511
Кәсіпкерге тағы бір мүмкіндік
Кәсіпкерге тағы бір мүмкіндік
Атырауда «Шеврон» компаниясы, Британдық Кеңес (British Council) және Атырау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «I-SEED: Инновациялар – әлеуметтік кәсіпкерлік және білім» серіктестік жобасының қолдауымен Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі (ӘКМ) болашақ әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған екі күндік семинар өткізілді. Білім беру жобасының негізгі мақсаты – болашақ кәсіпкерлерді әлеуметтік бизнес негіздеріне үйрету, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту және инновациялық идеяларды қолдау арқылы қоғамның өзекті әлеуметтік мәселелерін шешу.
«Шеврон» компаниясының өкілі Жанар Қошпанованың айтуынша, аталған жоба еліміздегі қарапайым адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға сеп болмақ: «Шағын және орта бизнесті қолдау «Шеврон» компаниясының әлеуметтік бағдарламаларының ішіндегі негізгі бағыты болып саналады. Біз әрдайым жастарды қолдаймыз және азаматтардың қаржылық әлеуетін дамытуға тырысамыз. Бұл жоба келешекте қазақстандықтардың өмірін жақсартатынына және еліміздің экономикалық дамуына ықпал ететініне кәміл сенеміз. Ал қатысушылар жаңа дағдыларға ие болып, өздерінің әлеуметтік кәсіпорындарын аша алатынына үміттенеміз».
Жобаға барлық әлеуметтік топтар мен әртүрлі жастағы азаматтар тартылып, жалпы саны 40-қа жуық қатысушы іріктеліп алынған. Үміткерлер онлайн-сауалнама толтырып, іріктеу барысында қатысушылардың Атырау өңірінің өзекті мәселелерін шешу үшін әлеуметтік жоба құру мүддесі негізге алынған.
Семинар барысында болашақ әлеуметтік кәсіпкерлер Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдайтын тәжірибелі әлеуметтік кәсіпкерлермен, ұйымдармен танысып, пікірталастарға және нетворкингке қатысқан.
Шараны қорытындылау барысында Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің тренері Эмин Аскеров: «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебіне қатысушылар өздерінің әлеуметтік жобаларын бастау үшін қажетті білім алды. Екі күндік семинарда олар кәсіпкерліктің теориялық және практикалық негіздерін, бизнес-жоспарлау мен өндірістік шеберханаларды ашу бойынша дайындықтан өтті. Бұл жоба азаматтарға идеяларын біріктіруге және дамытуға мүмкіндік берді», − деді.
Екі күндік семинар қатысушыларға әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы білімдерін тереңдетіп, жеке әлеуметтік кәсіпорындарын құру және дамытуға кең жол ашты.
Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі 2018 жылдың 2 ақпанында Астана қаласында ашылған. Осы мектептің қолдауымен, елімізде 12 әлеуметтік кәсіпорын құрылған болатын. 2018 жылдың жазғы маусымында Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің шеңберінде Қазақстанның 13 қаласына іссапар ұйымдастырылып, әлеуметтік кәсіпкерлік идеясы кеңінен таратылды.