Ресейдің арзан бензиніне бір жарым ай тиым салынады
Ресейдің арзан бензиніне бір жарым ай тиым салынады
Біздің елде Ресейден келетін арзан бензиннің тасымалына алдағы бір жарым айға жуық уақытқа тиым салынды. Көрші елден тонналап келген жанармай еліміздегі қоймаларға сыймай жатқандықтан осындай әрекетке баруға тура келген.
Бір жағынан ара-тұра Ресейлік мұнайға шектеу қойылып тұрмаса, отандық мұнай өңдеу зауыттарының шығынға бату қаупі арта түсетін еді. Қазір еліміздегі мұнай зауыттарының жағдайы онсыз да оңып тұрмағанын мойындайды Энергетика министрлігі. Осыны ескерді ме, Үкімет жанармай импортына қатаң тыйым салды.
Әсіресе жұрт жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензин тасымалына шектеу қойылып отыр. Сөйтіп, әлдағы бір жарым айда кәсіпкерлер Ресейден Қазақстан шекарасына бір тамшы да бензин өткізе алмайтын болды. "Бүгінде еліміздегі жанармай жеткілікті. 460 мың тонна бензин бар. Бұл ішкі нарықтағы сұранысқа толық жетеді, тіпті жанармай қоры екі есеге артық. Сондықтан, сырттан келетін өнімге шектеу қойып отырмыз", - дейді Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев. Алдын алда енгізілген жоспар бойынша биыл Қазақстан Ресейден 1 млн 100 мың тонна бензин импорттамақ. Бекітілген кесте бірақ, кесте қазірдің өзінде өзгеріске түсіп отыр.
Егер тасымалға тиым салынбаса, отандық зауыттар белшеден шығынға батып, жұмысын тоқтатуы да ықтимал еді. Тағы ескеретін бір жайт, Шымкент, Атырау, Павлодардағы мұнай зауыттарын жаңартуға тиісті қаражат жетпей отыр. "Біз екі айда 15 миллион тонна мұнай өңдейміз деп жоспарлап едік. Бірақ, 700 мың тонна қара алтын өңделмей қалды. Ашып айтқанда, мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуға жұмсалатын қаржыны толық ала алмай отырмыз", - дейді "ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг" АҚ бас директорының орынбасары Ерлан Қойбағаров.
Жағдай осылай жалғаса берсе, зауыттарды модернизациялау кейінге қалдырылуы да әбден мүмкін. Ал импортқа қойылған шектеу бензин бағасына еш әсер етпейді. Жазға дейін жанармай құны тұрақты болады деп сендірді Энергетика министрлігі. Бірақ, шенеуніктер мұнай бағасының тұрақталып, Ресей рублінің күн сайын нығайып жатқанын ескерсек, жылдың екінші жартысында өзгеріс болуы мүмкін екенін жасырмады.
Ресей бензиніне қойылған уақытша шектеуден соң, Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты аяқтан тұра бастады. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ бас директоры, Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев: «Ресей ден келген мұнайдың бізге желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында әсері болды. Былтырғымен салыстырғанда 13 мың тоннаға жуық мұнай кеміп отыр. Қазір үкіметтің шешімі бар мораторий енгізді. Соған байланысты автобензинді ішкі нарыққа тиеп жатырмыз. Сәуір, мамыр айында біз жоспарымызды жылдың басындағы орындаймыз деп отырмыз», ̶ дейді.
Зауыт басшыларының дерегінше, ақпанда 369 мың тонна мұнай өңдеуді жоспарлағанмен, 325 мың тоннасын ғана өндіріп, жоспардың 88 пайызын орындаған. Ал тасымалдануы тиіс 46 мың тоннадай бензиннің 38 мың тоннасы тұтынушыға жеткізілген. Дизель отыны бойынша да солай, 81 мың тоннаның 66 мыңға жуығы тасымалданған. Қазақстан Үкіметі Ресей бензиніне үстіміздегі жылдың 5 наурызынан бастап, 45 күнге шектеу қойғаны белгілі. Зауыт басшылығы бұл қолдаудан соң жыл басындағы төмен көрсеткіштің орны толады деген сенімде.