен мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ынтымақтастық орнатқан.
Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемованың айтуынша, елордада 2016-2019 жылдарды қамтитын үш деңгейлі жүйе бойынша 18 213 медицина қызметкері оқытылды. 2019 жыл аралығында 3 452 адам (оның 40-ы шетелде) онкология, акушерия және гинекология, анестезиология және қарқынды терапия, травматология, нейрохирургия, оториноларингология, хирургия бойынша Швейцария, Германия, Оңтүстік Корея және Израильдің жетекші клиникаларында біліктілігін арттырды. Бүгінгі таңда денсаулық сақтауды цифрландыру отандық медицинаны дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
«IT-медицина саласында көп жұмыс жасалды, енді елордада дәрігермен мобильді қосымша арқылы немесе «ikomek 109» байланыс орталығы арқылы жазыла аласыз, сонымен қатар барлық медициналық ұйымдарда 1 миллионнан астам медициналық құжаттар цифрландырылды, атқарылған жұмыстардың арқасында әр тұрғынға электронды төлқұжат жасалды. Енді Сіздің денсаулығыңыздың көрсеткіштерін бақылауға, жеке денсаулығыңыз туралы жазба арқылы мамандармен байланысуға болады», - дейді Әлия Рүстемова. Оның айтуынша, елімізде тұңғыш рет Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Адалдық алаңы» жобасымен бірлесіп медициналық анықтамалар мен медициналық кітаптар шығарудың заңдылығын тексеретін ақпараттық қызмет іске қосылды. Енді оны Smart Astana мобильді қосымшасына ЖСН деректерін енгізу арқылы қажетті мәліметтерді тексеруге болады және бұл шаралар жалған медициналық құжаттардың таралуына жол бермейді.