2 Қараша, 00:33 202 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Балабақша тәрбиешісі де ҰБТ тапсырмақ

Соңғы кезде кейбір балабақша тәрбиешілерінің жүгенсіз кеткендігі туралы ақпарат көп. Баланы ұрып-соғу арқылы тәрбиелеп жүрген олардың бұл әрекетін қылмысқа балауға негіз бар. Интернет желісінде қаптап кеткен мұндай өрескел жайттардың алдын алуға не кедергі?

Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 50 пайызға дейін көтермек. Ол үшін тәрбиешілер ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуі тиіс. Осылайша, жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін тәрбиешіге қосымша ақы төлене бастайды. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Парламент Сенаты депутаттарымен кездесуінде айтты. Министрлік мектепке дейінгі білім сапасын көтерудің жол картасын дайындаған. Қазіргі уақытта аталған жол карта талқылауға ұсынылды. «Биыл 60 мың мұғалім бізге келіп, ұлттық тестілеуден өтті. 36 мың мұғалім жоғары баға алып, жаңа біліктілікке ие болды. Сонымен айлықтары 30-50 пайызға дейін көтеріліп отыр. Енді соның бәрін тәрбиешілерге ұсынып отырмыз», – дейді министр. Бірыңғай біліктілігін арттырып, ұлттық тестілеуден өткен тәрбиешілердің айлықтары да 30-50 пайызға артады. Екіншіден, министрлік барлық тәрбиешілерді В3 блоктан В2 блокқа көтеру ұсыныстарын және есебін дайындап отыр. Келесі жылы оны мемлекеттік бюджеттік комиссияға ұсынбақ. Сонымен қатар мектептердегідей жаңартылған мазмұнмен жұмыс істейтін педагогтарға қосымша ақы төлеу қарастырылады. Министрдің дерегінше, бүгінгі таңда балабақшаларда 55 мыңнан астам тәрбиеші жұмыс істейді. Олардың 45 пайызы ғана мектепке дейін білім беру мамандығын алған. «Тәрбиеші» мамандығына жоғары оқу орындарында бөлінетін мемлекеттік грант көбейіп келеді. Өткен жылы 270, биыл 550 грант бөлінді. Колледждерге былтыр 5560, биыл 7200 грант бөлінген. Соған қарамастан, жыл сайын 9000 түлектің 900-і ғана ма-мандығы бойынша жұмысқа орналасады, бұл өте аз», – дейді Е.Сағадиев. Сондықтан министрліктің алдында тәрбиешілердің еңбек-ақысын көтеріп, жаңа бірыңғай тестілеу жүйесін енгізіп, біліктілігін арттыру қажет болып тұр. Себебі білімді мамандар ары қарай балабақшаға бармай магистратураға түседі, басқа мамандыққа ауысады, себебі жалақысы жоғары жұмысты таңдайды. Министрлік балабақшаға мамандар тарту үшін ауылдағы балабақша меңгерушілерін жұмысқа қабылдауда талап етілетін еңбек өтілін 6-дан 3 жылға дейін қысқартты. Екіншіден, педагогтарды қолдау үшін «Білім туралы» заңның 51-бабына өзгерістер енгізіліп жатыр екен. Алдағы уақытта балабақшаға жұмысқа мектепке дейінгі мамандық бойынша емес, педагогикалық білімі бар мамандар қабылданады. Осы уақытқа дейін мектепке дейінгі мамандығы жоқ тәрбиешілер категория алу үшін аттестациядан өте алмайтын. Енді аттестациялау ережесіне өзгерістер енгізіліп, педагогикалық білімі бар барлық тәрбиеші аттестациялаудан өтеді. Ол үшін министрлік қысқамерзімді курстар енгізіп отыр.

Соңғы жаңалықтар