201
Жансейіт Түймебаев: Туристердің саны 5 миллионға жетеді
Жансейіт Түймебаев: Туристердің саны 5 миллионға жетеді
– Бірер жылда Түркістан облысы сауда-саттығы қайнаған, тарихи, мәдени нысандарына саяхатшылар ағылған нағыз туризм орталығына айналады. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылған.
Мемлекет басшысы: «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Үкімет қысқа мерзімде салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауға тиіс», – деді. Мұндай шешім облысымызға келетін шетелдік туристердің санын еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы жарты жылдың өзінде Түркістанға 720 мыңға жуық адам сапарлады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өскен. Жақын арада облыс орталығына келетін 1 миллионыншы туристі күтетін боламыз. Түркістан облысында туризмді кешенді дамыту мақсатында 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Таяуда Түркістан қаласында Бірінші «Көне Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 19 шетел және қазақстандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 19 құжатқа қол қойылды.
Бұл Түркістандағы туризмді дамытуға бағытталған мысалдардың біреуі ғана. Ал жалпы, жан-жақты қолға алынып, түрлі жұмыстарды жүзеге асырудың нәтижесінде, яғни арнайы түзілген 2018-2025 жылдарға арналған туристік индустрияны дамыту тұжырымдамасы аясында облысқа келетін туристердің санын 5 миллионға жеткізу межеленіп отыр. Ол үшін жасалған жоспар көп. Мәселен, облыс орталығында тарихи этнотуризмді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Ол үшін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары түзілген. Жоспарға сәйкес, бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі – Күлтөбе қалашығы қайта жаңғыртылады. Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары, олардың жанындағы ортағасырлық үлгідегі мешіті және басқа да бірқатар нысандар толық қайта қалпына келтіріледі.
Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Ясауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай келетін әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал салу жоспарланып отыр. Туристерге сервистік қызметті жетілдіру мақсатында Түркістанда заманауи қонақүйлер мен демалыс орындарын ашуға инвесторлар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Бұл тұста Елбасының таяудағы облысымызға ресми сапарында отандық ірі кәсіпкерлер мен Ұлттық компанияларға Түркістанға бір-бірден қажетті ғимараттар мен мәдени-іскерлік нысандарды салып беруді тапсырғаны есімізде.
Елбасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды жүктей отырып, оның болжамды нәтижелерін де атап өтті. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Бұл тапсырма жаңадан құрылған Түркістан облысында кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына тың жол ашады.