11 Қазан, 17:35 236 0 Ішкі саясат Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Ел-жұрт Би-ағаның есімін таңдады

Жақында Қостанай облысындағы Таран ауданының аты Бейімбет Майлин атына өзгертілді. Енді аудан қызыл империяның қолшоқпары Л.Таран атымен емес, қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің қазығын қаққан қаламгерлердің бірі, ақын, драматург Бейімбет Майлиннің есімімен аталады.
Осыған орай Алматы көпсалалы колледжінде арнайы кездесу өтті. Оған жазушының ұрпағы Салтанат Майлина, бейімбеттанушы-ғалым Жұмабек Табын, колледж директорының орынбасары Жаңыл Нүсіпжанова және студенттер қатысты.
Алғашқы сөз тізгіні тиген Жұмабек Табын мырза айтулы оқиғаны Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жасалып отырған сый-құрмет деп бағалады. «30-қыркүйек – мен үшін ұлы күн. Өйткені біздің неше жылға созылған еңбегіміз осы күні жемісін берді. Қоғамдық комиссия мүшелері ауданның аты Бейімбет Майлиннің есімімен аталуын бір ауыздан қолдады. Тіпті қалыс қалған адам жоқ», – деді ол.

Жиында Салтанат Майлина жазушының басқа да ұрпақтары туралы әңгімеледі, сондай-ақ ол атасының мұраларын насихаттау мақсатында Б.Майлин атындағы қор жұмыс істеп жатқанын айтты.
Кездесу қонақтары болашақ жоспарларымен де бөлісті. Олар алдағы уақытта жазушының шығармасымен аттас «Шұғаның белгісі» атты ескерткіш орнатуды жоспарлап жүргендерін жеткізді. Шұға бүкілқазақ әйелдерінің символы болғаны сияқты, бұл ескерткіш те бүкіл қазақ әйелдерінің бейнесін ашып көрсететін жәдігер болмақ. Егер ескерткіш тұрғызылып жатса, оның төменгі айнала дөңес жақтауларына Б.Майлиннің атақты шығармаларының аттары жеке-жеке жазылады.
Өз кезегінде студенттер қонақтарға көкейтесті сауалдарын қойды. «Б.Майлиннің кейіпкерлері шынайы өмірден алынған ба?» деген сұраққа Жұмабек Табын «Иә, Би-ағаның кейіпкерлерінің 80 пайызы шынайы өмірдегі адамдар. Азамат Азаматыч, Күлпаш, Мырқымбай барлығы сол заманның типтік кейіпкерлері» деп жауап берді. Ол сонымен қатар Бейімбет Майлинді қазақ кинодраматургиясының негізін қалаушы деп атады. «Қазақстан тарихындағы тұңғыш фильм – «Аманкелдінің» кинотуындысының сценарийін жазу үшін, Торғай даласында 4-5 ай зерттеу жүргізді. Тіпті кинода Би-ағаның балалары да ойнады. Бірақ ең қасіреттісі Алматы қаласында «Аманкелді» фильмі көрсетілетін туралы афишалар жарияланған күні кешке кеңес өкіметінің жаналғыштары Бейімбет Майлинді ұстап алып кетеді. Ал фильмнің титрінен Би-ағаның аты-жөні алынып тасталды», – дейді Ж.Табын.
Кездесу соңында қонақтарға 20-ғасырдың басындағы алаш зиялыларының 400-ден аса фотосуреттері топтастырылған «Алашорда» альбомы сыйға тартылды.
Айта кетейік, іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «Тарихтан тағылым» жобасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар