ӘЛЕМ ДЕМОГРАФТАРЫ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

ӘЛЕМ ДЕМОГРАФТАРЫ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

ӘЛЕМ ДЕМОГРАФТАРЫ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?
ашық дереккөзі
2133
Орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргендерді әлем елдерінің тарихы мен географиялық жағдайы қатты қызықтыратын. Сондықтан болар көбі дүниежүзіне қатысты кітаптарды, оқулықтарды сүйіп оқитын. 2010-2011 жылдары әлем бойынша 6 миллиардтан астам адам бар деп жарыса айтатынбыз. Бір күні мектебімізге үлкен қаладан география пәнінің жаңа мұғалімі келді. Бізден 5-6 жас айырмасы бар оқытушы сендердің білмейтіндерің көп дегендей: «Жер бетіндегі адамдардың саны қанша?» деп сұрақ қойды. «6 миллиардтан астам» деп шу ете қалдық. Өйткені 2007 жылы дайындалған оқулықта 6 миллиард 500 миллион деп жазылып тұрды. Мұғалім болса, мұның дұрыс еместігін айтты. Бұл 2011 жылдың қарашасы еді. 1999 жылы 6 миллиардқа жеткен адамзат 2011 жылдың күзінде 1 миллиардқа және көбейген екен. Жалпы адамзат тарихында 107 миллиард адам туды дейді демограф ғалымдар. Соңғы 6 мыңжылдықта жер бетіндегі соғыс пен табиғи апаттар, аштық пен ауру көбейсе де халық өсімі азайған емес. 1951 жылы Адам ата ұрпақтарының саны 2 миллиард 540 миллион 870 мыңнан астам болса, аталған цифр 2018 жылдың соңында 7 миллиард 669 миллион 109 мыңға жетті. Байқасақ әрбір 11-16 жыл сайын қатарға жаңа миллиардтар қосылып отыр. Ғалымдардың жорамалы бойынша 2020-2022 жылдар аралығында 8 миллиардқа жетуіміз әбден мүмкін. Бір ғана 2018 жылы адамзат саны 100 миллионға артқаны сөзімізге дәлел. Халқы көп мемлекеттер көшін әуелден Қытай (1 млрд 400 млн) мен Индия (1 млрд 370 млн) бастайды. Тіпті, қос мемлекеттегі адамдар саны жер бетіндегі халықтың 3/1 құрап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі халық өсімін зерделеп отыратын комитеті 2025 жылы Индия Қытайды халық саны жағынан басып озады деп жорамал жасады. Оған 1970 жылдардың басынан бастап Қытай билігі ұстанған қатаң саясат әсер етсе керек. Жүктілікті алдын-ала жоспарлау, әр балаға қымбат айыппұл, түсіктің белең алуы халық өсімін тежеп ұстады. Қытай бірнеше жыл бұрын отбасындағы екінші баланың тууына заңды түрде рұқсат берді. Өйткені қытай еңбек нарығының негізгі тірегі 3,5 миллион адамға дейін азайып кеткен-ді. Бүгінде қытайлықтар санының өсуі жылына 0,4 пайыздан аспайды. Ал Индияда бұдан 3 есе көп. Қос мемлекет демографиялық өсімнің қарқындылығы жөнінен жарысар болса, тағы бір ғасыр ішінде адамзат саны еселеп артуы мүмкін. Халық саны жағынан Индиядан кейінгі орында тұрған 10 елдің әрқайсысында 100 миллионнан астам адам мекен етеді. АҚШ (330 млн), Индонезия (270 млн), Бразилия (215 млн), Пәкістан (192 млн), Нигерия (186 млн), Бангладеш (159 млн), Ресей (146 млн), Жапония (126 млн), Мексика (122 млн) мен Филиппинде (102 млн) жер бетіндегі халықтың шамамен тағы 3/1 бөлігі өмір сүреді. Байқасақ, 12 ел тұрғындарының өзі әлем халқының 70 пайызға жуығын құрап отыр. «countrymeters.info» сайты XXI ғасырдың соңында жердегі халық саны 11 миллиардтан асады деп жорамал жасауда. Әлемдік сарапшылар болса жыл сайынғы азық-түлік тапшылығының еселеп артатынына алаңдаулы. Астық пен ауыз су қорының бүгінгі тапшылығын кейінгі ұрпақ «молшылық кез екен» деп еске алып жүрмей ме?  width=

 2018 ЖЫЛ: ЕРЛЕР ҚАНША, ӘЙЕЛДЕР ШЕ?...

Ит жылын әспеттеп шығарып салғанымызға да көп болған жоқ. Бір жыл ішінде бір ғұмыр бойы жырлап отыратын тарихи оқиғалар орын алды. Демографиядағы өсімнің өзі санаға түрлі ой салып кеткендей. Демографтар бір жылдың қорытындысын жіпке тізген моншақтай бірінен соң бірін айтып жатыр. Айтуларынша, адамзаттың өткен жылғы өсімі 1,22 пайызға жетті. 151 млн 141 мың нәресте дүние есігін ашса, 59 млн 329 мың кісі келмеске аттанды. Осылайша 91 млн 812 адам өткен жылғы есепке қосылды. 2018 жылдың 31 желтоқсанындағы санақ бойынша жер бетіндегі ерлер үлесі 3 млрд 868 млн, әйелдер саны 3 млрд 800 млн болып тарих бетінде қалды. Олардың 54 пайызы қалалық жерде өмір сүрсе, 46 пайызы ауылды елді мекендерді паналаған. Ғалымдар зерттеу жұмыстары барысында адамзаттың сауаттылық деңгейін де назардан тыс қалдырмапты. Жер бетіндегі халықтың 86,3 пайызы қандай да бір тілде оқып, жаза алады делінген. Қалған 700 миллионнан астам адам білім мен ғылымнан әліге дейін шет қалып отыр. Егер жынысына қарай бөлетін болсақ, ерлердің 90 пайызы, әйелдердің 83 пайызы сауатты. 268 мыңнан астам ер азамат, 466 мыңнан астам әйел азаматша әріп танып, хат жазудан бейхабар. Жыл сайын миллиондап шақалақ туғанымен, миллиондаған адам көз жұмады. «deathmeters.info» сайтының зерттеу қорытындысынан байқағанымыз – ең жиі өлімге соқтыратын 20 фактор бар. Олар жүрек қан-тамыр аурулары, инсульт, тыныс алу жолдарының вирусы, бронхит, қант диабеті, Альцгеймер ауруы, диареяның белең алуы, ту беркулез, жол апаты, бауыр циррозы, бүйрек ауруы, ВИЧ, СПИД, РАК, өзін-өзі өлтіру, тума аурулар адамзат өсімін жыл сайын тежеп отыратын негізгі себептерге айналып отыр. Байқап қарасақ, адамдар қарттық жасына жетпей ауырып, өз өміріне салғырттық танытып, өлімге жиі тап болады екен. Көш басында тұрған жүрек-қан тамырлары ауруынан жарты тәулік ішінде 16 мың адам қайтыс болса, жыл басынан бері 7 қаңтарға дейін 160 мыңнан астам жан көз жұмыпты.

