ДӘРІХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ САУЛЫҚ КЕПІЛІ МЕ, БИЗНЕС ПЕ?

ДӘРІХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ САУЛЫҚ КЕПІЛІ МЕ, БИЗНЕС ПЕ?

ДӘРІХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ  САУЛЫҚ КЕПІЛІ МЕ, БИЗНЕС ПЕ?
ашық дереккөзі
1081
Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының тым қымбат екендігі және әр дәріханада түрлі бағада сатылатыны талайдан айтылып келеді. Жуырда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің барлық дәрі-дәрмектерге бағаны реттеу құзіретін беретін ҚР Заңының нормасы күшіне енді. Енді дәріханалардағы дәрі бағасы бір қалыпқа түседі. Жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәрілік заттар айналысы жөніндегі заңнамалық түзетулерге қол қойды. «Мемлекет басшысы халықты дәрілік қамту жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысындағы мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Заңда дәрілердің көтерме және бөлшектік сату бағасын реттеудің жаңа механизмдері қарастырылған-ды. Дәрілік заттардың көтерме және бөлшектік саудасы бойынша барлық ақпарат Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурстарында және тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік реестрінде жарияланады. «Бірінші байлық – денсаулық» екені рас. Сырқат адам жан қиналғанда дәрінің бағасына емес, уақыт оздырмай табылғанына разы болатындай. Әйтпесе дәріхана бизнесімен айналысатындардың ойына келген бағаны қойып, кәсібін дөңгелетіп отырғаны бүгін болып отырған жайт емес. Бұл ретте адам өмірі мен саулығын кәсіп көзіне айналдырған бизнесмендер әрдайым судан құрғақ шығып келді. Біз осы түйткілдің түйінін тарқату мақсатында журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Қала көшелерінде менмұндалап тұрған дәріханаларға кіріп, халық арасында сұранысқа ие тұмау мен суық тиюге қарсы ұсынылатын «Терафлю» дәрілік препаратының бағасын қағазға түсірдік. Алматылықтар жиі бас сұғатын Назарбаев пен Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан Орталық дәріханада аталған препарат бағасы 1680 теңге. Қорабында 10 дана. Жібек жолы көшесіндегі «Садыхан» дәріханалар желісінде «Терафлю» құны 1640 теңге екен. Дәл осы секілді «Добрая» дәріханасында – 1770 теңге, «Биосфера» дәріханасында – 1850 теңге, «Аптекаплюс» – 1900 теңге, «Europharma» – 1584 теңгеге сатылуда. Бағалардың әрқилы болатындығы «бірнеше факторға байланысты» дейді атын атаудан бас тартқан сатушы. Оның бастысы ғимаратты жалға алу бағасына қатысты. Өздерін осылай ақтап алғысы келетін дәріхана иелері: «Егер баға тұрақтанып, бақылауға ілігетін болса, ғимараттың шығыны өтелмейді. Сол себепті арзан ғимараттар іздей бастаймыз. Бұл өз кезегінде мегополистердегі халыққа қолайсыздық туғызады. Дәріхана кез-келген жерден, әрі жылдам табылуы керек», – дейді. Аталған себепті ескеріп республикалық дәріхана желілерінің әр қалада ұсынатын дәрі бағасын сұрап, іздеп білдік. Мәселен, «Europharma» дәріханалар желісі «Терафлю» препаратын ғимарат жалдау ақысы қымбат деген Алматы қаласында 1584 теңгеге саудаласа, Ақтөбе, Ақтау қалаларында – 1796 теңге, Қызылорда, Қарағанды, Нұр-Сұлтан қаласында – 1728 теңге, Орал қаласында – 1810 теңгеге сатылады екен.  width= ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова: «Атамекен» ҰКП және бейінді қауымдастықтармен, нарықпен келісілген көтерме әрі бөлшек үстеме бағалардың икемді регрессивті жүйесі әзірленді», – деді. Оның айтуынша, болжаммен мамыр айында дәрі-дәрмектердің бағасы бекітіліп, ҚР Денсаулық сақтау, министрлігінің, Фармация комитетінің, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. «Маусым айынан бастап дәрі-дәрмектерді бөлшек саудалайтын нысандардағы баға барлық жерде бірдей болатын көрінеді. Аталған мәселе бұған дейін де халықаралық деңгейде көтерілді, айтылды, құжаттар да бекітілген-тін. