Тәтті түбір табысқа кенелтті

Ауыл шаруашылығын дамыту – Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі. Бұл ретте Жамбыл облысының диқандары да өнімді еңбек етуде. Әсіресе, өңірде қазіргі уақытта егін және мал шаруашылығына баса мән берілуде.

Биыл алғаш рет тәтті түбір еккен таластық диқандар көл-көсір табысқа кенелетін түрі бар. Жер тың болғандықтан, түсім де жаман емес. Табанды еңбекті, ерекше күтімді қажет ететін техникалық дақылды өсіруді қолға алған «Бекен» шаруа қожалығы қазір балтамырды жинап жатыр. Айта кетейік, мұндағы шаруалар бұл істі  қызылша өсіруде  талай жылғы тәжірибесі бар «Шарипов» шаруа қожалығымен бірлесіп атқаруда. Нәтиже көңіл көншітерліктей.

Талай жылдан бері мүлгіп жатқан Таластың төсіне биыл жан кіре бастағандай. Сайын даланы дүбірге толтырған диханшылар біртіндеп шаруаның шырайын кіргізуде.   Ақкөл ауылы аумағынан 120 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен қызылша еккен дихандар Жер ананың жомарттығын сезінгендей.  Ала жаздай тынымсыз тер төгіп, енді міне,  өнімді жинауға кірісті. Несібесін жерден айырған еңбек адамдары балтамырдың түсіміне дән риза. Көмек беруге ниет білдірген ауыл тұрғындарын тартып, оларға күнделікті еңбекақысын төлеп отыр. Уақытша науқан болса да, бос қолға табылған іске егістік басында жүрген жиырмаға жуық адамның көңілі тоқ. Қызылша бастыру жұмысы қазан айының ортасында басталған. Бүгінге дейін 50 гектары жиналып үлгерді. Сәтін салса, бір жетіде тәтті түбірді жинап бітіреміз, дейді дала еңбеккерлері.

Бұдан бөлек, Үкімет қызылшаның әр келісіне 12 теңге субсидия беріп отыр. Ал мұндағы әр қызылшаның салмағы екі жарым келіге дейін жетуде. Күніне 250-300 тоннадай балтамыр қант зауытына жөнелтілуде. Шаруаның бабын білетін кәсіби диқандар әр гектарынан шамамен 400 тонна өнім аламыз дейді. Мұндай жоғары көрсеткіш аудан үшін үлкен жаңалық. Шаруа қожалығы өз иелігіндегі 270 гектар суармалы жерінің 15 гектарына алдағы жылы пияз егуге дайындап та қойыпты.

Сонымен қатар, 2015 жылдан Қордай жерінде жұмыс істеп келе жатқан «Гринвилл» серіктестігі бүгінде көкеніс дақылдарының 60- тан астам түрін өсіреді. Бұл аудандағы жылдың төрт мезгілінде жылыжайлар арқылы өнім алып отырған ең ірі кешен болып табылады.

«Гринвилл» серіктестігі Қордай ауылының аумағынан биыл тағы да ірі жылыжай кешенінің құрылысын бастады. Бұрын тек, қызынақ пен қияр секілді көкеністің түрлерін өсіріп келген шаруашылық, биылдан бастап жыжыжайды аквапоника әдісіне көшіріп отыр. Яғни, ол жоғарғы технология көмегімен мұнда бірден балық пен өсімдік өсіруге мүмкіндік туғызады.

Жаңа жылыжай кешенінде салатқа қосатын өсімдіктің 68 түрін өсірмекші. Ол өте тиімді жолмен жүзеге асады. Яғни, мына шағын бассейндерге балық жіберілсе, сол судың артық бөлігі өсімдікті суғаруға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде кеңінен қолданылатын бұл әдіс Қордай жерінде алғаш сәтті жүзеге асатынана сенім мол. Жылыжай кешенінің құрылысы биылғы жылдың аяғына дейін толық аяқталып, серіктестік келер жылдың басында алғашқы өнімді береміз деп отыр.

Ал «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өндірісті дамыту бағдарламасы бойынша 848 млн. теңгеге салынған жаңа қасапханада бір күнде 150 қой мен 80 сиырды союға болады. Ірі қара мен уақ малдарды Қордай жеріндегі шаруашылықтардан қабылдайды. Мал сою алаңы соңғы үлгідегі техникамен жарақтындырылған.

Дайын өнімді арзан бағамен Алматы, Тараз қалаларына, Қордай ауылдарының дүкендеріне тасмалдайды. Мұнда, мал өткізіп қана қоймай оны сойдырып алуға да мүмкіндік бар. Сиырды 3000 , қойды 1000, жылқыны 4000 теңгеге сояды. Қасапханада 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар қазір 12 түрлі ет өнімдерін шығарады.Қасапхана әзірге малды шаруашылықтардан қабылдау арқылы жұмыс істеп жатса, болашақта өз мал бордақылау кешендерін салуды да жоспарлап отыр.

Back to top button