 ДЕМОГРАФИЯНЫҢ ЗАМАНАУИ ТҮЙТКІЛДЕРІ

Ғаламшарымызда орын алып жатқан жайттарға ақыл көзімен алаңдауға айтарлықтай негіз бар. Халық өсімінің біркелкі болмауы экономикадан бөлек саяси жағдайларды да тығырыққа тіреп қойғандай. Туу көрсеткіші өзге мемлекеттерге қарағанда жоғары ел ‒ Оңтүстік Африка. Бір өкініштісі, соңғы 20 жылда елдегі өмір сүрудің орта жасы 14 жасқа дейін құлдырады. Мұның басты себептері – аштық, эпидемия, түрлі аурулар, оның ішінде СПИД, балалар өлімінің жоғары деңгейі. Адамзат санын онлайн есептеуші арнайы сайтта Африкада жарты тәулік ішінде 1800 нәресте өмірге келсе, 1000 адам осы уақыт ішінде көз жұмды деп көрсетіледі. 2018 жылы 1 млн 177 мың адам туса, 698 мың жан қайтыс болған. Осы деректердің өзі көп жайтты аңғартады. «Мұндай қара бұлт бір ғана Оңтүстік Африканың басына үйіріліп тұрған жоқ және бұл ғаламдық мәселе», ‒ дейді мамандар. Зерттеушілердің пайымдауынша, демографияның еселенуін тежейтін 3 негізгі фактор бар. Урбанизация, қарттық және миграция. Осы ретте Оңтүстік Африкадағы жағдай неге қаперге алынбайды деген сауал туындауы мүмкін. Мамандар ол жайдың алдын алуға, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, ауруды бақылауда ұстауға болады деп жауап берген. Солай да шығар. Көп мемлекеттердің тұрмыс деңгейі төмендеуі салғырттықтан не қолдан жасалмаған болар, әсілі амалсыздықтан деп ұқтық. Хош, әуелі урбанизацияға демографтардың неге өш екенін айтайық. Америка Құрама Штаттарындағы халықтың 83 пайызы, Ұлыбритания халқының 90 пайызы қалалық мәдениетті қош көреді. Есесіне Индия ауылды мекендеріндегі тұрғындар қаладағыдан екі есе көп. Осындай қарама-қайшылықтар қырқысқанымен қоймай, 2009 жылы жер бетіндегі қала мен ауыл тұрғындарының саны теңесті. Әліге дейін қала халқының өсімі бәсеңдемей отыр. Ірі қалалардағы халық саны кейбір экономикасы қуатты мемлекеттердің санынан да едә­уір көп. Мәселен, бір Шанхайдың (24 млн) өзіне қазақстандықтар мен қырғызстандықтар түгел сыйып кетеді. Немесе Карачи қаласына Швейцария (8 млн), Дания (5 млн), Хорватия (4 млн), Грузия (3 млн) мен Моңғолияны сыйдыруға болады. Пекин 20 миллионнан астам халқы бар қалалардың үштігінде тұр. Тізімге Дели (16 млн), Станбұл (14 млн), Токио, Гуанчжоу (13 млн), Мумбай, Мәскеу (12 млн), Сан-Паулу (11 млн), Джакарта (10 млн), Каир (9 млн), Мехико, Лондон, Бангкок, Нью-Йорк, Тегеран (8 млн), Багота, Гонконг, Бағдат (7 млн) сынды 5 миллионнан көп халық мекен еткен 50-ден астам қаланы қосуға болады. Бангладеш астанасы Дакка қаласының аумағы 300 шаршы километр. Қаладағы тұрғындар саны 7 миллионға жуық. Бір шаршы метрде 23 мың 234 адам мекендейді. Астана қаласындағы сыйымдылық 1 шаршы метрге 9 адам, ал Қазақстанда 7 адамға дейін. Осыдан-ақ, Даккадағы халық тығыздығын аңғаруға болады. Жайлы үй, тиімді сервис, қолжетімді тауар түрі мен жоғары жалақыны, қала берді қалалық мәдениетті көксегендер туған ауылын тастап қалаға ағылуда. Дұрыс та шығар, дегенмен мұның соңы жұрттың бәрін бақытты етпейді. Біріншіден, экологиялық жағдай нашарлайды. Соның салдарынан түрлі сырқаттар белең алуы мүмкін. Қала аумағын кеңейту үшін ағаштар оталып, жолдар, үйлер салынады. Заманауи автокөліктер саны артып атмосфераны ластаушы негізгі зиянкеске айналады. Екіншіден, Нью-Йорк, Мехико сынды қалалардағыдай бір шаршы километрге мыңдаған адамдардың тығыз орналасуы. Көптеген мегаполистерге жаңадан келушілерге жұмыс жетіспегендіктен қайыр сұраушылар мен қылмыскерлер саны да көбею үстінде. Зерттеушілер дамыған мемлекеттердегі өмір сүру жасының өсу деңгейін ондаған жылдардан бері зерттеп, қорытынды жасады. Батыс Еуропада 2-3 пайыз, АҚШ-та 1-2 пайызға ғана артқан. Ең жоғары көрсеткішке қол жеткізгендер Жапония мен Скандинавия мемлекеттері. Токиода жасы жүзден асқан 2000-нан астап жапондық өмір сүреді. Тиісінше Германия, Италия сынды мемлекеттерде туу, көбею көрсеткіштері кері кеткен. 2050 жылдары жер бетіндегі 60 жастан асқан адамдар саны жалпы халық санының 3/1 құрамақ. Ол дегеніміз 5 жасар бір нәресте 2 адамның орнын басады. Яғни еңбек өнімділігі екі есеге қысқаруы мүмкін. Әзірге туу көрсеткіші аз мемлекеттер өз халық санын шеттен келген босқындармен толтыруда. Мұның соңы жоспарлы экономика шеңберінен шығып, жұмыссыздық пен ұлттық алауыздыққа алып баруы мүмкін дейді зерттеушілер.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Демография ғылымына терең бойласақ, оның адамзат тарихында қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Тіпті, оны өнер деп қарастыратындар бар. Олай болмаса б.з.б 1000 жылдықтағы адамзат санын анықтау мүмкін бе еді? Ғалымдардың айтуынша, сол кезеңде жер бетін небәрі 50 миллион адам мекендеген. Онан кейін халық саны қаншаға артып, қаншаға кемігені белгісіз. Әйтсе де, аталған ғылымда демографиялық революция, демографиялық жарылыс, демографиялық саясат т.с.с түрлі терминдер бар. Соның ішіндегі демографиялық жарылысқа тоқталмай кетуге болмайды. Б.з.б 1000 жылдықта өмір сүрген 50 миллион адам араға 2 мың 600 жыл салып XVII ғасырда 500 миллионға әзер жеткен. Жер бетіндегі тіршілік жанданып, жақсы өмірді сезіне бастағандықтан ба, әлде өндіріс қуаттылығы әсер етті ме, 1800 жылдың басында жалпы халық саны 1 миллиардтан асты. Дәл осы көрсеткіш екі ғасыр ішінде 7 есеге дейін көбейіп үлгерді. Демографиялық жарылыс термині осы деректемеге қарата айтылса керек. Енді екі ғасырды болжау оңайға соқпаса да бір ғасырдағы халық санын демографтар шамалап айтып жүр. Жер бетінде 2100 жылы 11 миллиард 185 миллион 333 мың 718 адам өмір сүрмек. Бұл «countrymeters.info» сайтында көрсетілген болжам ғана. Аталған сайттағы жердегі адамдарды онлайн есептегіш көмегімен жаһан демографиясының тынысын бір тәулік бойы бақыладық. Өткен сенбі (05.01) сағат 11:00 мен келер күні дәл сол уақытта түсіріп алған суретімізде нақты цифрлар сөйлеп жатыр. Мәселен сенбі (05.01) күні халық саны 7 млрд 670 млн 251 мың 166 болса, жексенбідегі көрсеткіш 7 млрд 670 млн 507 мың 338 жанға жетті. Туу мен өлім көрсеткішін есепке алғанның өзінде 24 сағатта жер ғаламшарының тұрғындар саны 256 мың 172 адамға артып отыр. (Осы және өзге де деректерді бақылау үшін кестеге