Астанада автобуста әдепсіз әрекет жасаған ер адам қамауға алынды

/
Астанада автобуста әдепсіз әрекет жасаған ер адам қамауға алынды
Stan.kz коллажы

Астанада қоғамдық көлікте жолаушы қызға тиісіп, әдепсіз әрекет жасаған 33 жастағы ер адам ұсталды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін елорда тұрғыны әлеуметтік желіде автобус ішінде белгісіз ер адамның өзіне тиіскенін айтып, шағымданған болатын. Қыздың айтуынша, қоғамдық көлікте келе жатқан ер адам оның денесіне рұқсатсыз қол тигізген. Аталған оқиға қоғам назарын аударып, кейін полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 33 жастағы ер адам оқиға кезінде мас күйде болған.

"Анықталғандай, автобус ішінде келе жатқан ер адам қыздың бөксесіне қол тигізген. Болған жағдайға наразылық білдірген жолаушы оған ескерту жасағаннан кейін ер адам автобустан түсіп кеткен", – делінген полиция хабарламасында.

Тәртіп сақшылары ер адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары