594
Венесуэла, қайда барасың?
Венесуэла, қайда барасың?
Венесуэладағы халық наразылығы мен таққа талас күшейіп барады. Бір емес «екі президенті» бар, мұнай өндірісі бойынша алдыңғы қатарлы елдердің тобына кіретін бұл елдегі халықтың қазіргі жағдайы тым мүшкіл. Азық-түлік, дәрі-дәрмек жетіспей, 3 миллион адам туған отанын тастап, басқа мемлекеттерге көшіп кеткен. Венесуэла Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, халыққа қажетті дәрі-дәрмектің 85 пайызы жоқ. Ал мемлекеттегі жанармай қоры тіпті аз. Экономистердің болжамынша, жанармай тек сәуір айының ортасына ғана дейін жетеді.
Николас Мадуро Венесуэланың 49-президенті. Елді 2013 жылдан бері басқарып келеді. 2019 жылғы 10 қаңтарда кезекті Президент инаугурациясы өтіп, ол 2025 жылға дейін президент тағына қайта отырды. Десе де, 23 қаңтар күні оппозициялық топ басшысы, Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы, 36 жастағы саясаткер Хуан Гуайдо өзін президент қызметін атқарушы етіп жариялады. Халықты көтеріп, Мадураны тақтан тайдыру жолын ұсынды. Онсыз да дағдарыстың ауыртпашылығын көтеріп отырған халық екіге бөлініп, елдегі жағдай тіптен ушығып кетті. Салдарынан 35 адам қаза тауып, 850 тұрғын темір торға қамалған.
АҚШ, Канада, Испания, Австралия, Израиль, Еуропа парламенті Гуайдоны Венесуэланың уақытша президенті ретінде мойындады. Ал Ресей, Қытай, Иран, Түркия Мадуроны жақтауда. Өз кезегінде, Николас Мадуро АҚШ-қа сенім артып алған Гуайдоны Венесуэланы бүкіл әлемге күлкі етіп отырған клоун ретінде бағалап, сайланған мерзімінен бұрын тақтан түспейтіндігін мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ Венесуэланың «PDVSA» ірі мұнай өндіруші компаниясына қатаң санкция салып, оның 7 миллиард долларды құрайтын активін бұғаттаған еді. Тасымалға қойылған шектеуден кейін венесуэлалық мұнай өндіруші кәсіпорын 11 миллиард доллар шығынға батты. АҚШ тарапынан жасалған осы іс-әрекет Венесуэладағы дағдарысты одан әрі күшейтіп жіберді. «АҚШ санкциясы – заңсыз әрекет. Біржақты қабылданған. Олар осылайша ел үшін маңызы бар кәсіпорынды тартып алмақ. Абай бол, Венесуэла! Дональд Трамп, Венесуэладан аулақ жүр!», – деген Мадуро бұдан былай АҚШ-пен қарым-қатынасын үзілді-кесілді тоқтататынын айтты.
«Handelsblatt» неміс газеті: «Венесуэла теңіз жағалауларында құны 500 миллион доллардан асатын 8,4 миллион баррель мұнай тиелген 16 танкер тұр. АҚШ салған санкциядан кейін Венесуэла мұнайды шикізат күйінде сата алмай отыр. Ал оны өз елінде өңдеуге Венесуэланың өндірістік әлеуеті жетпейді» – деп жазды. Мұнайдың көп бөлігін АҚШ-қа экспорттайтын Венесуэла аталмыш санкциядан кейін тығырыққа тіреліп, Үндістанға екі есе көп мұнай экспорттай бастады. Бірақ бұл елде қалыптасқан жағдайды тек жартылай ғана шешті.
Сонымен қатар, АҚШ Венесуэлаға құны 20 миллион долларды құраған гуманитарлық көмек жіберді. Саясаткерлердің айтуынша, бұл әрекетімен АҚШ бір оқпен екі қоянды атпақ болған. Бірі – көмек жіберу арқылы бүкіл әлемге Венесуэладағы жағдайдың тым нашар екенін көрсету, екіншісі – бірінің артынан бірі жалғасқан санкциялар легінен Мадуроны тақтан тайдырып, халықты көмекті кімнен алып жатқандығын ойлай алмайтын халге дейін жеткізу, яғни өлместің күнін кешкізіп қою. Бірақ Трамптың бұл пиғылы іске аспады. Себебі Мадуро АҚШ-тан келген гуманитарлық көмекті шекарадан өткізбей, өртетіп жіберді. Мемлекеттегі жағдай ел-елден гуманитарлық көмек алатындай жаман емес деген Мадуро, Ресейден келген 300 тонна гуманитарлық көмекті ықыласпен қабыл алып, Ресей президенті Путинге зор алғысын білдірді. Мадуроның осы әрекетіне ызаланған Трамп, Венесуэла билігінде жүрген он шақты басшыға да санкция салып, 49 өкіліне АҚШ аумағына кіруге тыйым салды.
