4 Сәуір, 13:33 326 0 Тайқазан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЭКОНОМИКАНЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені ел экономикасында маңызды рөлге ие. Оның дамуы елдің тұрақты дамуын теңестіріп, еңбек өнімділігін  арттырады және халықтың негізгі бөлігінің өмір деңгейінің жақсаруын қамтамасыз етеді.  Қазір елімізде 2017-2021 жылға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда.

Бағдарламаны жүзеге асырудан түсетін жоспарлы тиімділік: ауылшаруашылығындағы бір жұмысшының еңбек өнімділігін 4,0 млн теңгеге дейін 2,5 есеге ұлғайту; қайта өңделген өнім экспортын 2,7 млрд АҚШ долларына дейін 2,5 есе ұлғайту; ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге дейін ұлғайту; саланың негізгі капиталына инвестициялар түсімін 3 есе ұлғайту; тартымды несие қаржыларының көлемі 2021 жылға қарай  2017 жыл деңгейіне қарағанда 9 есе көбеймек.

Нәтижесінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу көзделді. Яғни, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер ауыл-шаруашылық жерлерін тиімді пайдалануды қатаң бақылау жүргізуі тиіс. Ол жерлерді апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу және жаңадан салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету қарастырылды. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидияларды доғару және өнімділікті арттыруға назар аудару мәселесі де тыс қалған жоқ.

Қазақстан – аграрлы ел. Территориясының аумағы жағынан әлем бойынша 9-орынды алатын мемлекеттің ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға, азық-түлік өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа шығаруға барлық мүмкіндігі бар. Осы мақсатта азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қолдау, оларға жеңілдетілген несие беру, шығарылған өнімді тарату мен өткізуді ұйымдастыруда мемлекет ауқымды шараларды қолға алып жатыр. Елімізде былтыр қабылданған «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында» саланың барлық кем-кетігі мен артықшылығы талданып, алдағы 5 жылда атқарылуы тиіс шаралар жазылған. Бұған дейін 1993-2005 жылдар аралығында «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламалары» жүзеге асырылған еді. Кейіннен Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған және Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі «Агробизнес – 2017» бағдарламасы да қолға алынған ауқымды жобалар еді. Соңғы бағдарламада алдағы 5 жылда орындалуы тиіс 10 мақсат қойылды. Бұл: азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетімділігі, салықтық жеңілдіктер, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, өткізу нарығы мен экспортты дамыту, аграрлық ғылым мен АӨК субъектілерін дамыту, өндірісті техникалық жабдықтау мен жеделдету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мен цифрландыру және ауылдық аймақтарды дамыту. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында оның кем-кетіктері мен осал тұстары анықталған. Мәселен, мал шаруашылығы саласында жақсы нәтиже көрсету үшін 5 жыл деген өте аз мерзім. Ірі қараның өсіп-өнуі, мал басының көбеюі үшін кемі 3-4 жыл қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі бағдарламаға өзгерістер енгізіп, «АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» негізгі тұғырнама ретінде қалдырып, ұзақмерзімді салалық бағдарламаларды қабылдады. Атап айтқанда, етті ірі қара өсіру, құс шаруашылығын дамыту, өткізу нарығын қамтамасыз ету, егістік пен суармалы жерлерді дамыту, майлы, етті секторлардың экспорттық позицияларын күшейту, ал астық пен ұн бойынша Қазақстан әлемдегі ірі экспорттаушы елдердің қатарынан көрінуіне басымдық берілмек. Бұндай қадамға барудың басты себебі, аз уақытта елеулі нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында елдің агроөнеркәсіптік кешенінің алдына еңбек өнімділігін арттыру мен өңделген ауыл ша-руашылық өнімдері экспортын алдағы 5 жылда 2,5 есеге көбейту міндеті қойылғаны белгілі. Осы міндеттің үдесінен шығу үшін саланы дамытуға жаңаша көзқарас қажет еді. Өйткені ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның өзін-өзі ақтау уақыты – кемі он жыл. Соған сәйкес, қаржыландыру көлемін де арттыру қажеттілігі туындайды. Айталық, «АӨК дамытудың 2017-2021 бағдарламасы» бойынша, 5 жыл ішінде мем-лекет қазынасынан кезең-кезеңімен 2 774,6 миллиард теңге бөлу көзделген. Алайда салалық бағдарламаларды толықтай жүзеге асыру үшін тағы да 1,3 триллион теңгеден артық қаражат қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылы бағдарламаның тек бірінші кезеңінің қорытындысын көре аламыз деп тұжырымдайды. Ал негізгі қорытынды 2027 жылы шығарылмақ. Мәселен, мал шаруашылығын дамыту бойынша жылына өндірілетін еттің көлемін 1,6 млн тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылған болатын. Ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік саясаттың ұзақмерзімді болуы бір жағынан тұрақтылықты да қамтамасыз етеді. Жыл сайын жаңалық енгізілуі фермер үшін тиімсіз. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын кооперативтерді дамытамыз деген еді. Алайда оны ұйымдастыру мен бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын қадағалау қиындаған соң, кооперативтер құру ісі бәсеңдеді. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 62 мыңнан аса тұлғаны біріктірген 2849 кооперативтер тіркелген. Президент әкімшілігінің тексерісі нәтижесінде ауылшаруашылық кооперативтерін дамытуға кедергі келтіретін бірнеше жүйелік мәселелер анықталған. Олардың 18 пайызы жұмыс істемейтін болса, қағаз жүзінде құрылғандарының саны 48 пайызды құрайды.

Мал шаруашылығын қарқынды дамыту жөнінде  «Ет өңдеу мен өндіруге» байланысты жаңа бағдарлама нәтижесінде алдағы 5 жылда еліміздегі жайылым жерлердің көлемі артпақ. Министрліктің айтуынша, бағдарлама негізінен пайызы төмен несиелер арқылы жүзеге асады. Сондықтан да мемлекетке көп салмақ түспейді. Жалпы айтқанда, елімізде  ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруашылық болса, фермерлер саны 16 мыңнан асады екен. Оған инвестиция құйып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Ал бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес-алты жылда шаруа қожалықтары санын 100-ге, ал фермерлерді 100 мыңға жеткізуді межелегенін жеткізді. Айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы саласында 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. Бізге табиғи ерекшелігімізді, мүмкіндігімізді пайдалану керек. Қазақстан жайылым жер бойынша әлемде бесінші орында. Алайда жайылым жер дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ. Құжаттың негізгі мақсаты – саладағы еңбек өнімділігі мен экспортты арттыру. «Қарқынды мал шаруашылығы» бағдарламасы бойынша  сүт, доңыз және құс еті өндірісін арттыру көзделмек. Бүгінде Ресей ет экспортын 1 млн 200 мың тоннаға, ал осыдан бес-алты жыл бұрын 50 мың тонна ғана ет экспорттайтын Қытай бүгінде 2 миллионнан асырды», – дегенді экс-министр Ө.Шөкеев.

Елімізде 180 млн гектар жайылым жер бар. 6 млн гектарға құдық тартылып, алдағы бес жылда қосымша 600 мың гектар суармалы жер қосылмақ. Қазір қолданыстағы 58 млн гектар жайылым жерді 150 млн гектарға жеткізу жоспарланса, ірі қара малдың санын 7 млн-нан 15 млн-ға арттыру, экспорт көлемін 2,4 млрд долларға жеткізу көзделуде.

Динара Мыңжасарқызы

Соңғы жаңалықтар