Алматыда 30 жастағы келіншек бірден үш қызды дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды. Ерекшелігі сол, әйел үшем күтіп жүргенін босанғанға дейін тіпті туған анасынан да жасырған, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы қалалық №1 перинаталдық орталықтың мәліметінше, Ләззат Жарас есімді келіншек 6 қараша күні үш қызды өмірге әкелген. Нәрестелер жүктіліктің 34-аптасында мерзімінен бұрын дүниеге келген. Көпұрықты жүктілік пен медициналық көрсеткіштерді ескерген дәрігерлер шұғыл түрде кесарь тілігін жасаған. Операция сәтті аяқталған.
Үшемнің дүниеге келу уақыты да ерекше. Сәбилер бірінен кейін бірі небәрі бір минут аралықпен туған. Алғашқы қыз сағат 03:03-те дүниеге келіп, салмағы 2073 грамм болған. Екінші сәби 03:04-те туып, 1723 грамм тартқан. Ал үшінші қыз сағат 03:05-те өмірге келген. Оның салмағы 2431 грамм болған.
Ата-анасы үшемге Алсия, Аюми және Айла деген есім берген. Бір қызығы, отбасындағы барлық алты баланың есімі "А" әрпінен басталады. Мерзімінен бұрын туғандықтан, нәрестелер алғашқы күндері дәрігерлердің ерекше бақылауында болған. Олар жаңа туған сәбилердің жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде қажетті медициналық көмек алған.
12 қарашадан бастап жағдайлары жақсарып, арнайы күтім бөліміне ауыстырылған.
Ләззат Жарастың оқиғасындағы ең қызықты жайт – оның жүктілігі туралы жаңалықты жақындарынан құпия ұстауы. Келіншек бірден үш сәбиді дүниеге әкелетінін ешкімге айтпаған. Тіпті туған анасы да үшемнің өмірге келетінінен хабарсыз болған. Ләззаттың бұған дейін үш баласы болған. Оның бір ұлы мен екі қызы бар. Үлкені жеті жаста. Үшем дүниеге келгенге дейін әйел балаларын мектеп пен балабақшаға өзі апарып, үй шаруасымен де айналысып жүрген.