Ресей Венесуэланың ішкі саясатына араласпаймын деген ниет танытқанымен, 4 наурызда Венесуэланың вице-президенті Дэлси Родригес мемлекеттік мұнай компанияларының кеңсесін Лиссабоннан Мәскеуге ауыстырғанын айтты. Оның қатарында алтын, алмас, алюминий, болат, темір кені, боксит өндіретін 14 кәсіпорынның басын қосып отырған «Corporation Venezelona de Guayana» корпорациясы бар. Вице-президент мұны ресейлік «Роснефть» және «Газпром» кәсіпорындарымен тығыз байланыс орнатқандығымен түсіндірді. Сондай-ақ, Мадуроны Қытайдың да жақтап отырғанын ұмытпаған жөн. Ол да көмек қолын созуға даяр. Судың да сұрауы бар демекші, жасалған әр көмектің тегін еместігін Мадуроның білетіні де сөзсіз. Үш бірдей алпауыттың Венесуэлаға жалтақтауының мәні неде? Венесуэладағы бір-біріне астасып, қат-қабат келген экономикалық, әлеуметтік және саяси дағдарыс бастауын қайдан алады?
Венесуэладағы дағдарыс туралы сөз болғанда, жұрт бірден екіге бөлінеді. Бірі – АҚШ саясатының кесірі десе, екіншілері – Мадуроның ұсқынсыз саясаты елді тығырыққа тіреді деп айыптайды. Бірақ іс жүзінде бәрі әлдеқайда күрделі және дағдарыс Мадуро билікке келмей тұрып басталған сияқты.
Венесуэла XX ғасырдың 40-жылдарында-ақ елдегі мұнайдың көлемді қорын анықтаған. Билік басындағылар сол кезден бастап экономиканың басты қозғаушы күші ретінде мұнайды бекітті. Оңтүстік Америкадағы көрші елдер ауыл шаруашылығына ден қойып, өндірісін дамытумен айналысып жатқанда, венесуэлалықтар мұнайды шетелге экспорттап, қара алтыннан түскен ақшаға дайын тауарды екі-үш есе қымбат бағамен сырттан импорттай бастады. Мемлекет экономикасы тікелей мұнайға байланысты болғандықтан, ондағы жағдай келесідей қалыптасты: мұнай қымбаттаса – елде ақша бар, экономикалық ахуал жақсы; мұнайдың бағасы түссе – елде ақша жоқ, экономика бірден нашарлайды. Венесуэла мұнайдың 96 пайызын экспорттайды, елдегі бюджет кірісінің 70 пайызы қара алтыннан түсіп отыр. Осы себептен Венесуэла халқы экономикалық дағдарыс ауыртпалығын 20 жыл бойы көріп келеді. 2018 жылы бұл елдегі инфляция деңгейі 1,7 млн пайызға жетіп, жалпы ішкі өнім 15 пайызға қысқарған. Халқының 30 пайызы жұмыссыз. 2017 жылдары халық аштан өлмеу үшін зообақтардағы аңдарды ұрлап, солармен тамақтанып жатқанын шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазғаны да әлі есте. Сондай-ақ, жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша бұл мемлекет 180 орынның ішінен 169-орында. Жемқорлықтың етек алуының басты себебі – Венесуэладағы ірі кәсіпорындардың мемлекет меншігіне өтуі. Осы тұста жемқорлық белең алып, тауарлар сапасыз шығарыла бастаған. Тұтынушылар жергілікті тауарларды сатып алудан бас тартты, ал шетелдік инвесторлар тіпті қашып кетті. Бұл Венесуэланың 48-президенті Уго Чавес кезінде қалыптасқан экономикалық саясат. Ол өзінен кейін Мадуроны дайындап, таққа отырғызып кетті. Соңғысының Чавес салған ізбен жүруден басқа амалы қалмады ма, белгісіз. Бір анығы – Венесуэланың бүгінгі жағдайы тым ауыр. Мұнайлы елге көз салып отырған АҚШ, Ресей, Қытай атты «үш басты айдаһар» тағы бар.