Жаңа-Қарағанды станциясында электровоз теміржол монтерін қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін Polites.news басылымы оқиғаның 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні болғанын хабарлаған. Сағатына шамамен 60 км жылдамдықпен келе жатқан электровоз теміржол қызметкерін қағып кеткен. Машинист шұғыл тежегішті қолданғанымен, пойызды тоқтатып үлгермеген.
Оқиға салдарынан 1977 жылы туған 4-разрядты жол монтері қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол құрал-жабдықтарды күзетіп тұрған. Ер адамның теміржол саласында 28 жылдан астам еңбек еткені, отбасылы болғаны және үш баласы бар екені, олардың екеуі кәмелетке толмағаны хабарланды. Балаларының біреуінің мүгедектігі бар.
Оқиғадан кейін пойыз шамамен сағат 04:30-да екінші басты жолға шығарылды. Бұл жағдай бірқатар пойыздардың қозғалысына әсер етіп, бірнеше минуттан бір жарым сағаттан астам уақытқа дейін кешігулерге әкелді.
Көліктегі полиция департаментінде бұл оқиға расталды.
«Биылғы жылдың 3 мамырында теміржол көлігінің қозғалыс қауіпсіздігі немесе оны пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан факті бойынша Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.