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасының 7 қыркүйектегі отырысында энергетика, техникалық реттеу, фармацевтика және сауда саласындағы мәселелер қаралған. ЕЭК алқасы ортақ дәрі нарығының жұмысы үшін бірқатар құжаттарды бекіткен де еді. Сол басқосуда ЕЭК алқасы ЕАЭО-ның ортақ дәрі нарығы шеңберінде ұсыным қабылдады. ДӘРІ ЕМДЕЙ МЕ, ӘЛДЕ... Жалпы бұл тақырып төңірегінде біраз жайтты атап өтпеске болмайды. Мәселен кей дәріханалардың қызметкерлері дәрігердің рұқсатынсыз сатылмайтын дәрілерді сатып жіберетіні бар. Жарнамасы озып тұрғасын ба қазақстандықтардың 40 пайыздан астамы дәрі-дәрмекті сол бойынша тұтынады екен. Бұл дегеніміз әрбір екінші науқас дәрігер көмегіне, рецептіне жүгінбейді. Ал дәріханадағы сатушылардың көбі тұтынушыға мақтап, қымбат препараттарды ұсынып жатады. Онымен қоймай соңғы жылдары жалған дәрілердің интернет арқылы сатылу фактілері де көбейген. Бұл жағдайда заңды белшесінен басқандар салық төлеуден де жалтарып жүр. Осы түйткіл бір ғана Қазақстанды жаулап отырмағаны тағы бар. Бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың азық-түлік өнімдері мен дәрілік препараттарды бақылау жөніндегі басқармасы жалған әрі сапасыз дәрілердің әлемдік айналымы 75 млрд АҚШ долларына жеткенін айтса, Еуропа бойынша соңғы жылдары 7 млн-нан астам жалған фармацевтикалық өнім саудадан алынғаны мәлім болған еді. Дегенмен, жалған дәрілік заттар айналымының 51 пайызы Азия елдеріне тиесілі. Бір айта кетерлігі, жыл сайын Еуроодақ аумағында дәрі-дәрмектің жанама әсерінен 200-ден астам адам қайтыс болса, 300-ге жуық адам саулығы кері кеткен. Халықаралық деңгейде жасалған сараптама жасанды дәрілер құрамының тек жиырма пайызының дәрілік заттардан, ал қалғанының ұн, әк секілді заттардан тұратынын анықтаған. Жекеменшік дәріханалардың көбеюі де бұл ретте жалған дәрі өндірушілердің саудасын қыздырып тұрған көрінеді. Елімізде 10 мыңнан астам жекеменшік дәріхана тіркелген. Ол, ол ма біздің елдегі дәріханаларда адам денсаулығына кері әсер ететін дәрілердің еркін сатылып келгенін естігенде жаға ұстадық. Осы жылдың ақпан айында Астана телеарнасы адам жүрегін тоқтататын қауіпті дәрі ел дәріханаларында әлі саудаланып жатқанын айтып, хабар таратқан еді. Сол кезеңде Денсаулық сақтау министрлігі «Эреспал» препаратын сатуға тыйым салған. Бронхиалды демікпеге қарсы дәріні әлемнің 32 елі 10 жыл бойы қолданып келген. Осы уақыт аралығында дәрінің құрамы неге мамандарды алаңдатпаған. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана сатылымнан алып тастаппыз. Жә, енді мұндай жайттар қайталанбауы үшін қайтпек керек?! Астана арнасы бұл мәселені көтерген кезде тараптарды сөйлетіпті. Сонда терапевт-дәрігер Айжамал Төлегенова: «Медицинада басты, негізгі терапияда қолданған емеспіз. Сонымен қатар, бұл асқазан ішек жолдары ауруларының асқынуларына әкеледі. Тағы бір зияны орталық жүйке жүйесіне де әсер етеді. Бірақ ең бірінші қаупі жүрек соғысын жоғарылатады. Ол дегеніміз жүректі тоқтатады. Жөтелге, қабынуға қарсы кез келген дәрі алмастыра алады», – деп сұхбат берген. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Арай Төлемісова болса: «Бес саусақ бірдей емес. Сол секілді адам ағзасы да әртүрлі. Егер, препарат адам азғасына кері әсер етіп, сатылымнан алынып жатса, демек кезінде бұл дәріге зерттеу аз жүргізілген. Өндірушілерге көбінесе өз өнімін саудаға қойса болды. Сол үшін оны өндірер кезде бірнеше зерттеу жүргізіліп, әр тараптың пікірі болуы шарт. Ол жерде дәрінің белгілі бір мерзімі көрсетілуі қажет», – депті. Бір қызығы «Эреспалдың» адам азғасына қаупі туралы өндірушілердің өзі анықтап, хабарлаған. Ресейде құрамында фенспириді бар барлық препарат сатылымнан шықса, фармацевтикалық компаниялар 2,5 млрд рубль жылдық табысынан айырылатыны да белгілі болған-ды.  width= Алматыдағы «Орталық дәріхананың» интернеттегі сайтын шолып шыққанда «Эреспал» препараты жайлы мағлұмат пен оның бағасы көрсетіліпті. Хабарласып сұрау салғанымызда сатылымда жоқ екенін, дәрігерге хабарласып оны алмастыратын дәрі алу керектігін айтты. Бұл бір ғана «Эреспал» төңірегіндегі мәселе емес. Басқа дәрілердің де адам ағзасына кері әсер етпейтініне кім кепіл?! Өндірушілер мен делдалдар науқас саулығынан гөрі қалтасын ойлайтыны жасырын емес. Бұл ретте Қазақстанда сатылатын барлық дәріге ғылыми тұрғыда зерттеулер жүргізілсе артық болмас дейді жұрт. «Орталық дәріхана» сайтында рецептсіз 10 мың 695 түрлі тауарды, дәрігер рецептімен 5 мың 139 дәріні сататыны жазылған. Олардың қатарында миллиондаған тұтынушының саулығына зиянды дәрі-дәрмек жоқ екендігіне кім кепіл?! ФАРМАЦЕВТИКА НЕГЕ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫ? Дәрі-дәрмек «денсаулық сақшысы» емес, «табыс көзі» ретінде кең қанат жайып келеді. Экономикалық тұрғыдан тақырыпқа тоқталар болсақ, Қазақстан жыл сайын миллиондаған долларға дәрі сатып алады. Экспорт жоқ демейміз, бірақ, импорттың үлес салмағы көп. «ranking.kz» сайты таратқан дәйектемеге сүйенсек, Қазақстанға импортталатын препараттардың басым бөлігі Үндістан, Қытай, Германия мен Франция елдерінің өнімі. Еліміз 2015 жылы жалпы құны 847, 6 млн долларға дәрі сатып алса, 2016 жылы 602,5 млн долларға фармацевтикалық компаниялармен сауда жасаған. 2017 жылғы есеп бойынша Қазақстан Үндістаннан 760,2 тонна, Қытайдан 738 тонна, Германиядан 737 тонна дәрілік препараттар әкеліпті. Ал отандық мамандар соңғы жылдары Қазақстанда жасалған дәрі-дәрмектің көлемі артты дейді.  width= Бүгінде Қазақстанда 11 фармацевтика кәсіпорны жұмыс істейді. Басым көпшілігінің сапасы халықаралық стандартқа сай сертификатталған. Қазақстандықтарды кем дегенде 50 пайыз отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ғалымдарға басты міндет ретінде жүктелген. Қазақстан фармацевтері тек дженериктік емес, түпнұсқалық препараттар шығарады. Сонымен қатар түрлі табиғи шөптерден дәрі жасайтын арнайы кластер құрылды. Республика аймағында 200-ден астам дәрілік шөп өседі, оның 20 түрі тек Қазақстан топырағында кездеседі. Түрлі зерттеулерге сәйкес отандық препараттың 43 түріне клиникалық сынақ жүргізіліп жатқан көрінеді. Олай болмай қайтсін, Үкімет дәрілік заттарды шығаратын отандық өндірушілерді қашан да қолдап келеді. 2016 жылы қазақстандық фармацевтикалық өнім көлемі 42,4 млрд. теңге болып, фармацевтикалық нарықтың жалпы көлемінің 8-12% құрады. Бірнеше жыл бұрын Қарағандыдағы фармацевтикалық зауытта өндірілетін дәрі-дәрмектің барлығы «Қазақстанда жасалған» деген логотиппен саудаға қойылады деп БАҚ өкілдері сүйіншілеген-ді. Сол кезеңде басқарма басшысының орынбасары Қайсар Аманбаев: «Біздің мақсатымыз – тұтынушылардың бойындағы патриоттық сезімді ояту, отандық өнімге деген сұранысты арттыру. Өкінішке қарай, қазір бізде сырттан келетін тауарларды жарнамалау басым, отандық өнім үнемі кенже қалып жатады. Осы олқылықтың орнын толтырсақ дейміз. Өнеркәсіптің барлық саласын қамту жоспарымызда бар», – деп сұхбат берген болатын. Расымен де, отандық өнімге деген патриоттық сезім ұяламай, оны экспортқа шығару оңай емес секілді.

Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН

Серіктес жаңалықтары