Павлодар облысында құтқарушылар пәтерінде жалғыз қалып, өздігінен қозғала алмаған қарт әйелге көмек көрсетті. Оқиға Ақсу қаласында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
ТЖМ мәліметінше, құтқарушыларға егде жастағы әйелдің пәтерінің есігін аша алмай жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен мамандар баспалдақтың көмегімен терезе арқылы пәтерге кіруге мәжбүр болған. Үй ішін тексеру барысында құтқарушылар 1945 жылы туған әйелді дәлізде еденде жатқан күйінде тапқан. Кейуананың өздігінен орнынан тұруға шамасы келмеген.
"Құтқарушылар оқиға орнына келген соң баспалдақ арқылы терезеден пәтерге кірді. Ішінен 1945 жылы туған әйелді дәлізде жатқан күйінде тапты. Зейнеткерге медициналық көмек қажет болды", – делінген министрлік хабарламасында.
Құтқарушылар кейуананы қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған. Әйелге қажетті медициналық көмек көрсету шаралары қабылданды.