КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН

КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН

КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН
ашық дереккөзі
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Бес әлеуметтік баспана» атты халыққа үндеуінде елімізді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударған еді. Бір жарым жыл көлемінде газ тартылса, жеңгелеріміз бен келіндер от жағып, күл шығарудан құтылатын болады. Қазақстан газ өндіру көлемін 8 млрд текше метрден бастап, тәуелсіздік жылдарында бұл көрсеткішті 52 млрд текше метрге дейін арттырды. Қазір ел тұрғындарының газбен қамтылу деңгейі – 47,4 пайыз. Тоғыз облыста газ құбыры мәселесі әртүрлі деңгейде шешілгенімен, Орталық және Солтүстік Қазақстан азаматтары көгілдір отынсыз отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл саладағы жұмыстар 2014 жылы бекітілген газдандырудың 2015-2030 жылдар аралығындағы бас сызбасына сай жүргізіледі. Жауапты орган басшылыққа алып отырған өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарында елді мекендерге газ тарту жобасының уақыты мен реттілігі нақты көрсетілген. Энергетика министрлігінің газ өнеркәсібін дамыту департаменті басшысының орынбасары Демеу Сейітжановтың айтуынша, Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана – Көкшетау – Петропавл бағытындағы «Сарыарқа» магистральды газ құбыры жобасына «ҚазТранГаз» АҚ техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, құжат «Мемсараптама» РМК-ның оң бағасын алған. Жалпы құны 370 млрд теңге деп бағаланған газдандыру жобасын қаржыландыруға халықаралық қаржы институттары қатысады. Қазір «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі шетелдік банктермен байланыс орнатып, келіссөздер жүргізіп жатыр. Кезең-кезеңімен сатылай орындалатын газ құбырының құрылысы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Жобаның алғашқы кезеңі осы жылдың жазында басталады деп күтілуде. Орталық және Солтүстік Қазақстанды газдандыру бойынша «Сарыарқа» жобасы өз бастауын Бейнеу – Бозой – Шымкент бағытындағы газ құбырының бойында орналасқан Қараөзектен алады. 2013 жылы Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры іске қосылғанға дейін, оңтүстік өңірі газды сырттан импорттап келгенін атап өту керек. Жалпы ұзындығы 1534 шақырым болатын Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы ІV кезеңде жүзеге асады: І кезең – Қызылорда-Астана (1081 шақырым), ІІ кезең – Астана-Көкшетау (276 шақырым), ІІІ кезең – Көкшетау-Петропавл (177 шақырым), ІV кезең – Жезқазған, Теміртаудағы компрессорлық стансаларының құрылысы. Нәтижесінде, 2,7 млн адам табиғи газға қол жеткізуі керек. 2017 жылғы қорытынды дерекке сүйенсек, 1320 елді мекенде тұратын 8,5 млн адам көгілдір отынға қол жеткізген. Осы тұста Қазақстан өңірлерінің газбен қамтылу деңгейі біркелкі еместігін атап өту керек. Мәселен, Президенттің әлеуметтік бастамасына арқау болған Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары табиғи газға үміт артып отырған аймақтар болса, оларға көршілес Қостанай (54%) мен Шығыс Қазақстанның (0,2%) да жағдайы алаңдаушылық тудырады. Бұл жерде мұнай мен газдың отаны батыс өңірінің ғана есебі түгел: Маңғыстау облысы (99%), Атырау облысы (98%), Батыс Қазақстан облысы (94%), Ақтөбе (88%). Оңтүстік жұртшылығының көгілдір отынға қолжетімділігі келесі пайыздық көрсеткіштермен бағаланады: Қызылорда (64%), Оңтүстік Қазақстан облысы (63%), Жамбыл облысы (65%), Алматы облысы (36%). Жоспар бойынша 2030 жылға қарай көгілдір отын келген елдімекендер санын 1600-ге, табиғи газға қол жеткізген халық санын 11,5 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, газды ішкі тұтыну тәуелсіздік жылдарында 1,5 есеге өскен (1991 жылы 9 млрд текше метрден 2017 жылы 13,8 млрд текше метрге дейін). Бұл газ құбырының құрылысы кезінде 800-ге жуық, ол пайдалануға берілгеннен кейін 225 жаңа жұмыс орны құрылатыны жобаға енген. Еліміздің бас қаласын бетке алған газ құбыры елорданың экологиялық ахуалын жақсартады деген де болжам бар. Өйткені мамандардың пікірінше, қазір қалада жұмыс істейтін жылу электр стансаларындағы көмір қолданысын шектеп, оның орнына табиғи газды пайдалану ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды 6 есеге (36,1 мың тонна) азайтуы мүмкін. Жалпы есеппен, Астана қаласында бір жылда жұмыс істеп тұрған 2 жылу электр стансасында 651 мың тонна көмір жағылады. Министрліктің мәліметінше, газ тарату желілерін жобалау мен салу мәселелері Қарағанды, Ақмола облыстары және Астана қаласы әкімдіктерінде қызу талқыланып жатыр. Осылайша, елордаға газ құбыры 2019 жылдың желтоқсанында келуі мүмкін. Бірақ сала мамандары қала ішінде газды тарату желілерін ұйымдастыру тағы қосымша уақыт алатынын ескертеді.

Тоғжан Төлеген