264
Астанада айтыс өтті дүрілдеп
Астанада айтыс өтті дүрілдеп
Астанада екі күн бойы дүбірлетіп өткен жыр додасы көптің көңілінен шықты. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған халықаралық айтысқа қатысқан 20 ақын сөздің құдіретін сезіндіргендей болды.
Мәдениет және спорт министрінің алғысөзін оқып берген вице-министр Ақтоты Райымқұлова: «Айтыс – халық асыға күтетін, жоғары бағалайтын ұлттық өнеріміздің бірі. Додада еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден келген от ауызды, орақ тілді айтыскерлеріміз өз бағын сынайды. Баршаңызды жыр-бәйгенің ашылуымен құттықтап, айтыскерлерге сәттілік тілеймін», – деген жүрекжарды тілегін жеткізді.
Айтыстың екінші күні 12 ақын сахнаға көтерілді. Бәрі де шашасына шаң жұқтырмаған нағыз жүйріктер. Сахна төріне айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев пен павлодарлық жүйрік Аспанбек Шұғатай шықты. Бұл жолы да Айбек ақын қарсыласынан озық екенін көрсетті. Одан кейінгі кезек Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезімханға берілді. Екі ақынның тартысында Мейірбек Сұлтанханның бәсі биік түсті. Сонымен, Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұловқа үшінші орын, екінші орын Мейірбек Сұлтанхан мен Рүстем Қайыртайұлына берілді. Ал Мұхтар Ниязов пен Ринат Заитов бас жүлдені қанжығасына байлады.