10 Мамыр, 17:03 494 0 Өнер "Түркістан" газетінің авторлары

АЯҒЫМЕН СУРЕТ САЛЫП, ТІГІН ТІГЕТІН АНАР

«Нәсіпке – Алла қарыздар», Жаратушы жан баласын нәсіпсіз қалдырмаған. Әркімнің өлшеп берген өз ырзығы бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бүгінде қоғамнан тыс қалып отырған жоқ. Қарым-қабілетіне қарай ешкімге алақанын жаймай, спортпен, қолөнермен, ұсталықпен, зергерлікпен, тігіншілікпен айналысып, кәсіпкерлікке бет бұрғандарды естіп те, көріп те жүрміз. Дегенмен, адам мүмкіндігінде шек жоқтығына мысал көп. Мәселен, әйгілі ұшқыш А.Маресьевке әуедегі шайқасын үзбей, неміс басқыншылары төбесіне жасын ойнатуына екі аяғынан бірдей айырылғаны, жазушы Н.Островскийге «Құрыш қалай шынықты?» романын жазып шығуына зағиптығы бөгет бола алмаған.

Қимыл-қозғалысы шектеулілігіне қарамастан, өзіміздегі қызылордалық атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Жадыра Тасмағанбетованың ерен еңбектің үлгісін танытуы, жазушы Зейнолла Шүкіровтің Сыр бойы тарихы туралы том-том кітаптар жазғаны, сірә, естен шығар ма?! Қазір де қоғамның толыққанды мүшесі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандардың ешкімге алақан жаймай, қарым-қабілеттеріне қарай жеке кәсібін ашып, өзін де, өзгелерді де бақуаттылыққа бастап отырғандары аз емес. Жамбылдық Зүлфия Ғабидуллинаның басына түскен қиындыққа қарсы тұрып, мойымай, мұқалмай, спортта үлкен жетістікке жетуі, елімізде жүзу спортынан тұңғыш Паралимпиада чемпионы атануы көпке үлгі болған. Бұл да адам бойында бар әлеует пен мүмкіндіктің сәтімен жарқырай ашылуының жарқын мысалы. Адам мүмкіндігінің ең биік шыңы – ерлік те сондай. Ол да күллі адами ізгі қасиеттеріміздің сығындысы, синтезі іспеттес. Ойда жоқта туады.

Тараз қаласының тұрғыны Анар Бексұлтанованың тумысынан екі қолы бірдей жоқтығына қарамастан, өзінің шағын тігін цехын ашып, қыз жасауын тігіп, бизнесін дөңгелетіп отырғанын ерлік емес деп кім айтады! Мұндай жауапты істі мойнына алуының өзі оның қайсарлығын, батылдығын, мақсаткерлігін танытады. Бүгінде тепсе темір үзетін, аяқ-қолы балғадай талай азаматтарымыз екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз текке сенделіп жүргенін ескерсек, Анардың мұнысы шын мәнінде де таңғаларлық іс.
Мұсылмандық үлгімен киінген жүзі жылы кейіпкеріміз ашық-жарқын мінезімен, бүкпесіз әңгімесімен бізді бірден баурап алды. Оның әкесі Сағынтай марқұм Талас ауданында орманшы-қорықшы болып жұмыс істеген екен. Гүл өсіруді жақсы көріпті. Әкенің сол қасиеті бойына жұққан Анар ауылда тұрғанында гүлдің алуан түрін баптаған. Гүл туралы айтқанда арқаланып, қос жанары шоқтай жайнап шыға келеді. Кеше ғана базардан 17 мың теңгеге қызыл-сары гүл көшеттерін сатып әкеліп отырғызыпты. Ауласындағы жайқала өсіп тұрған сол гүлдер.

«Бала кездегі мұғалім болсам деген арманым орындалмай қалды. Әйтсе де гүлге деген құмарлығым әлі күнге бәсеңдеген емес. – Гүлдер менің үйімде ақпаннан қарашаға дейін гүлдеп тұрады. Оларды өзім көшеттеп, ыдыстарға отырғызып көбейтіп отырамын. Содан кейін апа-сіңлілеріме, құрбы-құрдастарыма сыйлаймын. Жалпы гүл сыйлағанды жақсы көремін», – дейді ол.

Жұмыс бөлмесіне кіргенімізде, жағалай ілінген түрлі картиналар назарымызды аудара берді. Денінде гүлдер мен табиғаттың әсем көріністері бейнеленген. «Бұл суреттерді қыздарыңыз салды ма? Жақсы екен» дедім, ол сәл езу тартып: «Жоқ, өзім салған суреттер», – деді. Сол кездегі таңданысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осылайша оны мүлде басқа қырынан тани түскендей болдық.

Осы орайда сәл шегініс жасасақ. Анар – Талас ауданының Үшарал ауылынан ұстаз болсам деген асқақ арманмен Жамбыл педагогикалық институтына түсіп, биология факультетін бітірген. Мамандығы бойынша мектепке жұмысқа орналасуға да тырысады. Бірақ қайда барса да мектеп басшылары одан ат-тонын ала қашқан. Осылайша тауы шағылып жүргенде Жамбыл облыстық «Аq jol» газетіне ол туралы көлемді мақала жарияланады. «Рас, оны сол кездегі газет редакторының орынбасары Бақтияр Әбілдаұлының тапсыруымен жазған едім. Мақала газетке шыққан күні бес-алты мекеменің басшысы (бәрі де әйел азаматтар) қоңырау шалып, Анарға өздерінен жұмыс тауып беруге даяр екендіктерін жеткізді» дейді мақала авторы Баймаханбет Ахмет. Көп өтпей сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Кеңесбек Демешевтің ықпалымен Анар облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залына экскурсовод болып жұмысқа орналасады. Қызметіне бар ынта-ықыласымен кіріскен қыздың бос уақытында аяғымен сурет салып отырғанын көрген әріптесі, суретші Вера Жуланова оның осы қырын ашуға көмектесіпті.

