Путинге қазақ журналистерінен кім сұрақ қоя алады?
Путинге қазақ журналистерінен кім сұрақ қоя алады?
Қазақ журналистикасында елеулі еңбек сіңірген журналист Талғат Ешенұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне осындай сауал тастады. Бұл елдік намыс пен кәсіби журналистикада еңбек етіп жүрген әріптестерімізге тастаған салмақты сауал. Танымал журналистің "Абай.kz" сайтына жарияланған пікірін ұсынуды жөн көрдік.
Қазан айының ортасында Ресей Федерациясы Владимир Путин Қазақстанға ресми іссапармен келеді.
Ресей Қазақстанмен «ХХІ ғасырдағы мәңгілік достық, одақтастық декларациясына» қол қойған, біздің еліміздің «стратегиялық әріптесі» және Еуразиялық Одақтағы аға баласы. Мұның бәрі ресми құжаттармен рәсімделіп, бектіліп, қатталған. Сөйткен «мәңгілік достың» мемлекет басшысы «Селигердегі» жастар форумында «У казахов не было государственности никогда» деп салды. Салғанда сойылмен, қазақтың басынан, оңдыртпай салды. Оны қойшы, сойыл тимей жүрген бас емес. Сол-сол-ақ екен, биыл «Қазақ хандығының 550-жылдығы» екені біздің биліктің есіне түсіп, жалпақ жұртқа сауын айтып кеп жіберді. «Той десе қу бас домалайды», бірер күнде әулие Тараз жұртында жырғаймыз бір. Ал, «Қазақ мемлекеттігіне қанша жыл?» деген уақыттың, рухтың айқайы, жан айқайы жауапсыз қалды. Оны да қойшы, тарихи жадымыз мұндайға да үйреніп кетті. Бірақ, «айтылған сөз, атылған оқ» қой. Мұны енді жайына қоюға болмайды ғой. Осы сапар кезінде Путинге «Қазақтарда ешқашан мемлекет болған емес» деген пікірді неге сүйеніп айттыңыз? Сол үшін қазақ халқынан кешірім сұрамайсыз ба?» деген сұрақ қабырғасынан қойылуы керек. Путин түгілі туған президентінің маңын көрмейтін қалың қазақ бұл сұрақты қоя алмайды, әрине. Біз қоя алмаймыз, журналистикадан баяғыда кеттік, «бір жерде тілші едік» дейтіндей тілдей қағазымыз да жоқ. Қойса, президенттік пулға немесе екі президент өткізетін ортақ баспасөз конференциясына тіркелетін журналистердің бірі ғана қоя алады. Ондай журналист шығып, сондай сұрақты қойып жатса, шайға шақырып, қолын сүйер едім. Міне, осындай күйге де жеттік...
Талғат Ешенұлы
Abai.kz