Мәскеудің ықпалына көнбеген шіркеу

Мәскеудің ықпалына көнбеген шіркеу

Мәскеудің ықпалына көнбеген шіркеу
ашық дереккөзі
1357
Соңғы жылдары Ресей мен Украинаның арасында экономикалық-саяси түйткілдер қылаң беріп қана қоймай, халықаралық даулы мәселеге ұласуда. Бұған дейін «газ соғысы» салдарынан өзара келіспеушілік орын алып, экономикалық ахуалға едәуір зардабы тигені есте. Одан кейін де жағдай қалыпқа түскен жоқ. Қырым мәселесі жер дауын өршітсе, украин тілінің қолданыс аясын кеңейту жайы әлдекімдердің қытығына тиген. Ал ендігісі – дін саласындағы дүрдараздық. Дін демекші, біраздан бері Украина мен Ресей арасын араздастыруға алып келген жайттың түп-төркіні қайда жатыр? Константинополь патриархының шешімі діни ахуалды жақсартты ма, әлде шиеленістіре түсті ме? Константинополь патриархы Варфоломей бұл қадамға неге барды? 300 жылдан астам уақыт бойы ең ірі Украин православие шіркеуі Мәскеу патриархатының автономдық бөлімі болды. Ал Константинополь шіркеуі синод мүшелерінің 1686 жылы Киев митрополиясының Мәскеу патриархатының құрамына енуіне байланысты қаулысын бұзуды құп көрді. Яғни, бұл қаулы бойынша Киев митрополитін тағайындау құқығы Мәскеу патриархатына беріліп келген еді. Бүгінде Украинада үш шіркеу бар. Православия әлемінің ерекше мойындауына ие болған Онуфрий басқаратын Украин шіркеуі, Киев патриархаты және Украин автокефалды православие шіркеуі (1917 жылы құрылған) әрекет етеді. Ал Украина православ шіркеуінде 191 монастырь болса, 11 мың 358 адам тұрақты келіп тұрады. Былайша айтқанда, бұл шіркеу Ресей православ шіркеуінің мүддесіне сай жұмыс істейді. Мәскеу үшін православ шіркеуі – Украинадағы ахуалға әсер етудің маңызды құралы іспеттес. Ал енді украин дінбасыларының Ресейдің ығынан шығуға деген ұмтылысы қаншалықты нәтиже берер екен? Әдетте дін – саясаттан бөлек деп жатамыз. Алайда қазіргі жағдайға қарасақ, екі елдің дін өкілдерінің жұмысына ел басшылары да араласа бастады. Сәуір айында Украина президенті Петр Порошенко дүниежүзілік патриарх Варфоломейге Украина шіркеуіне автокефальді беруді сұраған еді. Бұдан соң іле-шала патриарх Филарет пен митрополит Макарий Констонтинопольдің шешімі Украинада бірыңғай шіркеу құруға мүмкіндік береді деп мәлімдеме жасады. Бұл іске өзі араласқан Украина президенті Петр Порошенко елдегі православ дінін ұстанатындардың еш алаңдауына негіз жоқ екенін ескерте келе, шіркеулерді біріктіру мәселесі заман талабынан туып отырғанына екпін түсірді. «Томос өзін діни қоғамда көрсете алған шіркеуге беріледі. Біздің таңдауымыз түскен шіркеуде Украина православ шіркеуінің жоғары атаққа ие болған дінбасылары жиналып, ортақ шешім қабылдап отырады», – деді президент. Оның пікірінше, Киев үшін Константинополь патриархаты шіркеу-ана ретінде қалады. «Бізге діни сенім де сол жақтан келді. Ол жақта біздің шіркеу-ана бар. Біз оған автокефалияны беру жөнінде ұсыныс білдірдік. Автокефалияны украин шіркеуіне алдырту елдің тәуелсіздігі мен әлемдік геосаясаттағы орнын нықтай түседі. Білуімше, автокефалия мәселесі шіркеу өмірінен алыстап, шекара асып кетті. Алайда бұл Украина тәуелсіздігінің мәселесі» деп тәптіштеді. Сондай-ақ, Порошенко ел үшін, елдің діни тұтастығы үшін әртүрлі конфессияны ұстанған азаматтарға қысым көрсетілмейтінін айта кетті. «1991 жылы тәуелсіздік алған мемлекеттің алдында православ шіркеуін жекелендіру мәселесі тұрды. Сондықтан 1950-1951 жылдары Илларион Иван Огиенко қолға алған түйткілді соңына дейін жеткізудің сәті бүгін түсті. Бұл біздің ұрпақ үшін жасалып отырған шешім», – деді ол ел халқына қарата. Бұдан соң Украина президенті Жоғары радаға Константинополь патриархатына Киевтегі Андреев зәулім шіркеуін беру туралы ұсынысты қарауға тапсырма берді. Петр Порошенко өз тарапынан патриархатқа украиндық автокефалияға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірген көрінеді. Рададағы мемлекет басшысының өкілі Ирина Луценко осы мәселеге қатысты заң жобасы жақын арада тіркеуге алынатынын ескертті. Украина президентінің ұсынысын жер­гі­лікті шенеуніктер де қолдауда. Мәселен, Украина СІМ кеңесшісі Зорян Шкиряк бұл мәлімдемені ұзақ күткенін айтады. «Біз өз автокефалиясы бар Украин православ шіркеуін құрып, Константинопольмен бірге өз жолымызбен жүреміз», – десе, Протоиерей Георгий Коваленко: «Егер Мәскеу патриархаты Константинопольмен қарым-қатынасты біржола үзсе, мұны қабылдамаймыз. Біз Константинополь патриархатын мойындайтын Украина православ шіркеуінің құрылуын құптаймыз», – деді. Бұл мәселеге Орыс православ шіркеуі басшылары не дейді? Олар 15 қазанда Минскіде синод (шіркеу басшыларының жиыны) өткізуге жиналды. Синодты Орыс православ шіркеуінің басшысы, Мәскеу патриархы Кирилл Константинополь православие шіркеуінің Киелі Синоды (немесе Бүкіләлемдік патриархат) Украина православие шіркеуіне автокефалия беруіне байланысты шақырғанын мәлім етті. Константинополь патриархы Варфоломей қазанның 11-і күні Украина православие шіркеуіне өзін-өзі басқару құқығы – автокефалия беруге шешім қабылдаған соң, діни түйткілге байланысты жан-жақтан пікір қаумалай кетті. Дәлірегінде, Орыс православие шіркеуі Бүкіләлемдік патриархаттың бұл шешімін «қауіпті» әрекет деп атаған. Мәскеу патриархы Кирилл: «Бұл жиын өте маңызды. Синодта Украинадағы жағдайларға байланысты бірқатар шешім қабылданды. Православ шіркеуі дағдарысты еңсеріп, тұтастығын сақтап қалу жолын табады деп үміттенемін» деген еді. Патриарх Кириллдің баспасөз хатшысы бұған дейін Варфоломейдің шешіміне қатысты «қатаң және тиісті» жауап берілетінін мәлімдеген. Қазанның 13-і күні Орыс православие шіркеуінің ішкі мәселелер бойынша бөлімінің басшысы митрополит Иларион «Россия 24» телеарнасына Бүкіләлемдік патриархаттың шешімі Мәскеу патриархатын «Варфоломеймен одағын бұзуға мәжбүрлегенін» айтқан болатын. Бұл жағдай 12 қазанда Ресей қауіпсіздік кеңесінде де талқыланды. Бұл жиынды Ресей президенті Владимир Путин жүргізіп отырған болатын. Бір айта кетерлігі, Украинадағы жағдайға алаңдаған Ресей Украинадағы православтардың мүдделерін қорғайтынын жеткізген. Алайда ішкі ахуал жағдайдың басқаша өрбіп жатқанын көрсетуде. Украина православ шіркеуінің бұл шешімін асығыстық деп бағалаған Ресей православ шіркеуінің митрополиті Иларион: «Бұл ел арасына қатер төндіріп, тіпті проваслав әлеміндегі миллиондаған адамның тағдырына қол сұғуы мүмкін. Себебі Украинадағы дінге сенім білдірушілер жаңадан құрылатын шіркеуге баруға құлықсыз. Сондықтан да егер Константинополь патриархаты мәселеге біржақты қараса, қателеседі. Украина – тәуелсіз мемлекет. Десе де, шіркеудің мәртебесін билік емес, шіркеудің өзі шешуі керек. Автокефалия туралы құжат мемлекет басшысына емес, қашанда шіркеу басшысына табысталатын» дегенді жеткізді. Бұл мәселе жөнінде түрлі пікір айтылуда. Интернет сайттары да тақырыпты өз мүддесіне сай жариялап бағуда. Ол түсінікті де. Ал жергілікті халық өкілдері не дейді? Біз бұл жайында Украинаның Полтава облысы, Чернигов қаласының тұрғыны Сергей Дзюбадан сұрағанымызда: «Әрине, Ресей қарсы. Себебі Мәскеу патриархатының шіркеуі бәрін басқарып отыр. Меніңше, шіркеу саясатқа араласпауы керек, керісінше адамдарды ұйыстыруға ұмтылғаны жөн. Украина тәуелсіз мемлекет. Соған орай, шіркеуі де тәуелсіз, нағыз украин халқының жанына үңілетін рухани мекен болуы тиіс», – деп жауап берді. Ел аумағынан шығып, әлемдік ақпарат құралдарының да құлағын көтерген жайтқа қатысты Ресей православ шіркеуінің жиыны Мәскеу патриархаты Кирилдің төрағалығымен дүйсенбі күні Минск қаласында өтті. Діндарлар отырысының басты тақырыбы – Украинадағы Константинополь патриархатының әрекетіне баға беру еді. Әзірге Мәскеу патриархатының басшысы Украина шіркеуінің шешіміне қандай да бір кедергі жасауға тырысса да, дәрменсіз күйде. Осы аптада Киевте мыңдаған адам орталық алаңға жиналып, патриарх  Варфоломейдің Украина православие шіркеуіне автокефалия беру шешіміне алғыс білдіріп, құлшылық жасады.

Серіктес жаңалықтары