Астана қолжетімді баспана бағдарламасын әзірледі

Қазіргі таңда Астана әкімдігі өңірлік қолжетімді баспана бағдарламасын әзірледі.

Елбасының 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты жолдауында баспана мәселесіне айрықша тоқталған еді. Онда: «Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді» деген болатын.

Осыған байланысты Астана әкімдігі жаңа бағдарлама әзірлеуге кірісіп, оның алғашқы ережелерін бекітті. Бағдарлама аясында мұғалімдерге, дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына құны 1 миллион теңге болатын сертификат беріледі. Шарт бойынша, көмекке ие болу үшін азамат мемлекеттік қызметте кем дегенде 5-7 жыл жұмыс істеген болуы керек. Бағдарлама арқылы қалалық қызметтегілердің жоғары білікті мамандар корпусын құру көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде 10 мың пәтерді беру жоспарда тұр. Кейін 20 мыңға артатын болады. Үміткерлер елордада жаңадан бой көтерген үйлерге қоныстандырылады. Жоспарға сай, 1 шаршы метрінің бағасы 230 мың теңгеден аспауға тиіс. Қазір Астананың денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін 17,5 мың қызметкердің 5 мыңдайы баспанаға зәру. Үйге мұқтаж тағы 9 мың адам білім беру саласында еңбек етеді. 4 мың тәртіп сақшысының 3 мыңға жуығы баспаналы болуды армандап жүр.

Back to top button