Жабық қаулыдағы құпия адам

Жабық қаулыдағы құпия адам

Жабық  қаулыдағы  құпия  адам
ашық дереккөзі
Лениндік сыйлықты жасырын алған еді. Неге? Оның аты-жөні ешбір ғылыми еңбектерде, бағалы, маңызы бар құжаттарда аталмай келді. Тіпті, бір кезде КСРО-ның ең жоғарғы наградасы Лениндік сыйлықтың өзі оған жасырын – құпия тапсырылды. Бұл жөніндегі қуанышын өзінің ең жақын деген адамына да айта алма­ды. Өзінің атын шығарған ғылыми еңбегі  өзге елде салтанат құрғанда ғана көкейінде жүрген ойла­рын айтуға мүмкіндік алды. Сонымен біздің сұхбаттасымыз Лениндік сый­лықтың лауреаты – Әубәкіров Халел Батталұлы. – Халел Батталұлы, біз сізді Лениндік сыйлықтың лауреаты ретінде энциклопедиядан, түрлі ғылыми еңбектерден де іздеп таба алмадық. Елімізде болып жатқан сан мақсатты саяси-мәдени іс-шаралардан да көрмейміз. Тіпті, сізді зиялы қауымның өзі де білмейтіні рас. Осыншама туған халқыңыздан бөлектеніп, жасырынуыңызға не себеп болды? – Халық қашанда ұлы. Одан жасырынуға болмайды. Бірақ мені сол кездегі саяси орта жасырып ұстауға мүдделі болды. Уран өндірісі қашанда стратегиялық маңызы бар шикізат ретінде өте құпиялы сақталғаны белгілі. Міне, менің 1953 жылдан басталған бар саналы өмірім осы саламен тығыз байланыста келеді. 1953 жылы Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы Геология институтына оқуға түсіп, оның арнаулы курсын 1959 жылы бітіріп шықтым. Арнаулы курс дейтінім, бұл топта белгілі тексерістен өткен санаулы студенттер ғана оқыдық. Бұл топ Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ерекше бақылауында болды. Маған дейінгіні білмедім, сол кезде қазақтардан осы топты жалғыз өзім бітіріп шыққаным аян. Содан бергі қызмет жолым Волхов геология барлау экспедициясымен байланысты болды. – Лениндік сыйлықты қай жылы және қандай еңбегіңіз үшін алдыңыз? – 1978 жылы КПСС Орталық Комитетінің және КСРО Министрлер Кеңесінің жабық қаулысымен маған «Геологиялық жаңа концепцияны дайындағаным үшін» Лениндік сыйлық берілді. Сыйлық жабық күйінде құпия жағдайда тапсырылды. Өйт­кені, сол күні бұл сыйлық менімен бірге елімізде стратегиялық маңызы бар әскери кешендер мен электронды және атомдық су кемелерін ойлап шығарған бір топ конструкторларға да тапсырылған болатын. Марапаттау салтанаты теледидарға түсірілмеді, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталмады. Тіпті, бұл сыйлықты не үшін алғанымыз жөнінде және өзінің осы сыйлықтың иегері екендігі турасында айтпау керектігі қатаң ескертілді. Бұл жөнінде қолхат та бердік. Жалпы бұл жоғары атақ менің Оңтүстік Қазақстан өңірінен уран рудасын жаңа тәжірибемен игерудегі еңбегіме берілген-ді. – Халел аға, 1992 жылға дейін Қазақстанда уран өндіру мәселесі өте құпия сақталып келді. Ал сіздің концепцияңыз сыйлық алса да, жариялауға жатпайды. Бүған не себеп? – Бұған  ең  басты  себеп біздегі теориялық қасаң қағидалары әсер етті. Рас, КСРО кезінде бұл концепция Лениндік Сыйлық алса да, жариялануға жатпады. Ол тек Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін ғана жарияланды. Осыдан кейін бұл концепцияға қызығушылар табыла бастады. Кейін біздің елімізге қытайлық ураншы-геологтар келіп концепциямен танысты. Мен оларға бірнеше лекция оқыдым. Осыдан кейін олар мені Пекинге шақырып, тағы да лекция оқуымды сұрады. Алайда олар менің қағидаларыма бой ұрмай, бұрынғы теория бойынша жүздеген скважина бұрғылап, ешбір нәтижеге қол жеткізе алмады. 2000 жылы қыркүйек-қазан айларында мен Қытай елінде тағы болдым. Олар бұл жолы менің концепциям бойынша үш скважина бұрғылап, соның біреуінен уран рудасын тапты. Ал биылғы жылдың мамыр-тамыз айларында сол жерлерде іздестіру жұмыстарына жетекшілік жасап, үлкен жетістіктерге жет­тік. Қазір зерттелген жерлердің жүйелік нобайлары жасалып, ол іске асырылуда. – Біз әдетте теория мен практика егіз деп жатамыз. Сіздің тұжырымдамаңыз бұл екі аралықты бір-бірінен алшақ қарастырып отыр. Жаңа концепцияның өзі үлкен жетістіктерге жетсе де, ресми ғылымның өзі ескі қағидамен жұмыс істеп отырған сыңайлы. Бұған не дер едіңіз? – Иә, бұл тұжырымдама кезінде үлкен дау туғызды. Менің үстімнен әрқилы хаттарда жазылды. Бірақ мен өз қағидаларымды дәлелдеуден тынбадым. Ақыры теория мен практиканың қабыспайтынын нақты тәжірибемен көрсетіп бердім. 1972-1976 жылдардағы біздің мазасыз ізденуіміздің соңы бірнеше уран рудаларының нақты аймағын ашуымызға әкеліп соқты. Әрине, бұл Мәскеу, Ленинград ғылыми орталықтарының  қарсылықтарына қарамастан жасалған тәжірибелер еді.  Міне осы кезден бастап, ескі тұжырымдамамен жұмыс істеуге болмайтынын айтып  келемін. Жалпы, уран рудасы жаралуының экзогендік тео­риясы    негіздерінің қате екендігі дәлел­деніп отыр. «Уран рудасының  гидротермальдық процестермен жаралғаны және платформалық шөгінділердегі гидрогенді  кен орындарының жаралу механизмі туралы» ең алғаш тұжырымдама жасағанымды мақтаныш етемін. Ал ескі қағидамен жұмыс істеу, ол әлі күнге дейін сақталған. Бірақ олар табиғат пен қоғамның өзгеріп отыратыны сияқты, ғылымның да жаңарып толықтырылып отыратынына сенбейтін іспетті. Оның бұдан басқа да көптеген әлеуметтік себептері бар. –  Халел аға, біз сізді жоғарыдағы тұжырымдамаңыздан кейін «Уран өндірісінде Революция жасаған тұлға» деп танығанымыз дұрыс болар. Себебі, бұл еңбегіңізді қазір бүкіл әлем біліп, өз қызығушылықтарын танытып отыр емес пе? – Иә, біздің тұжырымдамамыз әлем­нің көптеген елдерін қызықтырып отыр. 2000 жылы Бразилияда өткен геологиялық конгрессте бұл жаңалыққа қызығушылар көп болды. Қазірдің өзінде АҚШ, Түркия, Бразилия елдері бұл концепцияға өздерінің оңды көзқарастарын танытуда. Алайда өз елімізде бұл бастамаға қызығушылықтың жоқтығы мені қатты ойландырады. – Сіз «Казатомпромға» қолдағы бар уран орындарына түпкілікті зерттеу жүргізуді ұсынған екенсіз. Алайда, ұсынысыңыз үнемі қарсылықтарға тап болады екен. Бұл неліктен деп ойлайсыз? – Мен бұл жерде Бетпақ даланың ортасындағы уран рудниктерін айтып тұрмын. Бұл жерде жақсы жабдықталған жұмысшы қалашығы бар. Инфраструктурасы жақсы дамыған бұл рудниктер осыдан 30 жыл бұрын ескі теориямен зерттелген болатын. Зерттеу жұмыстары қалашықтың тұралауына да жол бермейді. Екіншіден, жаңа концепция бұл жердегі уранның мол қорының бар екендігін дәлелдеп шығатынына сенемін.  Ал «Каз­­ат­ом­промның» қарсылығына кел­сек, ол мынаған саяды. Олар («Казатомпром») Қазақстандағы уран өндірісі 100 жылға алдын-ала зерттелген дейді. Меніңше, бұл жерде патриоттық көзқарас жетпейтін сияқты. Бүгінгі таңда әрбір адам өз елінің патриоты болуы тиіс. Алайда осы істің басында отырған «Казатомпромның» вице-президенті В.Язиковтан мен жоғарыдағыдай көзқарасты көре алмай отырмын. Осыған қарамастан олар жаңа кен орындарын іздестіріп, игермек сыңайлы. Оған қаншама қаржы кетпек. Мұнда кімнің мүддесі тұр, осы жағын қарастыру керек сияқты. – Халел  Батталұлы,  өзіңіз бас болып негізін қалаған тұжырымдама жеміссіз де емес іспетті. Жақында Сізге Қытай   Халық  Республикасының шетелдік мамандарға берілетін ең жоғарғы ордені тапсырылған екен. Сол орденіңізбен газет оқырмандары атынан құттықтаймын. – Рахмет! Қытайда былтырғы жүргізген геологиялық зерттеулерде қол жеткен табыстарым үшін Бүкілқытайлық ядролық өнеркәсіп корпорациясы мені осы жоғарғы  наградаға ұсынған көрінеді. Биылғы 1 қазанда – Қытай Халық Республикасының ұлттық мерекесі күні маған Пекин қаласында осы жоғарғы Достық ордені қазақ музыкасының шырқауымен салтанатты түрде табыс етілді. Жалпы бұл   орденмен әлемнің 17 елінен 50-ақ адам марапатталған екен. – Жаңа концепция өз құпиялығын ашқан соң, оған жариялылық та қажет болар. Оның өзі Қазақ еліне және қазақ ғылымына зор құрмет алып келмей ме? – Міне, мәселе осы тұрғыда қаралуы тиіс. Әзірге насихат жоқ, егер қажет болса оған өзім кірісуім шарт болып тұр. Өткен жылы Бразилияда өткен халық­ара­лық геологиялық конгресс осы тақырыпты қамтитын жинақ шығаруды қолға алды. Оған кіру үшін 300 АҚШ доллары көлемінде жарна   төлеу   қажет   бол­ды. Осыған орай «Казатомпромнан» көмек сұрап, ықпал етуін өтінген болатынмын. Алайда олар бұл өтінішіме құлақ аспады.  Егер түсінген адамға бұл Қазақстанның ірі, қуатты елдер қатарында екенін байқату жолдары еді. Ақыры балаларымды жұмылдыра отырып, қажетті жарнаны төлеп, халықаралық еңбекке ендім. – Халел аға,  енді газет оқырмандарына өзіңіз туралы айта кетсеңіз? – Мен 1935 жылы Омбы облысында дүниеге келдім. Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы орыс мектебін күміс медальмен бітіріп, 1953 жылы Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы Геология инстиутына оқуға түстім. Одан кейінгі барлық өмірімді жоғарыда баяндадым. – Уақытыңызды  бөліп сұхбат бер­геніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ермек ЗӘҢГІРОВ

«Түркістан» №46,  17 қараша 2001 жыл