назар аударыңыз) Жоғарыда халық саны жағынан жаһан елдерінің ішінде ҚХР көш бастайтынын айттық. Аспан асты еліндегі халық саны Ресей (146 млн), Жапония (126 млн), Египет (98 млн), Германия (83 млн), Иран (82 млн), Түркия (79 млн), Франция (68 млн), Ұлыбритания (67 млн), Италия (59 млн), Аргентина (55 млн), Оңтүстік Африка (54 млн), Корея (53 млн), Испания (46 млн), Сауд Арабиясы (42 млн), Украина (41 млн), Ирак (39 млн), Ауғанстан (36 млн), Канада (35 млн), Өзбекстан (32 млн), Сирия (27 млн), Австралия (26 млн), Қазақстан (18 млн), Грекия (11 млн) мен Португалия (10 млн) тұрғындарынан да көп. Қытайлықтардың қалай көбейгені кім-кімді болмасын қызықтырары сөзсіз. Барлап қарасақ олардың мұндай көрсеткішке жетуі тұрғылықты халықтың әуелден көп, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсы болғандығымен түсіндіріледі. Бірақ сан мыңдаған жылдар ішінде олар тек өсім ғана емес, азаю барысын да жаппай бастан кешірген. Мәселен, б.з.д 57 жылы Шын машын елін 38 миллион адам мекендесе, 290 жылы оның саны 24 миллионға азайған. 1200 жылы 105 миллионға жетіп үлгерген қытайлықтар XIII ғасырда 77 миллионға дейін кеміген. 1910 жылы 400 миллионға қайта көбейген қытайлықтар бір ғасыр ішінде жаңа 1 миллиардты қатарларына қосқан. Соңғы он жылда елдегі орташа өмір сүру жасы 73 жасты құраған. Қазіргі таңда халықтың 10 пайыздан астамы жұмысқа жарамсыз қарттар, 17 пайызын балалар құрайды. Елдегі 50-ден асқандар саны да әдәуір көп. Халықтың негізгі бөлігі қарттық жасына таяп, жас өскіндердің саны азайып қалған. Сондықтан болар, БҰҰ сарапшылары 2050 жылы қытайлықтар 100 миллионға кеміп, 2100 жылы 1 миллиардқа дейін азаяды деп болжам жасауда. Халық саны жағынан әлемде екінші орын алатын Индия демографиясы жайлы да аз-кем айта кеткен жөн. Қазіргі таңда елдегі орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 65,8 жас. Тұрғылықты халықтың 41 пайызы хинди тілінде сөйлейді. 14 жасқа дейінгі балалар 28,9 пайызды құраса, 65 жастан асқандар 5,7 пайыз ғана. Сондай-ақ, Индия билігі ішкі жалпы өнімнің 3,9 пайызын денсаулық сақтау саласына жұмсайды. Әлем елдері бойынша бұл 169-орынды көрсетеді. СПИД ауруының кең таралуынан және осы ауру түрінен қаза табатындар саны жағынан үшінші орында. Ал білім саласына ЖІӨ 3,3 пайызын жұмсайды. 15 жастан жоғары халықтың 62,8 пайызы ғана оқып, жаза алады. 5-14 жас аралығындағы балаларды еңбекке тарту да көп кездеседі. 12 миллионнан астам жеткіншек балиғат жасына жетпей еңбекке араласады. 15-24 жас аралығындағы жеткіншектердің 10 пайызға жуығы жұмыссыздық тауқыметін тартуда. Бір қызығы, индиялықтардың саны да әуелде 18 миллион болған. Бірақ ол б.з.д 1000 жылдықта. Ал осы заманның бірінші жылында Индия тұрғындары 60 миллионға дейін көбейген. Зерттеушілердің жазуынша 100 жылы 100 миллионға жеткен Индия халқының саны 1500 жылға дейін көбеймей, не азаймай сол орында тұрған. 600 жылы 102 миллионға жеткеннен кейін, жыл сайын халық саны артып отырған. Ел демографтары таратқан ақпарға сәйкес, 2030 жылы индиялықтар шамамен 1 млрд 512 миллионға жетуі мүмкін.

 ҚАЗАҚСТАН ДЕМОГРАФИЯСЫНЫҢ ӘЛЕМДІК РӨЛІ

Әзірге Қазақстан халық саны бойынша жер ғаламшарындағы 242 мемлекеттің ішінен 74-орынды иеленіп, жалпы есепте жердегі халықтың 0,24 пайызын құрады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар саны 18 миллион 393 мыңға жетті. Бізден аз-кем озып келе жатқан Чили (18 млн 634 мың), қуып келе жатқан Боливия (17 млн 410 мың) мемлекеттері. БҰҰ экономикалық және әлеуметтік істер жөніндегі департаменттің 2019 жылдың 4 қаңтардағы есебі дәл осындай болды. Ал елдегі халықтың тығыз орналасуы жағынан 195 мемлекет ішінен 184-орынға жайғастық. Қазақ­стан тұрғындарын жер көлеміне шаққанда әр шаршы километрге 6,7 адамнан келеді. Ал 195-орында Моңғолия. Мұнда 2 адам 1 шаршы километрге ие. Халқы тығыз орналасқан елдер көшін Монако бастап тұр. Елдегі 18 мың 679 азамат 1 шаршы километрді бөлісуге мәжбүр. Онан кейін Сингапур (7 мың 389 адам) мен Ватикан (1 мың 914 адам) үштікке енеді. Индия 20-орын (357 адам), ҚХР 56-орынға (139 адам) жайғасты. Жер көлемі бойынша әлемде көш бастайтын Ресей Федерациясы болса, 181-орынға (8,5 адам) табан тіреді. P.S: Әйгілі жазушы Марк Твеннің «Питкэрндегі Ұлы революция» дейтін әңгімесі бар. Кіп-кішкентай аралдың ашылғанынан бастап, онда қалай тіршілік орнағанына дейін айтылады. 1606 жылдың 26 қаңтарында тегі португал, өзі испандық теңізші Педро Фернандес осынау аралға алғаш табан тіреген. Кейіннен Тынық мұхитына экспедицияға шыққан британиялық «Баунти» кемесіндегі ағылшындар мен таити аралынан ертіп алған адамдар Питкэрнді байқап, сонда тоқтайды. Тіпті, мәңгілікке тұрақтап қалғандар бар. Сол кезеңнен бастап Ұлы­британия қарамағындағы аралдағы мемлекет талайды басынан өткеріп келеді. Тілі бар, экономикасы тұрақты, тіпті туризм саласы да жолға қойылған, тарихы таңданарлық. Ендігі гәп, 1936 жылы халық саны 250-ге жеткен ел тұрғындары жойылудың аз-ақ алдында тұр. Ағылшын мен таити тілдерінде сөйлесетін питкэрндіктер саны бұл күнде небәрі 21 адам. Олар ғаламдағы секунд сайын келмеске аттанатын 2 адам бізден шықпасын деген қорқынышпен өмір сүреді. Жер бетінде әр секунд сайын үш нәресте туылады дейді демографтар. Ал питкэрндіктер 365 күндегі 525 мың 600 минутты құрайтын әлемдік өсімнің бір минуты өз елдерінде болса екен деп арман етсе керек. Сондай болған жағдайда 200 жылдан астам тарихы бар арал тұрғындары 100-ден астық деп бөркін аспанға атар еді. Біреу жер жетпейді деп сарсаң, енді біреу адам жеткізе алмай әуре. Шерхан Мұртазаша түйіндер болсақ, бұл да, бір кем дүние емес пе?!  

Серіктес жаңалықтары