Қазақстандық танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жұбайы Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде өткен өміріне қатысты әсерлі жазба жариялап, көпшіліктің назарын өзіне аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол жазбасында спортшының мансап жолының алғашқы кезеңіндегі қиындықтарды еске алып, бірге бастан өткерген сәттерін бөліскен.
"Бұл фотоларда ешқандай атақ, ешқандай миллион ақша жоқ… Шавкаттың сол кездегі жалақысы небәрі 120 мың теңге болды. Бірінші фотода – 2017 жылдың қаңтары. Ол алғаш рет аяғынан жарақат алып, жаңа жылдан кейін МРТ-дан шығып, Пришахтинск жақтағы ауруханадан келе жатқан кезіміз. Аяғымыз ауырса да, бәрібір мәзбіз. Сол жарақаттан кейін де ол аянбай еңбек етіп, шыдамдылықтың арқасында көптеген белесті бағындырды. Бізде бос уақыт деген болмайтын. Тұңғышымыз дүниеге келмей тұрып та күнделікті қатаң режим ұстандық – күніне үш мезгіл жаттығу. Үйде де 20-30 минут болса да, міндетті түрде жаттығу жасайтын", – деп жазды Гүлайым Рахмонова.
Гүлайым Рахмонова UFC-ге шығу екеуінің ортақ мақсаты болғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы арманға жету үшін олар күн сайын ерте тұрып, тынымсыз еңбек еткен.
"UFC-ге шығу – екеуміздің де түпкі мақсатымыз еді. 2016 жылдан бастап таңғы 5-те тұрып, жаз-күз демей еңбек еттік. Ол жүгіріп кетеді, мен таңғы ас дайындаймын. Демалыс күндері қазақша оқып-жазуды бірге үйрендік. Автограф қоюға дейін жаттықтық – ертең жанкүйерлерің көп болады деп. "Кейін тұңғышымыз дүниеге келді. Шавкат үлкен қызын ерекше жақсы көреді. Үй, спорт, отбасы – осындай тынбас еңбектің арқасында бүгінде бәрінің жағдайын жасап отыр.
Қызық… уақыт өте келе осының бәрін ұмытып кету мүмкін бе? Бір кездері оның жақындарына жақсы келін, жақсы жеңге едім. Ал қазір сол адамдар түрлі пікір жазып, Шавкатты маған қарсы қоюға тырысып жүр. Ешқандай өкініш жоқ, тек бір "әттеген-ай" бар. Мен өзімді аянышты етіп көрсететіндердің қатарынан емеспін. Бірақ осы жылдар ішінде менің де еңбегім бар, оны ешкімге таптатпаймын. Уақыт келеді – әркім өз ісіне жауап береді", – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Гүлайым Рахмонова өз жазбасында өмірінің күрделі кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, қиындықтарға қарамастан сабыр сақтауға шақырғанын жазған едік.