– Суретті ауылда жүрген кезімде де салдым. Бірақ былай майлы бояумен салуды Вера Викторқызынан үйрендім. Жұмыста қазба жұмыстары кезінде табылған құмыраларға қарап отырып, бейнелеуге тырыстым. Күнделікті жаттығудың арқасында қылқаламмен біраз туындыны дүниеге әкелдім. Бірақ менікі жай шатпақ қой. Назар аудармай-ақ қойыңыз, – деді ол.

Бөлме қабырғаларына жағалай ілінген суреттерді Анар аяғымен салды дегенге таңданасың. Анар өзі салған гүл суретінің жанына банкіде өсіп тұрған ландыш гүлін әкеліп қойғанда, ұқсастығына қайран қалдым. Туындылары арнайы сурет көрмелеріне қойылып жүр екен.

Бұл бөлмеде Анардың ең жақсы көретін гүлі өсіп тұр. Ол «Әджуа» деген жеміс ағашының дәнінен өнген. Оны Сауд Арабиясында болған бір құрбысы әкеліп берген. Бойы аласа, жапырағы тарам-тарам салалы саусақтарға ұқсайтын бұл жеміс ағашы 5-сыныпта оқитын қызымен түйдей құрдас болып шықты.

Анардың тігін цехы үйінің түкпір бөлмесінде. Онда тапсырыс бойынша тігілген бір-екі көрпеше ғана қалыпты. Жайпақ, шағын үстел үстінде жапонның шағын «Janome» тігін машинасы тұр. Ол ең алғаш осы машинамен құрақ құрап, көрпе тігуді үйреніпті. Әлі күнге осымен жұмыс істеп, еңбек етеді. Маманданғаны сонша көз алдымызда отыра қалып, аяғымен тігін машинасын іске қосып, ұршықша үйіріп жұмыс істеп кетті.
Кәсіпкердің жұмысына қолдау көрсетіп отырған – Шынар есімді әпкесі. «Денсаулығыма байланысты жұмыстан шығып, қиналып жүргенімде жағдайымды ойлап: «Қашанғы осылай әрекетсіз жүре береміз. Біз де бір кәсіппен айналысайық. Бір жағы табыс көзі, бір жағы жұмыс болады» деп ой тастап, бұл іске бастамашы болған да сіңілім ғой! Сөйтіп өз кәсібін ашып, бізді тығырықтан алып шықты. Жасы кіші болса да оған бағынып, айтқанын екі етпей орындауға тырыстым. Кейде бір аптада екі-үш қыз жасауын тіккен кездеріміз де болды. Жалпы одан жаман болған жоқпыз. Тұрмысымыз түзеліп, балаларды оқытып, қыздарымды тұрмысқа бердім. Енді сіңілім кәсібін кеңейтуді ойлап жүр. Үй жанынан арнайы тігін цехын салды. Оның әзірге бітпеген біраз жұмысы бар. Анардың шаршағанын байқасам, «Сенің қолыңнан бәрі келеді. Енді бір «әуп» десең мұны да алып шығасың» деп жігерлендіріп отырамын», – деді ол.

Бұл іс қалай басталып еді? Алғашқыда Анар құрбыларынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Үкіметтен берілетін гранттарды ұтып алуға қатысып, бақ сынауға болатындығын естиді. Өзіне қолайлысы осы-ау деген оймен қыз жасауын тігуді дұрыс көреді. Осылайша ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында ұйымдастырған байқауына қатысып, 3 миллион теңге көлеміндегі грантын жеңіп алып, үйінен шағын тігін цехын ашады.

– Бұрын әжелерім мен әпкелерімнің тіккен бұйымдарына қатты қызығатын едім. Енді бұл кәсіпті қолға алғалы өзімнің қалай тігінші болып кеткенімді де байқамай қалдым. Гранттың арқасында жапондық тігін машиналарын алып, іске кірістім. Бар зейініңді қойсаң барлығын үйренуге болады. Әрине, қиналдым. Оң аяқпен басқышын басып, сол аяқпен матаның бастарын қосып, тіктім. Қазір көпке мәлім «Махаббат» көрпелерін де бір аяғыммен аударыстырып тіге беремін, – дейді кәсіпкер. Жұмысқа қажетті маталарды Шымкент пен Бішкек қалаларынан сатып әкеледі.

«Шеше көрген тон пішер» деген, қыздары Әдемі мен Сұлуайым да сабақтан қолдары босаса аналарына қолғабыс етеді. Құрақ құрайды, басқа да шаруаларына жәрдемдеседі. Ал мектепте ол екеуі қолөнер және тігін үйірмесіне қатысып жүр. Ұстаздары Лунара Ертаева шәкірттерін түрлі конкурстарға қатыстырып, қанаттандырып, қолдап отырады.

Анардың алға қойған мақсаты да мол. Бүгінде қомақты несие алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды ойластыруда. Бұл жұмысты бастап та кеткен сыңайлы. Ауласынан тігін цехы ғимаратын жыл аяғына дейін салып бітірмек. Жұмысы жүріп жатса, қыз жасауы дүкенін ашпақ ниетте.

Асхат РАЙҚҰЛ
Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар