444
ОҚУ ГРАНТЫ ДА, МЕКТЕПТЕ БЕРІЛЕТІН ТАМАҚ ТА ҚЫСҚАРТЫЛМАЙДЫ
ОҚУ ГРАНТЫ ДА, МЕКТЕПТЕ БЕРІЛЕТІН ТАМАҚ ТА ҚЫСҚАРТЫЛМАЙДЫ
Әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына алдағы уақытта да мектептерде тегін тамақ беріледі. Жалпы білім ошақтарында балаларға тегін тамақ беру тоқтатылмайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.
«Бүгінде еліміздегі бастауыш сынып оқушыларының 30 пайызы жергілікті бюджет есебінен тегін түскі аспен қамтылып отыр. Бұл шара барлық әлеуметтік топтарға, кейбір өңірлерде бастауыш сынып оқушыларына бағытталған. Бұл салада айтарлықтай өзгерістер болмайды. Жергілікті бюджеттердің қауқарына сәйкес тегін тамақтандыру жалғаса береді, - дейді Аслан Сәрінжіпов. Сонымен қатар, Білім министрі, еңбек күші жеткіліксіз өңірлердегі жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуға бөлінетін гранттар саны екі жарым есе көбейетінін айтты.
Яғни былтыр Қазақстандағы жұмыс күші тапшы өңірлерде грант саны 2050 болса, 2015 жылы 5 мың грантқа дейін ұлғайтылмақ. «Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша қысқарту жоспарланып отырған жоқ», - деді А.Сәрінжіпов. Осы орайда, министр өзі басқаратын ведомствода аталған бағдарламаның жаңа бюджеті қарастырылып жатқанын және қаржы үнемдеудің кейбір тетіктерін енгізу жоспарланып отырғанын айтты.