Ақтөбе қаласында облыстық әкімдік ғимаратының шатырында шыққан өрт толық сөндірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның мәліметінше, өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін небәрі 5 минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алғашқы бөлімшелер келген кезде ғимараттың әр бөлігінде үш бірдей ашық жану ошағы анықталған.
"Өрт сөндіру оқпандары дереу іске қосылып, жалынды толық жою үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді", – деп хабарлады ТЖМ.
Мамандардың айтуынша, өртті сөндіру жұмыстары бірнеше факторға байланысты күрделенген. Атап айтқанда, жалынның үлкен аумаққа тез таралуы, жанғыш материалдардың көп болуы, қою түтін, жоғары температура мен ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері кедергі келтірген.
Өртті сөндіруге 80-нен астам қызметкер мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Нәтижесінде тілсіз жау 300 шаршы метр аумақта толықтай жойылды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.