315
Алматы теміржол вокзалдары коммуналдық меншікке қайтарылатын болды
Алматы теміржол вокзалдары коммуналдық меншікке қайтарылатын болды
Алматыда «Алматы-1» және «Алматы-2» теміржол вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне берілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімі Бауыржан Байбек Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Алматыға жұмыс сапары кезінде осылай деп мәлімдеді. Қала басшысы мұндай шара қала әкімдігіне вокзалдарға реконструкция жүргізуге, тұрақты өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын кеңінен қамтуға, теміржол вокзалдарын қаланың көлік құрылымының бір бөлігі ретінде дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Әкімдік «Алматы-1» теміржолын қайта жаңғыртуды - 2019 жылы, ал «Алматы-2» теміржолын қайта жаңғыртуды - 2020 жылы бастауды жоспарлап отыр.
Қала кеңістігін қайта жаңғырту барысында жергілікті бюджет есебінен биылдың өзінде екі вокзал алдындағы алаңдар реконструцияланды, жасыл желек отырғызылып, тротуар төселді. Екі вокзал алдындағы алаңдар да қоғамдық көлікті ескере отырып, қайта жасақталды. Қауіпсіз өтпелі жолдар абаттандырылып, жасыл желек көлемі артты және видеобақылау камералары қойылды.
Айта кетерлігі, бұрындары қаланың коммуналдық меншігіне Алматының бірқатар маңызды нысандары қайтарылған болатын.
«Атакент» жанындағы алаңды қысқарту барысында асфальтты аумақ азайды. Түрлі құрылыстар сүріліп, газондар мен ағаштар отырғызылды. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жабайы тұрақтар жойылып, автомобиль иелеріне бұл аумаққа кіруге тыйым салынды.
Мемлекет меншігіне қайтарылатын жер телімінде жақында ашық аспан астындағы сақ мәдениеті музейі ашылады. Қала әкімдігі мен екінші деңгейлі бір банк арасында Розыбакиев-Штраус-Есқараев-Радостовец көшелері бойындағы 2,7 гектар аумақты қайтару жөніндегі келісімге қол жеткізілді.
Таяуда «Южный» саябағының солтүстік жағындағы құрылыс салу үшін бөлінген жер телімі де қалаға қайтарылған еді. Қазір мұнда аудан тұрғындарының ұсынысы ескеріле отырып саябақ аумағы қайта жаңғыртылып жатыр.
Табиғи ескерткіш саналатын «Баум бағына» қаланың коммуналдық меншігіне берілген соң инвентаризация жүргізілген болатын. Сонымен қатар, жеке тұлғалар мен автосалондар иелері басып алған 2,5 га жер телімі қайтарылды. Абаттандыру мақсатында бірінші кезекте навигациялық тақтайшалар ілініп, полиция пунктілері жұмыс істей бастады. Паркте флора аумағын кеңейту қолға алынды.
Өз кезегінде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еліміздегі алғашқы туристік хаб пайда болды. Қазіргі кезде мұнда «Visit Almaty» ақпараттық орталығы ашылған. Ғимарат маңы жиі емес туристік бағыттарды ұйымдастырудың бірыңғай орнына айналған.